March 25

Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди رحمه الله تعالى

Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди رحمه الله تعالى

Аты-жөні және тегі:
Ол — имам, ұлы ғалым Шәбир Ахмад ибн шейх Фадлур-Рахман әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди әд-Диубанди. Әкесі — «Дарул-Улум Деобанд» медресесінің негізін қалаушылардың бірі. Шәбир Ахмад һижри 1305 жылдың (1889 ж.) мұхаррам айының 10-күні Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Бижнор қаласында дүниеге келген. Әкесі білім беру ісі басқармасының басшысы болған. Тегі үшінші халифа, мүміндердің әмірі хазірет Осман ибн Аффанға (Аллаһ одан разы болсын) барып тіреледі. Бұл шежірені шейх Әнуар әл-Хасан әш-Ширкоти «Хаят Усмани» атты еңбегінде толық келтірген.

Ғылыми қалыптасуы және оқу кезеңдері:
Құран Кәрімді «Дарул-Улум» ұстазы қари Намдар Алиден және басқа ұстаздардан оқып тәмамдады. Кейін әкесінен және өзге ғалымдардан урду тіліндегі және басқа да кітаптарды үйренді.

1319 һижри жылы (1901 ж.) исламдық және араб ғылымдарын жүйелі түрде оқи бастады. Ол білімді Үндістанның белгілі шейхтарынан және «Дарул-Улум Деобанд» ұстаздарынан алды. Олардың арасында:

  • Шейхул-Һинд Махмуд Хасан әд-Деобанди
  • Фақиһ, данышпан Ғазизур-Рахман әд-Деобанди
  • Ғұлам Расул әл-Хазаруи
  • Қари Мухаммад Ахмад (Имам Мухаммад Қасим Нанутуидің ұлы)

және басқа да ірі ғалымдар болды (Аллаһ олардың барлығына кең рақым етсін).

1325 һижри жылы (1907 ж.), небәрі 20 жасында, жоғары дәрежелі «фазилат» дипломын үздік нәтижемен алды.

Оқуды тәмамдағаннан кейінгі қызметі:
1331 һижри жылы (1913 ж.) бітіргеннен кейін бірден ғылыми дарындылығы мен ерекше зеректігіне байланысты «Дарул-Улумда» ұстаз болып тағайындалды. Бірнеше айдан соң медресе директоры, өз әкесі жағынан туған ағасы шейх Хабибур-Рахман әл-Усмани оны Дели қаласындағы Фатхпури медресесіне оқытушылар кеңесінің төрағасы ретінде жіберді. Бұл — медресе басшыларының табанды өтінішімен жүзеге асқан еді. Ол жерде екі жыл бойы хадис және басқа да негізгі ғылымдардың басты кітаптарын оқытты.

1338 һижри жылдың Шәууәл айында (1920 ж.) «Дарул-Улумның» кеңесі оны қайта шақырып, сол жылдан бастап өз ұстаздары тірі кезінде-ақ Сахих Муслим мен Сүнән Әбу Даудты оқыта бастады.

1347 һижри жылы (1928 ж.) — ұзақ түсіндіруді қажет ететін себептермен — «Дарул-Улум Деобандтан» кеткен соң, заманның ірі ғалымы шейх Мухаммад Ануар Шаһ әл-Кашмиримен бірге Гуджарат штатындағы Дабхел қаласындағы «Та‘лимуд-Дин» медресесіне қоныс аударды. Ол жерде Сахих Муслим және басқа да маңызды еңбектерді оқытты.

1352 һижри жылы (1933 ж.) шейх Кашмири қайтыс болғаннан кейін, оған Имам Бухаридің «Сахих» кітабын оқыту тапсырылды. Дабхел университетінде болған кезінде «Дарул-Улум» мүшелері оны 1354 һижри жылы (1935 ж.) осы оқу орнының алғашқы ректоры етіп тағайындады. Осылайша ол екі қызметті қатар атқарды.

1363 һижри жылы (1944 ж.) буын ауруына шалдығып, бір жыл бойы ауырды. Аллаһ шипа бергеннен кейін Дабхелге қайта оралмады және мұсылман үмбетіне аса қажет болған саяси істермен айналысуына байланысты университетте сабақ беруді жалғастыра алмады.

Аллама Шәбир Ахмад әл-Усманидің саяси көзқарасы және Пәкістан мемлекетінің құрылуындағы рөлі:

Үндістан ағылшын отаршылығынан босап, тәуелсіздік алған кезде, елді екі мемлекетке — Үндістан мен Пәкістанға — бөлу мәселесінде ғалымдар мен халық арасында үлкен пікірталас туды. Кейбіреулер Үндістанды бөлуді пайдалы да, қажетті де емес, керісінше ислам дағуатына зиян және қауіпті деп санады. Олардың пікірінше, мұсылмандар Үндістандағы саяси ықпалынан және діни әсерінен айырылып қалатын еді.

Ал екінші бір топ бұл бөліну міндетті түрде болуы керек деп есептеді. Олар тек мұсылмандарға тиесілі, Құран мен Сүннетке негізделген тәуелсіз мемлекет болғанын қалады. Себебі билік тек мұсылмандардың қолында болып, оған өзге дін өкілдері араласпайды, ал мұсылмандар онда құрмет, абырой, қадір-қасиет, үстемдік пен қадір-қасиетпен өмір сүреді деп сенді.

Осы бөліну идеясын қолдаған ең көрнекті тұлғалардың бірі — аллама Шәбир Ахмад әл-Усмани болды. Сол себепті ол Пәкістан мемлекетінің құрылуына үлкен еңбек сіңіріп, маңызды қызметтер атқарды.

Пәкістан 1366 һижри жылы (1947–1948 жж.) құрылған кезде, оның басшысы — Қаиди-Ағзам Мухаммад Әли Жинна — жаңа мемлекеттің туын тарихта алғаш рет көтеруді дәл осы Шәбир Ахмад әл-Усманиге тапсырды. Ол бұл міндетті орындап, туды өзі көтерді.

Сонымен қатар, ол жаңа исламдық мемлекеттің парламентінің мүшесі болды және Пәкістанның Бахавалпур қаласындағы Аббасия университетінің шейхы әрі бас қадағалаушысы қызметін атқарды.

Қайтыс болуы:

Ол 1369 һижри жылы сафар айының 21-күні, сейсенбі күні (13 желтоқсан 1949 ж.) Бахавалпур қаласында дүниеден өтті. Ол бұл қалаға жергілікті ислам университетінің ашылу рәсіміне қатысу үшін барған еді. Кейін оның мәйіті Карачи қаласына жеткізіліп, жаназасын көпшілік жамағатпен ғұлама муфти Мухаммад Шәфиғ (Аллаһ оны рақым етсін) шығарды.

Ғалымдардың ол туралы айтқан пікірлері:

Үмметтің хәкімі болған шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуи (Аллаһ оны рақым етсін) былай деген:

«Жасы жағынан менен кіші болса да, мен оны өзімнен үлкен деп санаймын».

Заманымыздың имамы шейх Мухаммад Ануар Шаһ әл-Кәшмири (Аллаһ оны рақым етсін) оны:

«Өз дәуірінің ғұламасы, хадисші, тәпсірші және кәлам ғалымы» — деп сипаттаған.

Шейхул-ислам Мухаммад Заһид әл-Кәусәри (Аллаһ оны рақым етсін) былай деген:

«Дәлелшіл, терең ғалым, сан алуан ғылымдарды меңгерген, өз дәуірінің зерттеушісі, Құран, хадис, фиқһ салаларында және қарсы пікір иелеріне жауап жазуда әйгілі еңбектердің авторы».

Шейх Мұхаммад Бадр Алам әл-Мирутии «Фәйду әл-Бәррри — Сахих Бухариге түсіндірме» кітабының кіріспесінде:

«Өз дәуірінің мұхаққиқ ғалымы, теңдесі жоқ ғұлама, құнды еңбектердің иесі» — деп жазған.

Ғұлама Мухаммад Юсуф әл-Биннури:

«Ол — дұрыс ілім иесі, дәуірінің зерттеушісі, үмбет ойшылы және Исламның шешені еді» — деген.

Шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда (Аллаһ оны рақым етсін):

«Өз дәуірінің мұхаққиқ ғалымы, тәпсірші, хадисші, көрнекті фақиһ — Мәуләнә Шәбир Ахмад әл-Усмани, Үндістан мен Пәкістандағы XIV ғасырдың ұлы ислам ойшылдарының бірі» — деп баға берген.
(Бұл пікірлер «Мабади ‘Илм әл-Хадис уә Усулһу» кітабынан алынған. Ол — «Фәтху әл-Мулһим» еңбегінің кіріспесі.)

Шейх Сәййид Әбу әл-Хасан Әли әл-Хасани ән-Нәдәуи (Аллаһ оны рақым етсін) былай деген:

«Ол — Ислам туын көтерген тұлға, шынайы түрде “Шейхул-Ислам” атағына лайық адам. Аллаһ оны Ислам мен мұсылмандарға жасаған қызметі үшін мол сыйға бөлесін».
(«Тәкмиләту Фәтху әл-Мулһим» кітабына жазған алғысөзінен, 1/15).

Еңбектері:

Оның ең белгілі еңбектері мыналар:

1) «Фәуәид әт-Тафсирия» — урду тіліндегі, «Тафсир Усмани» деген атпен белгілі еңбек. Өте көркем стильмен, шешен тілмен жазылған. Бұл — ұстазы Шейхул-Һинд Махмуд Хасан (Аллаһ оны рақым етсін) жасаған Құран аудармасына жазылған ғылыми түсіндірме-хашиялар. Кейін бұл еңбекті Король Фахд атындағы Қасиетті Құран баспа кешені көп мөлшерде басып, кеңінен таратқан, бірақ кейін басылымы тоқтатылған.

2) «Фәтху әл-Мулһим би шарх Сахих Муслим» — Сахих Муслимге жазылған түсіндірме. Ғылыми ортада кеңінен танымал, өте құнды еңбек.

3) «Тәғлифәт Усмани» — әртүрлі жағдайларда жазылған жоғары деңгейдегі ғылыми мақалалар жинағы.

4) «Фадлу әл-Бәрри би шарх Сахих әл-Бухари» — Сахих Бухари дәрістерінде айтқан түсіндірмелерінің урду тіліндегі жинағы. «Сахих әл-Бухари»-ге жазылған ең жақсы шархтардың бірі саналады.

5) «Хутбат Усмани» — оның маңызды құтпаларының бір бөлігінен құралған жинақ. Бұл еңбекті аллама Мухаммад Ануар әл-Хасан әш-Ширкоти реттеп, жинақтаған.

«Фатх әл-Мулһим би шарх Сахих Муслим» туралы:

Бұл еңбекке шейх өте мазмұнды әрі аса пайдалы кіріспе жазған. Кейін хадис ғалымы шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда бұл кіріспені жеке кітап етіп бөліп шығарып, «Мабади ‘Илм әл-хадис уә усулуһу» («Хадис ғылымының негіздері мен қағидалары») деген атпен «Дару әл-Бәшәир әл-Исламия» баспасынан 691 бет көлемінде бастырып шығарған.

Айта кету керек, шейх әл-Усмани бұл пайдалы әрі тартымды шархты толық аяқтай алмады. Автор түсіндірмені «Талақ кітабының» соңына дейін жеткізгеннен кейін түрлі жұмыстар мен кедергілерге байланысты жалғастыра алмаған.

Бұл еңбек алғаш рет һижри 1352 жылы (1933 ж.) Үндістанның Бижнор қаласында литографиялық (тас баспа) тәсілмен басылып шыққан. Кейін Карачи мен Деобандта қайта басылған.

Кітаптың қалған бөлігін атақты хадисші, фақиһ шейх Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди (Аллаһ оны сақтасын) толықтырды. Оның толықтыруынан алты ірі том Карачи қаласында жарық көрді.

Содан кейін кітап толық нұсқада — толықтыруымен бірге — һижри 1427 жылы (2006 ж.) Бейрут қаласында «Дарул-Қалам» баспасынан қайта басылып шықты.

«Сахих Муслим» шархтарына қатысты:

«Сахих Муслим» — хадис ғалымдары ерекше мән берген кітаптардың бірі. Оған қысқа да, көлемді де көптеген пайдалы түсіндірмелер (шархтар) жазылған. Солардың ең әйгілілерінің бірі — Имам Әбу Зәкәрия Яхья ибн Шараф ән-Нәуәуидің шархы. Алайда осыншама көп шархтарға қарамастан, кітап әлі де жаңа әрі жан-жақты қызметті қажет етті. Себебі бұрынғы шархтар «Сахих Муслимнің» барлық қырларын толық қамтымады: бір жағын түсіндіріп, екінші жағын назардан тыс қалдыратын.

Осы қажеттілікті өтеген — «Фәтху әл-Мулһим би шарх Сахих Муслим» атты ұлы еңбек. Бұл — ғылыми тұрғыдан аса салмақты, зерттеушінің көптеген сұрақтарына жауап беретін кең ауқымды шарх. Онда хадистер мәтін және иснад тұрғысынан толық түсіндіріліп, түрлі мәзһабтарға қатысты амалдық және сенімдік мәселелер айқындалып, хадистердегі фиқһ пен даналық қырлары ашып көрсетілген.

Шейхул-Ислам Мухаммад Зәһид әл-Кәусәри былай дейді:

«Кейбір шарх жазушылар хадис жеткізушілер (рижал) туралы мүлде сөз қозғамайды, ал сын мәселелері туындайтын жерлерде зерттеуші бұған аса мұқтаж. Кейбір шархтар белгілі бір жағынан ұнауы мүмкін, бірақ басқа жағынан қажеттілікті өтей алмайды. Жалпы, барлық шархтарда осындай кемшілік сезіледі. Сондықтан біз баспа әлемінде осы олқылықтың орнын толтыратын «Сахих Муслимге» арналған шархтың шығуын қатты күттік. Міне, біз көптен күткен қазынамызға қол жеткіздік: үнді басылымдары қатарында «Фатх әл-Мулһим би шарх Сахих Муслим» жаңа көркем кейіппен жарық көрді. Бұл көлемді әрі салмақты еңбек бізді шексіз қуантты, өйткені оның мазмұны мен формасы барлық жағынан толық қанағаттандырады».
(«Мақалат әл-Кәусәри», 83-бет; «Мабади ‘Илм әл-хадис уә усулуһу», 39-бет).

Және «Фәтху әл-Мулһим» кітабына жазған рецензиясында айтты:

«Уа, хазірет, сіз шын мәнінде осы дәуірдегі ханафи мәзһабының мақтанышысысыз. “Сахих Муслимге” жазған бұл шархыңызды мол білімге және тасқындаған парасатқа сүйене отырып, әрбір талқылау мен пікір алмасуда толық байсалдылық пен кемел тыныштық сақтай отырып жаздыңыз. Бұл — салиқалы сәләфтардың жүрек иелеріне тән сипат. Осы пайдалы еңбегіңіз үшін білім атынан сізге алғыс айтамын».

Сондай-ақ «Сахих Муслимге» шарх жазған ғалымдардың басым бөлігі шәфиғи мәзһабының өкілдері болған. Сондықтан олар хадистерді көбіне өз мәзһабының ұстанымына сай түсіндірген. Осыған байланысты, түрлі мәзһабтардың көзқарастарын жинақтап, ханафи мәзһабының пікірін дәлелдерімен бірге — бірақ ешбір фанатизмсіз — түсіндіретін жаңа шархқа қажеттілік туындады.

Мәзһабтар мен қайшылықты мәселелерді баяндауы және ханафи мәзһабына ерекше көңіл бөлуі:

Үнді субконтинентінде ғасырлар бойы ханафи мәзһабын ұстану кең тараған еді. Бұл жолды ондаған ғасырлар бойы ғалымдар да, қарапайым халық та берік ұстанып келді. Алайда жарық көрген көптеген хадис шархтары басқа мәзһаб өкілдері тарапынан жазылғандықтан, хадистер көбіне солардың мәзһабына сәйкес түсіндірілді.

Ал осы кітапта автор ханафи мәзһабын басқа мәзһабтармен қатар атап, оның мәселелерін жүйелі түрде түсіндіріп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп беруге ерекше көңіл бөлген. Қайшылықты мәселелерде ханафи мәзһабының дәлелдерін келтіріп, олардың өзге мәзһабтардың дәлелдерімен тең дәрежеде екенін көрсетуді мақсат еткен.

Бұл — ханафи мәзһабын ұстанушылар өздерінің ұстанымы шариғатқа сай, білім мен дәлелге негізделген екеніне сенімді болуы үшін жасалған еңбек. Яғни олар да басқа мәзһаб өкілдері сияқты дінді нақты дәлел мен айқын айғаққа сүйеніп ұстанып жүргенін түсінуі үшін.

(Ұстаз Мухаммад Яхья Билал Миньярдың «Мәғәриф әс-Сунан» туралы зерттеуінен алынған, 511-бет).

Шейхул-Ислам әл-Кәусәри былай дейді:

«Түсіндірілген хадистердің арасында ол көптеген сирек кездесетін пайдалы ойларды және биік ақиқаттарды келтірген. Мұндай нәзік тұстарды тек ерекше зерек адамдар мен рухани терең жандар ғана аңғара алады».
(«Мақалат әл-Кәусәри», 83-бет)

Ал шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда былай дейді:

«Автор басқа ғалымдардан келтірген сөздердің арасында өз тарапынан қосқан түсіндірмелері — кейде бір пікірді ашып беру, толықтыру, пікір білдіру немесе қолдау түрінде — сапасы, нәзіктігі, байсалдылығы мен беріктігі жағынан аса жоғары. Себебі Аллаһ оған ерекше дарын, тасқындаған ой қабілеті және ақиқаттар мен нәзік мәселелердің тереңіне бойлайтын дәл түсінік берген».
(«Мабади ‘илм әл-хадис», 18-бет)

Ғұлама шейх Мухаммад Юсуф әл-Биннури (Аллаһ оны рақым етсін) былай деген:

«Шейх Шәбир Ахмад әл-Усмани діни ақиқаттарды көркем шешендікпен түсіндіруде үмбет ішінде теңдессіз еді. Ол бұл ақиқаттарды жоққа шығарушылардың санасына да жақындатып жеткізе алатын, бірақ олардың мәні мен өзегіне еш өзгеріс енгізбейтін және көптеген ғалымдар жүгінетін артық жорамалдарға (тәуилдерге) бармайтын. Сондай-ақ ол діннің шекарасы мен ақиқаттарын қорғауда аса қызғаншақ (сақ) болатын».
(«Мабади ‘илм әл-хадис уә усулуху», 30-бет)