Жұма күні берілген садақаның өзге күндері берілген садақадан артықшылығы туралы.
Ибн Қаийм әл-Джәузи әл-Ханбали өзінің «Зәдә әл-Мәғәд» кітабында (504 бетте) айтты:
Жұма күні берілген садақаның өзге күндері берілген садақадан артықшылығы бар. Аптаның басқа күндерімен салыстырғанда жұма күні садақа беру — өзге айлармен салыстырғанда Рамазан айында садақа беру секілді.
Шейхул-Ислам Ибн Таймияның (Аллаһ оның рухын пәк етсін) жұма намазына бара жатқанда үйден табылған нанды немесе басқа нәрсені алып, жолда жасырын садақа беретінін көрдім. Оның былай дегенін естідім:
“Егер Аллаһ бізге Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оңаша сөйлесудің алдында садақа беруді бұйырған болса¹, онда Аллаһ Тағаламен мінәжат етудің алдында садақа беру одан да абзал әрі артықшылыққа лайығырақ”.
¹﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһ елшісімен оңаша жолығып сөйлескілерің келсе, жолығар алдында (мұқтаждарға) садақа беріңдер. Бұл өздерің үшін һәм қайырлы һәм жүрек тазалығы әрі шынайылық тұрғысынан ең дұрыс іс болмақ. Ал егер садақа беретін жағдайларың болмаса, әрине, Алла – Ғафур (күнә-қателіктерің қанша жерден көп әрі үлкен болса да тәубе еткендеріңде бәрін де кешіретін кеңшілік иесі), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді)﴿ «әл-Мужәдәлә» сүресі, 12 аят.