﴾Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз﴿.
﴾Анығында, адам баласын Біз жараттық, міне, сондықтан, нәпсісінің оған үнемі не сыбырлап, көкейіне қандай ойлар салатынын жақсы білеміз. Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз﴿ («Қаф», 16 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Бұл аяттағы Раббының құлға жақындығынан құлдың Аллаһқа жақындығы түсініледі. Ал құлдың Аллаһқа жақындығы – Оған мойынсұнуы, әмірлерін орындауы, бағыныштылығы және кішіпейілдігі арқылы болады. Міне, құлдың Аллаһқа жақындығы дегеніміз – осы. Басқа еш нәрсе емес. Осыған сай, Аллаһтың құлға жақындығы – Оның дұғасына жауап беруі, көмек беруі, жәрдем көрсетуі және құлды ғибадатқа жетелеуі болып табылады.
Сондықтан адамдар: «Пәленше пәленшеге жақын» дегенде, олардың бір-біріне мекен тұрғысынан жақын екенін айтпайды, қайта «оны қолдаушы, оған көмектесуші, оның өтінішіне жауап беруші» дегенді меңзейді.
Сондай-ақ, Аллаһтың құлға жақын болуы оның барлық жағдайын – іші-сыртқы дүниесін білуінің ишарасы болуы да мүмкін. Аллаһ жақсырақ біледі.
Негізінде, «жақындық» сөзін әр жағдайға байланысты түсіну керек:
– Егер сұрау (дұға) жайында айтылса, онда «жақындықтың» мағынасы: Аллаһ оның дұғасына жауап береді. Мысалы, Аллаһу Тағала: ﴾Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын﴿ («Бақара» сүресі, 186-аят) деген.
– Егер құл жасырған нәрселер, ойына алған сырлары жайында айтылса, онда «жақындықтың» мағынасы: Аллаһ оның барлығын біледі. Мысалы: ﴾Үш кісі жасырын бас қосып құпия сыбырласса, сөзсіз, олардың төртіншісі Аллаһ болмақ﴿ («Мужәдәлә» сүресі, 7-аят). Осыған сәйкес: ﴾Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз﴿ және ﴾Біз оған сендерден де жақынбыз, алайда сендер оны көрмейсіңдер﴿ («әл-Уақиға» сүресі, 85-аят) деген аяттардан жәрдем, қолдау немесе (Аллаһтың) білімі түсініледі.
Сондықтан: ﴾Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз﴿ деген сөз – «Оны бәрінен артық білемін, Оған қолдау көрсетуге, дұғасына жауап беруге басқадан гөрі Мен лайықтырақпын» деген мағынада. Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі.
Сол сияқты, Пайғамбар ﷺ жеткізген Аллаһтың сөзі: «Кім Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын» (хадис, Бұхари, 7537) – біздің айтқанымызға сәйкес, яғни құлдың Аллаһқа жақындауы – Оның әмірлерін орындау арқылы, ал Раббының құлға жақындығы – көмек, жәрдем арқылы. Бұл – мекен тұрғысынан жақындық емес. Күш-қуат тек Аллаһтан.
«Күре тамыр» жайында: кейбіреулер – ол мойындағы тамыр деді; басқалар – жүрек пен өңештің арасындағы тамыр деді; тағы басқалар – жүрекке байланып тұрған тамыр деді. Егер ол кесілсе, адам өледі. Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі».