«Менің отбасым мені бір кесе сумен Умму Сәламаға жіберді. Егер адам көз тиіп немесе басқа нәрсеге шалдықса, оған ыдыспен жіберетін...»
Усман ибн Абдуллаһ ибн Мәуәһиб айтты: «Менің отбасым мені бір кесе сумен Умму Сәламаға жіберді. Егер адам көз тиіп немесе басқа нәрсеге шалдықса, оған ыдыспен жіберетін. (Умму Сәләмә келген адамға) ішінде Аллаһ Елшісінің ﷺ шашы бар ыдыс алып шығатын. Мұны күміс қоңырауда сақтайтын. Ыдысты шайқап жіберіп, одан ішеді. Мен күміс ыдыстың ішінен күреңдеу шаштар көрдім» (Бухари).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4568) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
(«Менің отбасым мені бір кесе сумен Умму Сәламаға жіберді) яғни, шаруамен жіберді; (Егер адам көз тиіп немесе басқа нәрсеге шалдықса) яғни, көз тисе немесе басқа ауруға шалдықса; (оған) яғни, Умму Сәләмаға; (ыдыспен) яғни, бұл жердегі ыдыс, дұрыс көзқарас бойынша, леген. Киім жуатын ыдыс деп те айтылған; (жіберетін) яғни, сол ауырып қалған адамды жіберетін; Умму Сәләмә келген адамға (ішінде Аллаһ Елшісінің ﷺ шашы бар ыдысты шығаратын) яғни, Пайғамбарымыздың ﷺ кейбір шарапатты шаштарын шығаратын; (мұны) яғни, Пайғамбардың ﷺ шарапатты шаштарын; (күміс) әт-Тыйиби айтты: «Бұл жерде күмісті пайдалану (Пайғамбардың ﷺ шарапатты шашына) құрмет пен дәріптеу белгісі ретінде, Қағбаны жібекпен жапқаны секілді»; (қоңырауда сақтайтын) яғни, кіріспеде «Әл-Мәшәриқ уә әл-Муталиғ» мен «ән-Ниһая» кітабының авторлары бұл сөзді түсіндірмеді. Менің ойымша, бұл малдың мойнында ілулі тұратын кішкентай қоңырау. Бұл сұңқардың аяғына да ілетін қоңырау болуы мүмкін. Сөздік авторы кішкентай қоңырау екенін айтқан. Сонда бұның мағынасы, қашан шашты шығарса, қоңырау дыбыс шығарады. Сонда қоңырау қобдиша тәрізді пайдалынылып, оның ортасына Пайғамбардың ﷺ шарапатты шашы салынады. Кішкентай қоңырауды төңкеріп қойып қобдиша ретінде қолданған көрінеді; (Ыдысты шайқап жіберіп) яғни, ішіндегі суды шайқап; (одан ішеді) яғни, ауырып тұрған адам ішеді; (Мен күміс ыдыстың ішінен) яғни, Усман (күреңдеу шаштар көрдім) яғни, туа біткеннен (күрең түсті) немесе ағарған немесе қынаға боялғаннан немесе хош иісті зат себепті өзгерген».