﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа, пайғамбарына һәм елшісіне бірте-бірте түсірген Кітапқа, сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға иман келтіріңдер﴿.
﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа, пайғамбарына һәм елшісіне бірте-бірте түсірген Кітапқа, сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға иман келтіріңдер. Кімде-кім Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақирет күніне иланбай, күпірлік қылса, онда шүбәсіз, хақ жолдан мүлдем алыстап, қатты адасқан болады﴿ («ән-Ниса» сүресінің 136-аят).
Имам Ибн Кәмәл әл-Баша әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа, пайғамбарына һәм елшісіне бірте-бірте түсірген Кітапқа﴿ — яғни, Құранға. Өйткені ол кезең-кезеңімен түсірілген. Сол себепті бұл жерде «түсірді» деген етістік сол формада қолданылған. Бұл басқа кітаптардан ерекшеленеді, ﴾сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға﴿ — мұнда кітаптардың жалпы түрі меңзеліп тұр. Бірінші бөлікте түсірілген кітапты (яғни, Құранды) «елшісіне түсірген» деп көрсетіліп, әрі Аллаһтың өзіне қатысты етіп айтылуы — Пайғамбарды ﷺ дәріптеу мен құрметтеудің белгісі; ﴾иман келтіріңдер﴿ яғни, иман етуде табанды болыңдар. Бұл мұсылмандарға бағытталған.
Немесе: Тілмен иман келтіргендер, жүректеріңмен де шынайы түрде иман келтіріңдер. Бұл екіжүзділерге арналған.
Немесе: Барлық кітаптар мен пайғамбарларға жалпылама, толық иман келтіріңдер. Өйткені кейбіріне сеніп, қалғанын жоққа шығару — шынайы иман болып саналмайды. Бұл Кітап иелерінен иман келтіргендерге бағытталған. Бұған Ибн Сәләм және оның серіктері: «Біз саған, сенің кітабыңа, Мұсаға, Тәуратқа және Ұзайырға сенеміз, ал өзгелерін жоққа шығарамыз», — деген оқиға дәлел болады. Осы себепті бұл аят түскен. ﴾Кімде-кім Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақирет күніне иланбай, күпірлік қылса﴿ — яғни, осы айтылғандардың біреуін жоққа шығарса да. Бұл жерде оларды «түсірілген» деп сипаттау — бұл кітаптың барлығы біртұтас ақиқат екенін ескерту үшін. Яғни, олардың біреуіне сенбеу — барлығына сенбеумен тең, ﴾онда шүбәсіз, хақ жолдан мүлдем алыстап, қатты адасқан болады﴿ — яғни, тым шалғай кетіп, тура жолға қайтуы қиын болған адасушы».