Today

«Адамдар Аллаһты еске алып отырғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады және оларды мейірім қоршайды, оларға тыныштық түседі және Аллаһу Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында еске алады».

Хазіретті Әбу Һурайра және Әбу Сәғид, Аллаһ олардан разы болсын, жеткізген хадисте айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Адамдар Аллаһты еске алып отырғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады және оларды мейірім қоршайды, оларға тыныштық түседі және Аллаһу Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында еске алады». Хадисті Муслим жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2261) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Әл-Джәзәри айтты: «Зікірдің артықшылығы тек "ләә иләәһә иллАллаһ", "субханАллаһ", "Аллаһу Әкбар" сияқты сөздермен шектелмейді. Кімде-кім Аллаһу Тағалаға бойсұнған күйде қандай да бір амалмен айналысып жатса, ол — зікір жасаушы болып саналады. Ал ең абзал зікір — Құран оқу. Бірақ кейбір орындарда (мысалы, рукуғ пен сәждеде) Құран емес, арнайы бекітілген зікірлерді айту артық көріледі».

Сосын былай дейді: «Шариғат тарапынан бекітілген зікірлерде — мейлі ол уәжіп болсын¹, мейлі мустахаб (зікірлер) болсын² — зікірлердің ешбірі тілмен айтылып, адамның өзі оны естімейінше зікір болып есептелмейді».

¹Намазда оқылатын Фатиха немесе тәкбір ташриқ секілді уәжіп болған зікірлер.

²Намазда рукуғ, сәжде немесе ташаһудтан кейін айтылатын зікірлер немесе намаздан кейін айтылатын тәсбілер секілді.

Осы сөзінен оның фиқһи үкім меңзеліп тұрғаны байқалады. Яғни, егер адам (намазда Құранды) іштей (өзі естіметіндей қылып) оқыса немесе рукуғ пен сәжде кезінде жүрегімен ғана тәсбих айтса, онда ол Құран оқудағы парызды да, рукуғ пен сәждедегі тәсбих сүннетін де орындаған болып саналмайды. Өйткені (намазда) жүрекпен ғана айтылған зікірге ақыреттегі сауап берілмейді.

(Ал намаздан тыс шариғат уәжіп немесе мустахаб деп бекітілмеген зікірлерді іштей айтудың абзалдығын) Имам Әбу Яғля Айша анамыздан, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисі дәлелдейді. Онда Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Аспандағы періштелер естімейтін құпия зікірдің артықшылығы – басқа зікірлерден жетпіс есе көп. Қиямет күні адамдар есепке жиналғанда, періштелер (әркімнің) жазған амалдарын алып келеді. Аллаһ оларға: “Қараңдар, басқа амалы қалып қойған жоқ па?” – дейді. Олар: “Уа, Раббымыз! Біз білген, естіген және жазған барлық амалдарын толық қамтыдық” – деп жауап береді. Сонда Аллаһу Тағала (іштей зікір етуші құлына) айтады: “Менде сен білмейтін сауаптарым бар. Мен оны өзім беріп толықтаймын. Ол – құпия зікір”».

Бұл хадисті имам Суюти «әл-Будур әс-Сафира фи Әхуали әл-Әхира» атты кітабында келтірген. Яғни, бұл — Аллаһты зікір ету арқылы Аллаһқа жақындау деген мағынада. Сондай-ақ, нәпіл ғибадаттар арқылы Жаратушыға жақындау деген мағынаны да қамтиды. Бұл жерде екеуіне қатысты келген хадистерді жинақтайтын бөлімнің тақырыбы берілген.

(Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Адамдар Аллаһты еске алып отырғанда): Егер бұл жерде "отыру" сөзі "тұруға" қарсы мағынада қолданылған болса, онда ол зікір жасаудың ең жақсы кейіпін меңзеп тұр, өйткені отыруда сыртқы және ішкі сезім мүшелерінің жинақталуы бар. Ал егер "отыру" сөзімен үздіксіздік меңзелсе, онда ол зікірді үздіксіз жасауға ишара.

Ибн Хаджар айтты: «Бұл жерде “отыру” сөзі ең жиі болатын әдетке байланысты қолданылған. Өйткені мақсат — Аллаһты еске алуға бүкіл жан-дүниеңмен беріліп, зікір етушілердің қатарына қосылып, олардың тыныстары мен жүрек жылуының берекесіне бөлену».

Бұл, мысалы, тауап жасау, зиярат ету, жаназаға қатысу, ілім іздеу немесе уағыз тыңдау сияқты басқа құлшылықтармен айналысу үшін орнынан тұруға қайшы келмейді. (оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады) яғни, Аллаһты зікір ететіндерді іздеп көшелерде жүрген періштелер келіп, оларды қоршайды (және оларды мейірім қоршайды) яғни, Аллаһты көп зікір ететін ерлер мен әйелдерге арналған ерекше рахметпен орап алады, (оларға тыныштық түседі) яғни, жүрек тыныштығы мен байсалдылық орнығады. Бұған ﴾Жүректер Аллаһты еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады﴿ («ар-Рағд» сүресі, 28-аят) деген аят дәлел. Сондай-ақ, ﴾Ол — мүміндердің жүрегіне тыныштық ұялатып, көңілдерін орнықтырды﴿ («әл-Фатх» сүресі, 4-аят) деген аят та осы мағынаны білдіреді. (және Аллаһу Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында) яғни, бұл жерде періштелер мен пайғамбарлардың рухтары меңзеледі. Бұл "жанында" деген сөз мекен тұрғысынан емес, мәртебе тұрғысынан айтылған. Өйткені Аллаһ мекен мен уақыттан, сондай-ақ барлық жаратылыстарға тән кемшіліктерден пәк, (еске алады») яғни, олармен мақтанып, оларды мадақтап, мол сыйлықпен марапаттауға уәде береді. (Хадисті Муслим жеткізді) және әт-Термизи және ибн Маджа риуаят етті».