October 21

Екі мәсіге және соларға ұқсас басқа да аяққа киілетін нәрселерге мәсіх тарту туралы.

Кіші дәретсіздік кезінде екі мәсінің үстіңгі жағына, ал бір аяғы бар адамның бір мәсісіне мәсіх тартуы дұрыс. Бұл үкім ерлер мен әйелдерге, сапарда да, тұрғылықты жерде де қолданылады. Мәсілер мақта не жүн, киіз, шұға немесе кенеп сияқты қалың материалдан жасалған болса да, төмендегі шарттармен олардың үстінен мәсіх тартуға болады. Олардың былғары табанының болуы не болмауы шарт емес.

Екі мәсіге және соларға теңестірілген аяқкиімге мәсіх тартудың рұқсат болуы үшін тоғыз шарт қойылады:

Бірінші шарт: мәсілерді екі аяқты жуғаннан кейін кию. Аяқтар үкім жүзінде жуылған болып саналса да жеткілікті. Мысалы, адам екі аяғындағы (жарақатқа таңылған) таңғышқа мәсіх тартса немесе бір аяғындағы таңғышқа мәсіх тартып, екінші аяғын жуса, содан кейін мәсілерін кисе, үзірі сақталған уақыт бойы, белгіленген мәсіх мерзімі ішінде, мәсілеріне мәсіх тарта алады. Өйткені (жарақатқа таңылған) таңғышқа мәсіх тарту аяқты жуумен тең саналады.

Мәсілерді дәрет толық аяқталмай тұрып киюге де болады. Бірақ дәретті бұзатын жағдай орын алмай тұрып, дәретті толық аяқтау шарт (яғни, алдымен екі аяғын жуып, мәсісін киеді де, содан кейін дәреттің қалған мүшелерін жуып, дәретін толық аяқтайды. Алайда мәсісін кигеннен кейін, дәретін толық аяқтамай тұрып дәреті бұзылса, мәсісін шешіп, қайта дәрет алғанда аяқтарын да қайта жууы керек).

Екінші шарт: мәсілердің екі тобықты жан-жағынан жауып тұруы. Мәсінің (кең болу себепті) жоғарғы жағынан (қарағанда) аяқтың көрінуі кедергі емес.

Үшінші шарт: мәсілермен үстінен басқа аяқкиім кимей-ақ, қиналмастан, әдеттегі жүріспен бір фарсах (шамамен 5598,75 метр) немесе одан да ұзақ қашықтықты жүріп өтуге жарамды болуы. Сондықтан ағаштан немесе темірден жасалған мәсіге мәсіх тартуға болмайды.

Төртінші шарт: мәсілердің әрқайсысында аяқтың ең кіші үш саусағының көлеміндей (астындағы аяқтың терісі көрініп тұратын ашық) жыртықтың болмауы.

Бесінші шарт: мәсілердің аяқта байлаусыз тұруы.

Алтыншы шарт: мәсілерге мәсіх тартқанда, олардың суды аяққа өткізбеуі. Яғни қалың болғандықтан, су өзінен өтіп кетпеуі керек. Ал шұлыққа келсек, ол астында аяқ терісі көрінетіндей жұқа әрі арғы жағын көрсететіндей мөлдір болмауы шарт.

Жетінші шарт: аяқтың алдыңғы бөлігінен қолдың ең кіші үш саусағының көлеміндей жер қалуы (мәсіх тартылатын орында парыз болған мөлшер сақталуы үшін. Егер аяқ тобықтан жоғары жерден кесілген болса, қалған аяқтағы мәсіге мәсіх тартуға болады). Егер екі аяқтың да алдыңғы бөлігі жоқ болса, өкшелері сақталған күннің өзінде мәсілеріне мәсіх тарта алмайды.

Сегізінші шарт: мәсі киген кездегі тазалықтың тәяммум арқылы алынбаған болуы. Егер тәяммумнан кейін мәсісін киіп, содан соң су тапса, мәсісіне мәсіх тартуына болмайды. Аяқтарын жууы міндет.

Тоғызыншы шарт: мәсіх тартушының жүніп болмауы.

Тұрғылықты адам бір тәулік, ал жолаушы үш күн және үш түн бойы мәсіх тартады.

Мәсіх мерзімі мәсілерді дәретті күйде кигеннен кейін алғаш дәрет бұзылған сәттен басталады. Яғни дәретті бұзатын жағдайдың аяқталған кезінен емес, басталған кезінен есептеледі. Мысалы, ұйықтап қалса, мерзім оянған кезінен емес, ұйқыға кеткен сәтінен басталады. Тіпті мәсіх мерзімін түгелдей ұйқымен, есінен айырылған немесе талып қалған күйде өткізсе де, мәсінің күші жойылады.

Егер тұрғылықты адам мәсіх тартып, өзіне белгіленген мерзім аяқталмай тұрып сапарға шықса, мүсәпірдің мәсіх мерзімін толықтырады (яғни, үш тәулік). Ал жолаушы тұрғылықты болса, бір тәуліктік мерзімді толықтырады.

Мәсіхтің парызы: әр аяқтағы мәсінің алдыңғы үстіңгі жағына ұзындығы мен ені жағынан қолдың ең кіші үш саусағының көлеміндей жерге бір рет мәсіх тарту. Егер мәсіх тартылатын жерге үш саусақ көлеміндей су немесе жаңбыр тисе де, жеткілікті.

Мәсіхтің сүннеті: қол саусақтарының арасын ашып, аяқ саусақтарының ұшынан балтырға қарай жүргізу.

Мәсіхті бұзатын нәрселер жетеу, тіпті одан да көп:

  • Дәретті бұзатын кез келген жағдай.
  • Мәсіні, тіпті біреуін ғана болса да, шешу. Аяқтың көп бөлігінің мәсінің қонышына шығып кетуі де мәсінің шешілуіне жатады. Өкшенің көп бөлігін қонышқа әдейі шығару мәсіхті бұзады, ал (жүрген уақытта) өздігінен шығып кетуі бұзбайды.
  • Мәсінің ішінде бір аяқтың немесе екі аяқтың да көп бөлігіне су тиюі (өйткені аяқты жуу мен мәсіх тарту бір жерге жиналмайды).
  • Мәсіх мерзімінің аяқталуы. Тіпті әлі мәсіх тартпаған болса да, мерзімнің бітуі оның үкімін тоқтатады. Бірақ қатты суықтан аяғынан айырылып қалу қаупі басым болса, бұл үкім қолданылмайды (егер суықтан аяғынан немесе оның бір бөлігінен айырылып қалудан қорықса, қауіп сейілгенге дейін мәсіх тарта беруіне болады).
  • Мәсіхке кедергі болатын мөлшерде жыртық пайда болуы (яғни, мәсіхке кедергі болатын жыртық мәсіхті бұзады. Ол — астындағы аяқ көрініп тұратын, аяқтың ең кіші үш саусағының көлеміндей жыртық) немесе мәсінің сонша жері жұқарып (яғни, мәсінің мәсіхке кедергі болатын жыртық көлеміндей жерінің жұқаруы), белгіленген мерзім бойы онымен үздіксіз жүруге жарамай қалуы.
  • Үзірлі адам мәсісін үзірі бар кезде киген болса, намаз уақытының шығуы.
  • Таңғышқа мәсіх тартқан адамның жарақатының жазылуы. Яғни ол дәрет алып, таңғышына мәсіх тартып, содан кейін мәсісін киіп, артынша жарақаты жазылса, мәсіхінің күші жойылады.

Мәсіні шешкеннен, аяқтың көп бөлігі суланғаннан, мәсіх мерзімі аяқталғаннан, мәсіхке кедергі болатын жыртық пайда болғаннан немесе таңғышқа мәсіх тартқан адамның жарақаты жазылғаннан кейін тек екі аяғын ғана жуады (егер дәреті бар болса, дәреттің қалған мүшелерін қайта жууы қажет емес. Өйткені бұрынғы дәретсіздіктің үкімі тек екі аяғына қатысты болады).

Сәлдеге, тақияға, ниқабқа және қолғаптарға мәсіх тартуға болмайды.

Имам Әләуд-Дин ибн Мухаммад Әмин Әбидин әл-Ханафи, «әл-Һадийяту әл-Ғәләия», 53-56 бет.