Yesterday

Алланың сөзі үстем болсын деп соғысқан адам туралы.

Бізге Шуғба, ол Амрден, ол Әбу Уәилден, ол Әбу Мусадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткізді:

«Бір кісі Пайғамбарға ﷺ келіп: “Бір адам олжа үшін соғысады, бір адам атақ үшін соғысады, тағы бір адам жұртқа ерлігін көрсету үшін соғысады. Осылардың қайсысы Аллаһ жолында?” — деп сұрады.
Пайғамбар ﷺ: “Кім Аллаһтың сөзі үстем болсын деп соғысса, сол Аллаһ жолында”, — деп жауап берді».

Имам Ануар Шаһ әл-Кәшмири әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Файду әл-Бәрри әлә Сахих әл-Бухари» кітабында (2810-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Хикая

Айтылған бір әңгімеге қарағанда, Әмір Темір Шамға жорық жасап, адамдарды өлтіріп, озбырлықпен жазықсыз қан төккен. Ол өлтірілгендердің бас сүйектерінен тұғыр тұрғызып, соның үстіне отырған. Содан кейін ғалымдарды шақыртып, олармен пікір таластырған. Өзіне қарсы пікір айтқандарды өлтіріп отырған.

Бірде ол ғалымдардан: «Оларды өлтіргеніме қалай қарайсыңдар?» — деп сұрапты. Сонда бір ғалым: «Жауабы хадисте», — деп, “Кім Аллаһтың сөзі үстем болсын деп соғысса…” деген хадисті оқыпты. Әмір Темір ғалымның осылайша өз жанын сақтап қалғысы келгенін аңғарып, оған тимепті.