«Сабырлылық — Аллаһтан, ал асығыстық — шайтаннан».
Сәһл ибн Сағд әс-Сәғиди, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Сабырлылық — Аллаһтан, ал асығыстық — шайтаннан». Әт-Тирмизи хадисті риуаят етіп: «Бұл — ғариб хадис» — деді. Сондай-ақ, кейбір хадис ғалымдары бұл хадисті жеткізген Абдул-Муһаймин ибн Аббастың жаттау қабілетіне қатысты сын айтқан.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5055) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Сәһл ибн Сағд әс-Сәғиди, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте) — ол сахаба (Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Сабырлылық — Аллаһтан) яғни, сабырлылық — Аллаһтың тарапынан болатын илһам (шабыт немесе аян десек болатын болар аудармасы), (ал асығыстық) яғни, дүниелік істердегі асығыстық (— шайтаннан) яғни, шайтанның азғыруынан. Кейбір ғалымдар: «Бұған шүбәсіз игі амалдар бұған жатпайды. Аллаһ Тағала Құранда: ﴾Расында, олар игі істерде бір-бірімен асыға жарысатын﴿ деген».
Мен: «Игі амалдарға асығу мен оларды орындау барысындағы асығыстық арасында үлкен айырмашылық бар. Алғашқысы — мақтаулы, ал екіншісі — жаман», — деймін. (Әт-Тирмизи хадисті риуаят етіп: «Бұл — ғариб хадис» — деді) Мирак: «Кейбір нұсқаларда “хасан ғариб” деп келген», — дейді. (Сондай-ақ, кейбір хадис ғалымдары) яғни, риуаят тізбегіндегі рауилардың жағдайын білетіндер (бұл хадисті жеткізген Абдул-Муһаймин ибн Аббастың) яғни, хадис жеткізушілердің бірінің (жаттау қабілетіне қатысты сын айтқан) яғни, оның сенімділігіне емес, тек жаттауында әлсіздік болған. Ал ол, негізінен, әділ және сенімді хадис жеткізуші, сондықтан оның жағдайы жеңіл. Және бұл хадисті әл-Байһақи «Шуғабу әл-Иман» кітабында Әнас ибн Мәликтен де риуаят еткен (тізбегі Аллаһ Елшісіне ﷺ дейін көтерілген), онда былай делінген: «Сабырлылық — Аллаһтан, ал асығыстық — шайтаннан»».