November 28

«Адамдарға сондай бір заман таяп келеді: Исламнан оның тек аты ғана қалады. Құраннан оның тек жазуы ғана қалады. Мешіттері әдемі, салтанатты болады, бірақ тура жолға салудан алыс болады».

Хазіретті Әли (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Адамдарға сондай бір заман таяп келеді: Исламнан оның тек аты ғана қалады. Құраннан оның тек жазуы ғана қалады. Мешіттері әдемі, салтанатты болады, бірақ тура жолға салудан алыс болады. Сол заманның ғалымдары көктің астындағы ең жамандары болады: бүліктер солардан шығып, соларға қайтып оралады». Хадисті әл-Байһақи «Шуаб әл-Иман» кітабында келтірді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 276) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Адамдарға сондай бір заман таяп келеді) – сол уақыттың адамдарының азғындауына байланысты бұзылған, қиын кезең келеді: (Исламнан оның тек аты ғана қалады) – оның шынайы рәсімдері мен амалдары жоғалады (тек аттары ғана айтылады, мәні мен мазмұны орындалмайды). (Құраннан) – Құранның ілімдері (үкімдері) мен тәрбиелік мағыналары жойылып, (оның тек жазуы ғана қалады) – адамдарда Құранның сыртқы көрінісі ғана қалады: Құранды оқиды, жазады, бірақ мұны ілім алуға және (амал етіп) құлшылыққа пайдалану ниетімен емес, тек әдет және сыртқы рәсім ретінде жасайды.

Ат-Тыйби айтты: «Бұл жерде Құранның «жазуы», ал Исламның «аты» ғана қалады деп сілтеме жасалуының өзінде мән бар. Құранның тек «жазуымен» шектелуі — адамдар Құранның мағынасын ұғып, оның бұйрықтары мен тыйымдарына бойсұну орнына, тек әріптердің шығу орындарын дұрыс айтуға, тәжуидке және әуезді оқуға ғана мән беретінін білдіреді.

Ал Исламға келсек, онда «аты» ғана қалады, ал оның мазмұны мен мәні жойылады. Мысалы, Аллаһтың жаратқан пенделеріне мейірім көрсету үшін парыз етілген зекет амалы жоғалып, оның ізі де, белгісі де қалмайды. Көпшілік адамдар намаздан ғапыл, намаздарын тәрк еткен, ал оларды жақсылыққа шақырып, намазды орнатуға үндейтін немесе жамандықтан тыятын ешкім болмайды».

Мен (Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди) айтамын: «Құранның «жазуына» қатысты айтылуының мәні – оның сөздерін жазудағы әдептерді сақтау сияқты, «расм» ғылымына кіретін барлық ережелер. Бұл – Құран ілімдерінің бір саласы, ал бұл ілім қазіргі заманда жойылып кетті».

(Мешіттері әдемі, салтанатты болады) яғни, биік салынған ғимараттар, әшекейленген қабырғалар, жарқыраған шамдар, төселген кілемдер, сондай-ақ харам малмен күнелткен, ілімі жоқ имамдар мен азаншылардың қызметке қойылуы сияқты сыртқы көріністерді ғана болады, (бірақ тура жолға салудан алыс болады) яғни, шынайы туралықтан, хидаяттан немесе туралыққа бастайтын адамдардан жұрдай болады. Өйткені тура жолға бастаушы болса, һидаят та болады.

Бұл екі түрлі мағына беруі мүмкін:

  1. Мешіттердің қаңырауы – ішінде адамдарға дінде пайдалы ілім беретін, жақсылыққа нұсқайтын шынайы жетекшілердің болмағанынан.
  2. Немесе мешіттің қаңырауы – ондағы бұзық жетекшілердің болуынан; олар өздерінің бидғаттары мен адасушылықтарымен адамдарды тура жолдан тайдырады. Олардың «жетекші» деп аталуы – мазақ түрінде.

Сондықтан хадисте бұдан кейін: (Сол заманның ғалымдары көктің астындағы ең жамандары болады) делінді. Яғни, жер бетіндегі ең жаман қауым.

Әс-Сәйид айтты: «Олардың мешіттерінің әдемі, салтанатты болуы – сыртқы құрылыс пен көріністің салтанаттылығы. Ал “һидаяттан қаңырауы” – намаздың, жамағаттың, азанның, шамдардың, құлшылық рухының жоқтығынан. Мұның бәрі адамның һидаят табуына себеп болуы тиіс еді, сондықтан ол “һидаят” деп аталды».

(бүліктер солардан шығып) яғни, адамдар үшін бүліктің солардан тарайтыны, өйткені ғалымның бұзылуы – ғаламның бұзылуы.

(соларға қайтып оралады») ат-Тыйби айтты: «Бұл тіркестің мағынасы Құрандағы ﴾біздің дінімізге біржола қайтасыңдар﴿ деген аяттағы құрылымға ұқсайды... Яғни — олардың шығаратын бұзығы, зияны қайта өздеріне орнығып, толық билеп алады дегенді білдіреді».