August 17

﴾Мұса оттың жанына келгенде: «Уа, Мұса!» – деген дауыс естілді﴿ («Таһа» сүресі, 11-14 аят).

﴾Мұса оттың жанына келгенде: «Уа, Мұса!» – деген дауыс естілді. Әлгі дауыс оған: «Біліп қой! Мен сенің Раббыңмын! Аяғыңдағы кебісіңді шеш, өйткені сен қасиетті Туа алқабында тұрсың». «Мен сені таңдадым. Ендеше, өзіңе берілетін уахиге жақсылап құлақ ас». «Мен Аллаһпын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ! Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!»﴿ («Таһа» сүресі, 11-14 аят).

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«﴾Мұса оттың жанына келгенде: «Уа, Мұса!» – деген дауыс естілді﴿ яғни, уахи арқылы шақыру естілді. ﴾Әлгі дауыс оған: «Біліп қой! Мен сенің Раббыңмын! Аяғыңдағы кебісіңді шеш﴿ кейбіреулер: «Оған аяқ киімін шешуді бұйырғанының себебі – оның аяқ киімдері өлексе терісінен жасалған болатын» – деген. Басқалары: «Аяқ киімін шешуді бұйыруының себебі – оның табаны ол қасиетті жазықтың берекесіне тисін немесе оның құт-берекесін алсын деген» – деген. Тағы біреулер: «Бұл бұйрық – Аллаһқа кішіпейілдік пен мойынсұнушылық үшін еді. Өйткені аяқ киім кию кейде мақтаншақтық пен сәнқойлық түрінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан Аллаһ оған оны шешуді бұйырды, кішіпейіл әрі құлшылыққа жақынырақ болу үшін» – деген.

Бізге оның аяқ киімін не үшін шешуге бұйырылғанын белгісіз және мұны тәпсірлемейміз. Өйткені Аллаһу Тағала оған аяқ киімін шешуді ешқандай мағынасыз да бұйыра алады. Сондықтан біз: «Оған осы үшін бұйырды» немесе «бәлкім басқа мән үшін бұйырған болар» немесе «ешқандай мән үшін емес» деп айтпаймыз. Себебі мұндай сөздер Аллаһ Тағалаға атынан сөйлегенмен тең.

Ал Аллаһ Тағаланың ﴾өйткені сен қасиетті Туа алқабында тұрсың»﴿ деген сөзіне келсек: «қасиетті» дегені – «киелі, таза» деген мағынада. Мүмкін, оны «таза» деп атағаны – онда Аллаһтан өзге ешкімге құлшылық жасалмағандықтан немесе ол жерге ерекше бір артықшылық берілгендіктен, мысалы, құлшылықтың қадірлі орындары сияқты: мешіттер, Харам аймағы және басқа қасиетті жерлер.

Аллаһ Тағаланың ﴾«Мен сені таңдадым﴿ деген сөзі – не пайғамбарлық пен елшілікке таңдалуы, не басқа нәрселермен ерекшеленуі, мысалы, Аллаһтың ﴾Осылай сені Өзіме таңдадым﴿ («Таһа», 41-аят) дегені сияқты. Сондай-ақ басқа бір аятта ﴾Шүбәсіз, ол Аллаһтың таңдаулы да ықыласты еткен хас құлы﴿ («Мәриям» сүресі, 51-аят) деген. Яғни Аллаһ оны Өзінің ықыласына бөледі, түрлі қасиеттермен ерекшелендірді.

Аллаһу Тағаланың ﴾Ендеше, өзіңе берілетін уахиге жақсылап құлақ ас﴿ деген сөзі – ﴾«Уа, Мұса!» – деген дауыс естілді﴿ деген шақыру уахи арқылы болғанын көрсетеді.

Аллаһу Тағаланың: ﴾«Мен Аллаһпын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ! Олай болса, Маған құлшылық қыл﴿ деген сөзі – анық әрі айқын. Аллаһ елшілеріне ең алдымен осыны бұйырған.

Аллаһу Тағаланың: ﴾һәм Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!»﴿ деген сөзі – «Мені еске алушы болуың үшін намазы оқы» деген мағынада. Өйткені мүміннің Раббысын еске алуының ең көп орындалатыны – намазда. Себебі намаздың басынан аяғына дейінгі барлығы Аллаһты зікір ету болып табылады. Сондықтан намаз «Раббымен сырласу» деп аталған».