June 3

Уәлидің (әйелдің әкесі немесе тағы басқа ер адамнан болған қамқоршысының) рұқсаты некенің дұрыс болуының шарты ма?

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Фатху бабу әл-Ғиная» кітабында (неке бабында) айтты:

«(Азат, ақылы толық әйелдің некесі, ол жесір болсын, пәк болсын, өзі немесе басқасы үйлендірсін, уәлисіз қиған некесі дұрыс). Бұл Әбу Ханифадан келген ашық риуаятқа сәйкес және екі шәкірті (Имам Мухаммад пен Әбу Юсуф) Имам Әбу Ханифаның пікіріне қайтқандығы туралы имамдардың күні және Шейхул-Ислам Хауаһир Зәдә «әл-Мабсут» еңбегінде келтіреді.

Әуелде Әбу Юсуф былай деп айтты: «Егер уәлиі бола тұра (оның рұқсатынсыз) неке қиған болса, некесі дұрыс емес». Кейін өз ойын өзгертіп: «Егер күйеуі оған тең келсе, (онда уәлидің рұқсатынсыз да) неке жарамды, ал егер күйеуі қызға тең келмесе, неке дұрыс емес», - деді. Сосын ол ойынан да қайтып: «Күйеуі оған тең болсын, болмасын неке дұрыс деді», – деді. Мухаммадтың айтуы бойынша, күйеуі оған тең болсын, болмасын, неке уәлидің разылығына қарай мауқуф болады (яғни, керек кезде уәли некені бұза алады) деді.

Мәлик айтты: «Егер әйел шарапатты жан-ұядан болмаса, (уәлидің рұсқатынсыз қиған некелері) жарамды», - деді. Әш-Шафиғи мен Ахмад: «Әйелдердің жеке шешімімен (яғни, уәлидің рұсқатынсыз) қиылған неке дұрыс емес», Әбу Дәуіт, әт-Тирмизи және Ибн Маджа Ибн Джурайждан, ол Сулеймен ибн Мусадан, ол әз-Зуһриден, ол Уруадан, ол Айша анамыздан Аллаһ Елшісінің ﷺ мына сөзін жеткізді: «Әйел уәлидің рұқсатынсыз күйеуге шықса, некелері жарамсыз, некелері жарамсыз, некелері жарамсыз! Егер ол әйелмен қосылып қойған болса, оған мәһірін береді. Уәлиі жоқ әйелдің уәлиі сол жердің сұлтаны». Әт-Тирмизи: «Бұл хасан хадис», - дегеннен кейін былай деді: «Кейбір хадис ғалымдары бұл хадисті сынға алды, өйткені Ибн Джурайж: «Содан кейін мен аз-Зуһримен кездесіп, одан бұл туралы сұрадым, ол оны теріске шығарды», - деді. Сондықтан олар хадисті осы себепті әлсіз деп жариялады». Ибн Әди «әл-Кәмил» кітабында Суләйманның өмірбаянында айтты: «Ибн Джурайж былай деді: «Мен әз-Зуһримен кездесіп, одан бұл хадисті сұрадым, бірақ ол оны мойындамады», сондықтан мен оған: «Сулейман бізге ол хадисті риуаят етті! Ол оны жақсы мақтап айтты: «Мен қателесіп қалдым ба деп қорқамын», - деді».

Сондай-ақ (Әбу Дәуіттің) «әс-Сунан» хадис жинағында Ибн Әби Бурдадан, ол өз әкесінен, ол Пайғамбардан ﷺ: «Уәлисіз неке жоқ!», - деген хадис риуаят етіледі. Әт-Тирмизи: «Бұл хадис турасында (яғни, сахихтығына мухаддситер арасында) келіспеушіліктер бар», - дегеннен кейін әр тараптың келіспеушілік жақтарын айтады.

Ал «Сунан әд-Дарақутни» жинағында: «Ибн Сириннен, Әбу Һурайрадан, Пайғамбардан ﷺ риуаят еткен хадисте: «Әйел әйелді үйлендірмейді және әйел өзін үйлендірмейді (яғни, уәлидің рұсқатынсыз күйеуге шыға алмайды)! Ақиқатында өзін үйлендірген әйел зинақор». Және оны әл-Әузәғи Ибн Сириннен, Әбу Һурайрадан мауқуф (Пайғамбардың ﷺ емес, сахабадан келген) жолмен риуаят еткен. Және (Әбу Дәуіттің) «әс-Сунан» жинағында ибн Масғудтан жеткен марфуғ хадисте: «Уәлисіз және екі әділ куәгерсіз неке жоқ». Дегенмен, біріншісінің риуаят тізбегінде Бәкір ибн Баккар, екіншісінде Абдуллаһ ибн Мухаррар бар және екеуі де әлсіз.

Бізде дәлел ретінде Аллаһу Тағаланың сөзі бар: ﴾ол әйел (өз қалауымен) өзге еркекпен тұрмыс құрмайынша﴿. Аятта некені (уәлиге емес) әйелдің өзіне байлады. және: ﴾онда әйелдерге бұрынғы күйеулерімен қайта некелесуіне кедергі болып, қысым көрсетпеңдер﴿ деген сөзі және: ﴾шариғат шеңберінен шықпай жеке бастарына қатысты қабылдаған шешімдері мен өз беттерімен істеген істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар﴿ деген сөзі бар. Ибн Аббастың хадисінен әл-Бухариден басқа барлық хадис жинақтар (Муслим, Әбу Дәуіт, әт-Термизм, ән-Нәсәи, ибн Маджа және тағы басқалары) риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ: «Жесір әйелдің уәлиден артық құқығы бар, ал пәк қыздың өзінен рұқсат сұрау керек, ал оның рұқсаты – үндемеу», – деді. Риуаятта айтылған жесір әйел: күйеуі жоқ, ақыл-есі толық, балиғат жасына толған әйел.

Бейшара аудармашыдан: Біздің мәзһабта уәлидің рұқсаты некенің кемелдігіне, сүннетке сай болу үшін керек, некенің дұрыс болуы үшін емес.