Аллаһ Елшісі ﷺ: «Осы есікті әйелдерге қалдырсақ қой!» – деді.
Бізге Абдуллаһ ибн Амр ибн Әбу Мағмәр, ол Абдул-Уәристен, ол Айюбтен, ол Нәфиғтан, ол Ибн Омардан жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ: «Осы есікті әйелдерге қалдырсақ қой!» – деді. Нәфиғ айтты: «Осыдан кейін Ибн Омар өмірінің соңына дейін бұл есіктен еш кірмеді».
Абдуул-Уәристен басқа бір риуаятта: «Оны Омар айтты, әрі ол – дұрысырақ» делінген».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (460-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Бізге Абдуллаһ ибн Амр ибн Әбу Мағмәр, ол Абдул-Уәрист) ибн Сәғид ибн Зәкуаннан, (ол Айюб) ибн Әбу Тәмимә әс-Сахтиәниден, (ол Нәфиғтан, ол Ибн Омардан жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ: «Осы есікті әйелдерге қалдырсақ қой!» – деді). «Әйелдер есігі» деп аталатын әйелдерге арналған есікке ишара. Яғни, егер біз осы есікті әйелдерге арнайы есік етіп белгілесек – бұл жақсырақ болар еді. Өйткені, бұл ерлер мен әйелдердің араласуын болдырмайды.
(Нәфиғ айтты: «Осыдан кейін Ибн Омар өмірінің соңына дейін бұл) мешіттегі (есіктен) яғни, әйелдерге арналған деп арнайы бөлінген есіктен (еш кірмеді»). Ибн Омар бұл хадистен Пайғамбарымыздың ﷺ ол есікті әйелдерге арнап, ерлерге одан кіруге тыйым салғанын түсінген. Ал Ибн Омардан басқа кісілер бұл есіктен мешітке кірген болуы мүмкін, өйткені бұл туралы Аллаһ Елшісінен ﷺ нақты, ашық түрде тыйым келген жоқ.
(Абдул-Уәристен басқа бір риуаятта: «Оны Омар айтты): Бұл жерде Айюбтың шәкірттері бұл хадисті риуаят етуде түрлі көзқараста болды: Абдул-Уәрис бұл сөзді Айюбтан, ол Нафиғтан, ол Ибн Омардан, ал ол Пайғамбардан ﷺ деп жеткізді; Басқа, Исмағилдің риуаятында бұл хадисті Пайғамбарға ﷺ тіремей, тек Ибн Омардың өзі айтты деп келтірді (әрі ол – дұрысырақ» делінген).