«Жәннат аналардың табанының астында».
Муғауия ибн Жәһимадан риуаят еткен хадисте, Жәһима Пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Аллаһ Елшісі, мен әскери жорыққа шыққым келеді және сізбен кеңесуге келдім. Пайғамбар ﷺ: «Сенің анаң бар ма?», - деді. Ол: «Иә» – деді. Сонда Пайғамбар ﷺ айтты: «Олай болса қасында бол, өйткені жұмақ оның аяғының астында». Хадисті Ахмад, ән-Нәсаи және әл-Бәйһақи «Шуғаб әл-Иман» кітабында жеткізген.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4939) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Муғауия ибн Жәһимадан риуаят еткен хадисте): Ол әкесінен және одан Талха бин Убайдуллаһ риуаят етті. Бұл туралы автор сахабалар тарауында айтқанымен, әкесін атамаған, (Жәһима ) бұл ибн әл-Аббас ибн Мирдас әс-Сәлмий делінген (Пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Аллаһ Елшісі, мен әскери жорыққа шыққым келеді және сізбен кеңесуге келдім. Пайғамбар ﷺ: «Сенің анаң бар ма?», - деді. Ол: «Иә» деді. Сонда Пайғамбар ﷺ айтты: «Олай болса қасында бол, өйткені жұмақ оның аяғының астында») яғни, бұл – оған қызмет етуді, оған қамқорлық жасауды және қасында болуды өзіңе міндет ет деген сөз, (өйткені жұмақ) яғни, әл-Хаким Әбу Мусадан риуаят еткендей: «Жәннат қылыштың көлеңкесінде» деп айтылса да, жәннатқа анаға қызмет ету арқылы да жетуге болады (оның аяғының астында»). Өйткені әл-Хатибтың «әл-Бәдиғ» кітабында Анастан келген риуаятта: «Жәннат – аналардың аяқтарының астында» деп айтылған.
Әт-Тыйби айтты: ««Жәннат – оның аяғының астында» деген сөз, Аллаһу Тағаланың: ﴾Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол﴿ деген сөзі іспеттес. Яғни, аналарға толықтай мойынсұнушылық пен кішіпейілділік таныт дегенді білдіреді». Бәлкім, Аллаһ Елшісі ﷺ ол адамның анасының жағдайын жақсы білгендіктен, оған жиһадқа барудан гөрі анасының қасында болуды бұйырды. Өйткені дәл сол кезде ол үшін ең абзал амал – анасына қызмет ету еді.
(Хадисті Ахмад, ән-Нәсаи және әл-Бәйһақи «Шуғаб әл-Иман» кітабында жеткізген). Әл-Мунзири айтты: «Хадисті дәл осы сөзбен Ибн Маджа мен ән-Нәсаи жеткізген. Әл-Хаким айтты: «Оның жеткізу тізбегі – сахих», – деді.Ат-Табарани бұл мағынаны мынадай жақсы иснады бар риуаятпен келтірген: «Мен Пайғамбарға ﷺ жиһад мәселесі бойынша кеңес сұрап бардым. Пайғамбар ﷺ: «Ата-анаң бар ма?», - деді. Мен: «Иә» – дедім. Ол: «Онда солардың қасында бол. Өйткені жәннат – олардың аяқтарының астында», - деді».
Бәлкім, алғашқы риуаятта жәннатты тек анамен шектеудің себебі – анаға қызмет ету әкеге қызмет етуден абзал екенін білдіру болса керек. Осы себепті басқа бір хадисте жәннатқа ата-анаға қызмет ету арқылы кірілетіні айтылса да, бұл риуаятта: «Жәннат – аналардың аяқтарының астында» деп, жәннатқа жетер жол тек ана арқылы көрсетілген».