October 26

«Мен үмбетім үшін адастыратын имамдардан қорқамын».

Бізге Қутайба ибн Сағид, ол Хаммад ибн Зәйдтен, ол Айюбтен, ол Әбу Қиләбадан, ол Әбу Асма ар-Рахабиден, ол Саубанның Аллаһ Елшісінің ﷺ былай деп айтқанын жеткізді: «Мен үмбетім үшін адастыратын имамдардан қорқамын».

Саубан сөзін жалғастырып айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Үмбетімнің бір тобы ақиқат жолында үнемі үстем тұрады. Оларға қарсы шыққандар (олардан) бөлек кеткенімен, Аллаһтың бұйрығы келгенге дейін бұл оларға зиян тигізе алмайды».

Имам әт-Тирмизи айтты: «Бұл – хасан сахих хадис. Мен Мухаммад ибн Исмаилді (яғни Имам Бухариды) мынадай сөз айтқанын естідім: «Әли ибн әл-Мәдийни бұл хадисті Пайғамбарымыздан ﷺ: «Үмбетімнің бір тобы әрқашан ақиқат жолында үстем тұрады» – деп жеткізгенде, ол (Әли ибн әл-Мәдийни): «Олар – хадис иеллері» – деді»».

Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи әл-Матуриди «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» (9\688-689) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Бұл хадистегі «адастыратын имамдар» дегеннің мағынасы – Саубан жеткізген хадис арқылы нақты белгілі болды: Олар – зұлым басшылар, адасушылық пен бидғатқа үндейтіндер, ұлтшылдыққа шақыратындар. Өйткені мұндай басшылардың зияны өте үлкен әрі қауіпті.

Мұндай жаман басшылар бүкіл қоғамда бейберекетсіздік пен анархияға, діннен адасушылыққа алып келеді. Сондықтан олардың зияны – жеке адамдардың қателігінен әлдеқайда ауыр.

Біздің ханафи мазһабының ғалымдары да осы хадисті осылайша түсіндіреді:

1. Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих» кітабында айтты: «Мұндағы «имамдар» – «имам» сөзінің көпше түрі. Бұл сөздің мағынасы: Ел-жұртқа жетекші, басшылық етуші, адамдарды қандай да бір сөзге, әрекетке немесе сенімге шақырушы кісі».

2. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи «Умдат әл-Қари» кітабында айтты:

«Хадистегі «үстем тұрады» деген сөз – кейбір ғалымдардың айтуынша, «ақиқат жолында бірін-бірі қолдаушылар» деген мағынада. Кейбіреулер бұл сөзді: «Үстем келушілер» десе, басқалары: «Басқалардан жоғары тұрушылар» деп түсіндірді.

«Аллаһтың бұйрығы келгенге дейін» деген сөз – Қиямет күні келгенге дейін деген мағынада.

««Үстем тұрады» деген – (олар ақиқат жолында болғандықтан,) өздеріне қарсы шыққандарға басым түседі дегенді білдіреді». «Бұл («Үстем тұрады» деген сөз) – ижмағтың (ғұламалар бір ауыздан келіскен үкімнің) және әрбір заманда ижтиһадқа қабілетті ғалымдар болмай қалмайтынына ишара етеді» деп те түсіндірді».

Егер: «Бұл хадиске (яғни «Үмбетімнің бір тобы ақиқат жолында үстем тұрады...» дегенге) Абдуллаһ ибн Амрдан жеткен хадис қайшы келмей ме: «Қиямет тек ең жаман адамдардың үстінен ғана орнайды. Олар – жәһилиет (Исламға дейінгі надандық дәуір) адамдарының өзінен де жаман. Олар Аллаһтан ештеңе сұрамайды, Аллаһ оларды кері қайтарады». Хадисті имам Муслим риуаят еткен.

Мен (Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи) айтам: «Қияметтің орнайтын сәтінде тірі болатын «ең жаман адамдар» деген хадистегі мақсат – олар белгілі бір жерде өмір сүретін қауым. Ал басқа жерлерде болса, ақиқат жолында соғысатын бір топ бар болып, оларға қарсы шыққандар ешбір зиян тигізе алмайды.

Бұл пікірді келесі хадис те қуаттайды. Әбу Умама жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Үмбетімнің бір тобы Аллаһтың әмірі (яғни Қиямет) келгенге дейін өз дұшпандарын жеңіп, ақиқат жолында үстем тұруда қала береді».

Сахабалар сұрады: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Олар қай жерде болады?» Пайғамбарымыз ﷺ жауап берді: «Олар – Құддыс (Бәйтул-Мақдис) пен оның маңайында болады»».