November 16, 2024

«Пайғамбарды ﷺ мінберде қара сәлдемен...

«Бізге әл-Хасан ибн Әли, ол Әбу Усамадан, ол Мусаир әл-Уаррақтан, ол Джағфар ибн Амр ибн Хураистен, ол өз әкесінің мына сөзін жеткізеді: «Пайғамбарды ﷺ мінберде қара сәлдемен және сәлденің екі шетін екі жауырынның ортасына жіберіп қойғаның көрдім»» («әс-Сунан», Әбу Дәуіт, 4077-ші хадис).

Үлкен мухаддис, шейх Халил Ахмад әс-Саһаранфури әл-Ханафи өзінің әйгілі Әбу Дәуіттің шархы «Бәзлу әл-Мәджһуд» (12\103) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Яғни, Пайғамбарды ﷺ мінберде хұтба айтып тұрғанын көрген. Бұл хадис жұма намазын оқуды қалаған адам үшін сәлде киюі мустахаб екенін көрсетеді, әсіресе имамға қатысты. Имам ат-Табарани («Муснад әш-Шәмийн», 4\336. 3487-ші хадис) риуаят етті: «Пайғамбар ﷺ айтты: «Періштелер жұма күні сәлде киген адамдарға дұға\истиғфар айтады».

Хадистің басқа бір нұсқасында «жауырынның ортасына сәлденің бір шетін» жіберіп қойған деп келеді. Имам ән-Нәуәуй өзінің «Сахих» Муслимге жазған шархында айтты: «Біздің елдегі барлық жазбада «екі ұшы» деп келеді және солай әл-Хамидидің «әл-Джәмғ бәйнә Сахихаинда» келген. Қади Ғияд айтты: «Дұрысы және белгілі болғаны, сәлденің бір шетін жіберіп қою»».