Итті сату және сатып алу мәселесі.
Мухаммад ибн Рафиғ бізге Абдурраззақтан, ол Мағмардан, ол Яхия ибн Әби Кәсирден, ол Ибраһим ибн Абдуллаһ ибн Қаризден, ол Саиб ибн Язидтен, ол Рафиғ ибн Хадижден Аллаһ Елшісінің ﷺ мына сөзін жеткізді:
«Қан алушының (хижама жасаушының) табысы — лас, жезөкшеліктен түскен ақы — лас, итті сатудан түскен ақша — лас».
«Бұл тақырыпта Омардан, Ибн Масғудтан, Джәбирден, Әбу Һурайрадан, Ибн Аббастан, Ибн Омардан және Абдуллаһ ибн Джағфардан да хадистер жеткен.
Рафиғтың хадисі — хасан-сахих.
Ғалымдардың көпшілігі осы хадиске сай амал етіп, итті сатудан түскен ақыны мәкруһ санаған. Бұл — Шафиғи, Ахмад және Исхақтың пікірі.
Ал кейбір ғалымдар аңшы итті сатуға рұқсат берген».
1. Имам Кәмәл Ибн әл-Һумам әл-Ханафи өзінің әйгілі «Фатху әл-Қадир» (6\346) кітабында айтты:
Имам әл-Марғинани оған екі тұрғыдан қарсы дәлел келтірген. Біріншісі — Пайғамбардың ﷺ аңшы ит пен мал бағатын иттен басқа иттерді сатуға тыйым салғаны туралы риуаят. Алайда дәл осы сөздермен келген риуаят — ғариб.
Иә, әт-Тирмизи Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар ﷺ аңшы иттен басқа иттерді сатудан түскен ақыны алуға тыйым салды», — деген риуаятты келтіріп, оны әлсіз деп бағалаған. Ол: «Бұл Джәбирден де Пайғамбарға ﷺ телініп риуаят етілген, бірақ оның иснады сахих емес. Ал сахих хадистерде мұндай ерекшелік жоқ», — деген.
Алайда Әбу Ханифа өзінің «Муснадында» Һайсамнан, ол Икримадан, ол Ибн Аббастан (Аллаһ екеуіне разы болсын): «Аллаһ елшісі ﷺ аңшы итті сатудан түскен ақыны алуға рұқсат берді», — деген риуаятты жеткізген. Мұның иснады жақсы. Өйткені Ибн Хиббан Һайсамды «әс-Сиқат» кітабында табиғиндердің сенімді, риуаятты берік жеткізушілерінің қатарында атаған.
Демек, олардың ұстанымы бойынша, бұл хадис жалпы үкімді нақтылауға жарайды. Нақтылаушы дәлел жалпы мәтінмен не көзделгенін түсіндіретіндіктен, олардың пікірінше, ол жалпы мәтіннен дәлелдік күші жағынан төмен болса да, онымен нақтылауға болады. Тіпті олар мағынасы кесімді жалпы мәтінді әуел бастан ахад хабармен нақтылауға рұқсат берген. Осылайша, олардың ит сатуға тыйым барлық итті қамтиды деген тұжырымы теріске шығады.
Одан кейін жалпы үкімнен ерекшелеуші дәлелдің негізіндегі себеп анықталып, сол себеп арқылы басқа жағдайлар да жалпы үкімнен шығарылады. Аңшы иттің тыйымнан шығарылу себебі айқын: ол — пайдаға жарайтын ит. Ал тек аң аулауға арналған болуының жеке ерекшелігі есепке алынбайды, өйткені үкімді тек сонымен шектеуге негіз көрінбейді.
Сөйтіп, аң аулауға, күзетуге немесе мал бағуға пайдаланылсын, пайдаға жарайтын ит жалпы тыйымнан тыс болады.
2. Ғұлама имам Сираджуд-Дин Әбу Хафс Умар әл-Ғазнауи әл-Ханафи өзінің әйгілі «әл-Ғуррату әл-Мәнифа» кітабында (89-90 бетте) айтты:
Мәселе: Үйретілген аңшы және күзетші итті сату Әбу Ханифаның пікірінше рұқсат, ал Шафиғидің пікірінше рұқсат емес.
Әбу Ханифаның дәлелі: Пайғамбар ﷺ: «Аңшы ит пен мал бағатын иттен басқа иттерді сатуға тыйым салды».
Ат-Тахауи Амр ибн Шуғайбтан, ол әкесінен, ол атасынан жеткізген риуаятта Абдуллаһ ибн Амрдың (Аллаһ оған разы болсын) аңшы итті өлтірген адамға қырық дирһам өтем төлеуді міндеттегені айтылған.
Сондай-ақ ат-Тахауи Атаадан: «Итті сатудан түскен ақыны алудың оқасы жоқ», — деген сөзді жеткізген. Ал Атааның өзі Пайғамбардан ﷺ итті сатудан түскен ақының харам табысқа жататынын риуаят еткен. Риуаятшының өзі жеткізген риуаятқа қайшы пәтуа беруі оның көзқарасында сол үкімнің күші жойылғаны анықталғанын көрсетеді.
Ат-Тахауи Ибн Шиһабтан да: «Ит өлтірілсе, оның құны бағаланып, өлтірген адам сол құнды өтейді», — деген сөзді жеткізген. Міне, әз-Зуһри итті сатудан түскен ақының харам табысқа жататынын риуаят ете тұра, осылай деген. Демек, бұл оның көзқарасында тыйымның күші жойылғанын көрсетеді.
Ибраһимнен: «Аңшы итті сатудан түскен ақыны алудың оқасы жоқ», — деген сөз жеткен. Мәликтің үйретілген аңшы итті, егін күзететін және мал бағатын итті сатуға рұқсат бергені де риуаят етілген. Сондай-ақ Османның (Аллаһ оған разы болсын) үйретілген аңшы итті мәһір ретінде беруге рұқсат етіп, оны өлтірген адамға жиырма түйе өтем төлеуді міндеттегені жеткізілген.
Өйткені ит — күзетуге және аң аулауға пайдаланылатын мүлік. Аллаһ Тағала: ﴾Оларға былай деп айт: «Сендерге таза әрі денсаулыққа зиянсыз азық атаулының бәрі адал етілді. Аллаһтың өздеріңе үйреткені бойынша аң аулауға баулыған жануарларыңның өздеріңе ұстап әкелгендерін жеңдер. Оларды аңға салғандарыңда, «бисмиллә» деп Аллаһтың атын атаңдар﴿ — деген («әл-Мәида» сүресі, 4-аят).
Сондықтан итті сату қабылан мен аңшы қаршығаны сатуға қияс етіліп, рұқсат саналады. Оларды біріктіретін негіз — қажеттілікті өтеу. Итке қажеттілік бар әрі адамдар оны ақысыз беруге қимайтындықтан, оны тек ақысына ғана алуға болады. Осы себепті оны сатуға рұқсат беру қажеттілігі туындайды.
Шафиғидің дәлелі: Пайғамбардың ﷺ: «Итті сатудан түскен ақша — лас» , — деген сөзі. Демек, ол харам болады. Өйткені Аллаһ Тағала: ﴾лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады﴿, — деген («әл-Ағраф» сүресі, 157-аят).
Жауап: Бұл хадис Исламның алғашқы кезеңіне қатысты деп түсіндіріледі. Сол кезде адамдарды әдетке айналдырған ит ұстаудан арылту көзделген. Осыған байланысты иттерді өлтіру және ит жалаған ыдысты жеті рет жуу бұйырылған. Кейін олар ит ұстау әдетін тастаған кезде, әлгі тыйымның күші жойылған.
Өйткені біз жеткізген хадис арқылы аңшы ит жалпы тыйымнан шығарылған. Сондықтан басқа пайдалы иттерді де соған қияс жасап, жалпы тыйымнан шығарамыз.
3. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи өзінің әйгілі «әл-Биная шарх әл-Һидая» (7\486) кітабында айтты:
Шафиғи дәлел ретінде келтірген жоғарыдағы хадис, “алғашқы кезеңге қатысты деп түсіндіріледі”, яғни Исламның бастапқы кезеңіне қатысты.
Мұның түсіндірмесі — Ибраһимнен жеткен мына риуаят. Ол: “Пайғамбардың ﷺ аңшы итті сатудан түскен ақыны алуға рұқсат бергені риуаят етілген”, — деген. Бұл бұған дейін тыйым болып, кейін оның күші жойылғанын көрсетеді.
Адамдар ит ұстауға әбден дағдыланған еді. Иттер қонақтар мен бөтен адамдарға зиян келтіретін болғандықтан, оларды ұстауға тыйым салынды...
Бұл оларға ауыр тиді. Сондықтан қалыптасқан әдеттен қатаң тыю мақсатында иттерді өлтіру бұйырылып, оларды сатуға тыйым салынды. Кейін пайдаға жарайтын иттерді сатудан түскен ақыны алуға рұқсат берілді. Демек, Шафиғи риуаят еткен (итті сатуға тыйым туралы) хадис бастапқы кезеңге қатысты болған.
4. Шейх Рашид Ахмад әл-Кәнкуһи әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «әл-Кәукәб әд-Дурри әлә Джәмиғ әт-Термизи» кітабында (1276-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Шафиғидің мәзһабы бойынша, итті сату барлық жағдайда тыйым салынған. Ал жоғарыда аталған кейбір ғалымдардың пікірінше, аңшы иттен өзге иттерді сатуға тыйым салынған. Имамның мәзһабы бойынша, итті сатуға барлық жағдайда рұқсат етіледі.
Себебі, бұған дейін айтылғандай, итті сатуға тыйым иттерді өлтіру бұйырылып, оларды ұстауға тыйым салынған кезде қойылған еді. Кейін ит ұстауға рұқсат берілгенде, оларды сатуға қатысты тыйымның күші жойылды. Немесе бұл тыйым мысықты сатудан түскен ақшаға қатысты тыйым секілді, мәкруһ тәнзиһиті білдіреді.
5. Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» кітабында (1276-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Осы тараудағы хадис пайдасы жоқ итті сатудан түскен ақының харамдығына қатысты деп түсіндіріледі. Ал мал бағуға, күзетуге және аң аулауға пайдаланылатын иттер бұл үкімнен тыс. Өйткені мұндай ит шариғат бойынша құны бар мүлік саналады, сондықтан оны сатуға да, ақысын алуға да рұқсат етіледі.
Пайғамбардың ﷺ аңшы итті сатудан түскен ақыны алуға рұқсат бергені риуаят етілген. Сондай-ақ Османның (Аллаһ оған разы болсын) бір әйелдің итін өлтірген адамға жиырма түйе өтем төлеуді міндеттегені жеткізілген. Біздің мәзһаб ғалымдары да осы пікірді ұстанады.
Пақыр аудармашыдан ескертпе: Қазіргі кезде төбелестіру үшін немесе үйде тек үй жануары ретінде ұсталатын иттерді сатуға да, сатып алуға да бірауыздан рұқсат етілмейді.