Yesterday

Қараңдар, мырзаларың не дейді! Расында, ол – қызғаншақ жан. Мен одан да қызғаншақпын. Ал Аллаһ – бәрімізден де қызғаншақ!

Хазіретті Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте айтты: Сағд ибн Убадә (Аллаһ одан разы болсын) айтты: «Егер мен әйелімнің қасында бір еркекті көріп қалсам, төрт куәгер болмайынша, оған тиіспеймін бе?!». Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: «Иә», – деді. Сағд: «Жоқ, ант етейін, Сені шындықпен жіберген Аллаһпен ант етем, мен ол еркекті көзіммен көрсем, төрт куә болғанша, оны қылышпен шауып тастар едім!» – деді. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Қараңдар, мырзаларың не дейді! Расында, ол – қызғаншақ жан. Мен одан да қызғаншақпын. Ал Аллаһ – бәрімізден де қызғаншақ!». Хадисті имам Муслим риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3308) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Сағд ибн Убадә (Аллаһ одан разы болсын) айтты: «Егер мен әйелімнің қасында бір еркекті) яғни, бөтен ер адамды (көріп қалсам) яғни, тапсам, (төрт куәгер болмайынша, оған тиіспеймін бе?!») яғни, «Оны ұрмаймын да, өлтірмеймін бе?» (Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: «Иә», – деді. Сағд: «Жоқ, ант етейін, Сені шындықпен жіберген Аллаһпен ант етем, мен ол еркекті көзіммен көрсем, төрт куә болғанша, оны қылышпен шауып тастар едім!» – деді) яғни, «куәгер іздеуге дейін сабыр етпей, бірден жазасын берер едім». Имам ән-Нәуәуи айтты: «Хазіретті Сағдтың «Жоқ!» деуі — Пайғамбарымыздың ﷺ үкімін теріске шығару емес. Ол тек өз нәпсісінің ондай сәттегі күйін баяндаған, себебі ол кезде адамды ашу мен қызғаныш билейді». (Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Қараңдар) яғни, тыңдаңдар, құлақ түріңдер, зейін қойыңдар, (мырзаларың не дейді!) Мирк айтты: «Бұл сөз кейбір сенімді әрі танымал риуаяттарда «мырзаларың» деп келген, ал «әл-Кәшшаф» авторы көп риуаяттарда «мырзамыз» деп келгенін айтқан». (Расында, ол – қызғаншақ жан). Пайғамбардың ﷺ Сағдты ақтауы, яғни оның ар-намыс және қызғанышпен айтқан сөзін түсіндіру. Бұл жерде «мырза» сөзі арқылы қызғаныш – құрметті, арлы адамдардың сипаты екеніне ишарат бар. (Мен одан да қызғаншақпын. Ал Аллаһ – бәрімізден де қызғаншақ!»).

Әл-Мазһар айтты: «Сағдтың Пайғамбарымызға ﷺ қарсы сөйлеуі – шариғи үкімді жоққа шығару емес, бәлкім, жеңілдік (рухсат) беріле ме деп үміттеніп айтқаны еді. Бірақ Аллаһ Елшісі ﷺ мұндайға рұқсат етпеген соң, Сағд үндемей бойсұнды».

«Ән-Ниһая» кітабында: «(Мәтіндегі) «ғайра» (қызғаныш) – бұл намыс пен ішкі ашу. Ал «ғайуур» – бұл «қызғаншақ» дегеннің әсіре-мекем түрі. Сөз құрылысы жағынан «шакур» (шүкір етуші), «кафур» (күпір қылушы) секілді әсірелеу мағынада».

«Шарх әс-Сунна» кітабында: «Аллаһ Тағаланың қызғанышы – тыйым салу. Аллаһ – «Ғайуур», яғни күнәлардан тыйып, қатаң түрде тыюшы. Себебі қызғаныш – адамның өз жақындарына жағымсыз нәрсе тиіп жатқанын көргенде пайда болатын ашу-ыза. Ал бұл сипат Аллаһу Тағалаға тура мағынасында тән емес»».