October 3

«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, (Аллаһ) ол адамға он рет салауат айтады, он қателігі түсіріліп, он дәрежеге көтеріледі».

Хазіретті Әнас жеткізген хадисте айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, (Аллаһ) ол адамға он рет салауат айтады, он қателігі түсіріліп, он дәрежеге көтеріледі». Хадисті ән-Нәсәи жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 922) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, (Аллаһ) ол адамға он рет салауат айтады) Ибн әл-Мәлик айтты: «Аллаһтың құлына салауаты – Оның рақымы мен мейірімі», (он қателігі түсіріліп) яғни, Аллаһ ол күнәларды өшіріп, жасырып, кешіреді. "Кешіріледі" дегеннің орнына "түсіріледі" деген сөздің қолданылуы – хадистегі (он дәрежеге көтеріледі») деген сөйлемге қарама-қарсы реттілікті сақтау үшін таңдалған болуы мүмкін.

Ат-Тыйби айтты: «Адамның салауаты – бұл Пайғамбарымызға ﷺ деген ұлықтау мен мадақ тілеу. Ал Аллаһтың салауаты – егер оны кешірім мағынасында түсінсек, онда бұл тек сөздік жағынан сәйкестік болады. Ал егер оны мадақтау мағынасында алсақ, онда хадистің толық мағынасына сай келеді. Бұл екінші мағына – дұрысырақ, өйткені хадисте «күнәсі кешіріледі» деп бөлек айтылып тұр. Сондықтан Аллаһтың салауаты сол кешірімді білдірмейді, қайта басқа – мадақтау мағынасын береді. Хадистегі "он рет" деген сандар нақты шектеу емес, бұл – Аллаһтың кең рақымынан, көп сауап беруінен үміттендіретін бір мысал деп түсіндіріледі».

(Хадисті ән-Нәсәи жеткізді). Мирак айтты: «Бұл хадисті Ибн Хиббан мен әл-Хаким де өздерінің сахих жинақтарында келтірген».

Имам ән-Нәсәи және басқа мухаддистер мынадай риуаятпен жеткізген: «Мүмин құл мені еске алып, маған салауат айтса – Аллаһу Тағала ол үшін он сауап жазып, он күнәсін өшіріп, дәрежесін он саты көтермей қоймайды». Бұл хадистің иснады (риуаят тізбегі) – хасан (жақсы дәрежеде). Сондай-ақ бұл хадистің көптеген риуаят жолдары бар – олардың кейбірі сахих (сенімді), кейбірі хасан (жақсы)».