August 20

«Егер ер адам әйелін төсегіне шақырып, әйелі одан бас тартып, күйеуі оған ренжулі күйде түнейтін болса, таң атқанға дейін періштелер лағынет айтады».

Хазіретті Әбу Һурайра, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Егер ер адам әйелін төсегіне шақырып, әйелі одан бас тартып, күйеуі оған ренжулі күйде түнейтін болса, таң атқанға дейін періштелер лағынет айтады». Хадисті имам Бухари мен Мүслім риуаят еткен. Тағы бір риуаятта: «Жаным қолында болған Аллаһпен ант етемін! Егер ер кісі әйелін төсегіне шақырып, әйелі одан бас тартатын болса, көктегі оған күйеуі разы болғанға дейін ашулы болады».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3246) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Егер ер адам әйелін төсегіне шақырып) — бұл сөзден төсектердің көп болуының рұқсат етілгеніне ишара бар. Сондай-ақ бұл – ерлі-зайыптылардың жақындасуына ишара ретінде айтылған болуы мүмкін. Аллаһу Тағала: ﴾Олар сендер үшін киім іспетті, сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)﴿ деген және бұл аятта жыныстық қатынас кезінде бүркенудің қажет екеніне де ишара етеді, (әйелі одан бас тартып) яғни, шариғи үзірсіз бас тартса, (күйеуі оған ашулы күйде түнейтін болса) яғни, әйеліне ренжулі күйде түнесе, ( таң атқанға дейін) кейбіреулердің айтуынша, лағынет тек таң атқанға дейін ғана жалғасады, өйткені одан кейін ер адам төсек қатынасынан уақытша тыйылатын жағдайларға тап болады деген. Ең дұрыс пікір бойынша, күндіз де лағынет жалғасады, кеш батқанға дейін. Бұл – толық мағынаны қысқа сөзбен жеткізу мысалы болып табылады, (періштелер лағынет айтады»): өйткені әйелі күнә болмаған істе күйеуіне мойынсұнуға бұйрылған. Былай деп те айтылған: «Етеккір – күйеуінің шақыруына жауап бермеу үшін (шариғи) үзір емес, өйткені көпшілік ғалымдардың айтуынша, күйеуі әйелінің белден жоғары ләззат алуына құқығы бар, ал кейбір ғалымдар жыныстық мүшеден басқа жерлерден ләззат алуды рұқсат еткен». (Хадисті имам Бухари мен Мүслім риуаят еткен) және Ахмад мен Әбу Дәуіт жеткізген.

(Тағы бір риуаятта) яғни, Бухари мен Муслмнің басқа риуаятында: («Жаным қолында болған Аллаһпен ант етемін!) яғни, Оның иелігінде, басқаруында және қалауында болған Аллаһпен ант етемін! (Егер ер кісі әйелін төсегіне шақырып, әйелі одан бас тартатын болса, көктегі) яғни, бұл – Оның әмірі мен үкімі немесе иелігі мен билігі дегенді білдіреді. Не болмаса, көкте құлшылық етілетін – Аллаһ. Аллаһу Тағала айтты: ﴾Ол көкте де (табынуға лайық) жалғыз Құдай, жерде де (табынуға лайық) жалғыз Құдай﴿ деген. Бұл хадисте тек жоғарлықты (яғни, «көкті») ғана атап өту – қадірі жоғары болғанын атау арқылы өзгесін де қамту (яғни, «көктегі» деп қана атауы – бүкіл әлемге Иелік ететін Аллаһты меңзеу үшін жеткілікті. Бұл – араб тіліндегі риторикалық тәсіл, яғни тек қадірлісін атап, жалпы мағынаны қамту). Сонымен қатар, мұнда көктің тұрғындары (яғни, періштелер) меңзелуі де мүмкін, өйткені (араб тілінде) кейбір сөз араб тілінде жекеше формада айтылса да, жалпылықты білдіруі мүмкін (яғни, көктегі деп жекеше түрде айтылғанымен, ол нақты бір ғана періште немесе бір ғана нысана емес, көктегілердің бәрін, яғни періштелерді түгел меңзеп тұр). Себебі бұл — бір нәрсені жалқы түрде айтып, бірақ соның бәрін меңзеу тәсілі. Осылай қарастырғанда, екі риуаяттың да арасында үйлесім бар. (оған күйеуі разы болғанға дейін ашулы болады») яғни, күйеуі разы болғанға дейін оған Раббы ашулы болады. Бұл ескерту нәпсі қалауын қанағаттандыру жайында айтылған. Ендеше, дінге қатысты істерде әйел қарсы келсе, жағдай қаншалықты ауыр болмақ?!».