September 7

Әйел киімінің (етек жағының) ұзындығы туралы.

Бізге Абдуллаһ ибн Мәсләмә, ол Мәликтен, ол Әбу Бәкр ибн Нәфиғтен, ол өзінің әкесінен, ол Суфия бинт Әбу Убайдтан жеткізген хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ «изар» (яғни, белден төмен тұратын киім — ер кісі үшін шалбар немесе ұзын көйлек, әйел үшін — юбка тәрізді киім) туралы сөз қозғағанда, жұбайы Умм Сәләмә: «Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ, әйел ше?» – деп сұрады. Пайғамбар ﷺ: «Бір сүйемге ұзартсын», – деді. Умм Сәләмә: «Онда денесі ашылып кетуі мүмкін ғой», – деді. Сонда Пайғамбар ﷺ: «Онда бір білек ұзартсын, бірақ одан асырып жібермесін», – деді».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (4117-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Бізге Абдуллаһ ибн Мәсләмә, ол Мәликтен, ол Әбу Бәкр ибн Нәфиғтен, ол өзінің әкесінен) яғни, Ибн Омардың азат етілген құлы Нәфиғтен, Аллаһ олардан разы болсын, (ол Суфия бинт Әбу Убайдтан жеткізген хадисте) ибн Омардың әйелінен: ( «Аллаһ Елшісі ﷺ «изар» (яғни, белден төмен тұратын киім — ер кісі үшін шалбар немесе ұзын көйлек, әйел үшін — юбка тәрізді киім) туралы сөз қозғағанда) себебі Пайғамбар ﷺ: «Кім тәкаппарлықпен киімін (жерге) сүйретсе, Аллаһ оған қарамайды», – деп ескерту жасаған болатын, (жұбайы Умм Сәләмә: «Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ, әйел ше?» – деп сұрады) яғни, әйелдер қалай істейді? (Пайғамбар ﷺ: «Бір сүйемге ұзартсын», – деді) — шынашақ пен бас бармақтың арасын әдеттегідей аша ұстаған кездегі өлшем. (Умм Сәләмә: «Онда денесі ашылып кетуі мүмкін ғой», – деді) яғни, жүру кезінде ашылып қалуы мүмкін. (Сонда Пайғамбар ﷺ: «Онда бір білек ұзартсын) ән-Нәсәи риуаятында бұл сөзді былай толықтырып түсіндіреді: «Егер аяқтары көрініп қалса...» – деп, яғни бұл хадистен әйел адамның аяғы да әурет екені анық байқалады.

Ғалымдар бұл мәселеде түрлі көзқарас білдірген. Имам Әбу Ханифа: «Әйелге намазда аяқ (яғни, табанының) үсті көрінуі рұқсат, намазда оларды жабу — парыз емес», – деген. Бұл — оның көзқарасында табанының үсті әурет саналмайтынын көрсетеді. Мәликте әйелге намазда да, басқа кезде де аяқтың үстін ашу рұқсат жоқ, – деген. Алайда ол былай дейді: «Егер әйелдің табаны, шашы, немесе аяғының үсті ашылып қалса, және намаз уақыты шықпаған болса, онда намазын қайта оқу қажет, Сол себепті, бұл екеуі (яғни, әйелдің екі табаны) оның көзқарасында әуретке ұқсайды, бірақ (аяғының үсті) ашылып қалса (және намаз уақыты шықпаса), намазды қайта оқу уәжіп емес. Ал Шәфиғиде намазда әйелдің аяғы көрінсе — уақыт ішінде болсын, кейін болсын — намазын қайта оқу керек, – деген.

Кейбір ғалымдар бұл хадиске мынадай түсіндірме берген: хадистің мағынасы — әйелдердің аяқтарының үсті жабық болу үшін көйлектің етегін жерге бір білек ұзындыққа дейін түсіруге рұқсат; (бірақ одан асырып жібермесін», – деді») яғни, білек өлшемінен артық ұзарту — тыйым салынған».