September 15

«Уа, Аллаһым! Пақырлықтан, тапшылықтан және қорлықтан Саған сиынамын. Сондай-ақ біреуге зұлымдық жасаудан немесе өзіме зұлымдық жасалуынан Өзіңе сиынамын».

Әбу Һурайрадан, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ былай деп дұға ететін: «Уа, Аллаһым! Пақырлықтан, тапшылықтан және қорлықтан Саған сиынамын. Сондай-ақ біреуге зұлымдық жасаудан немесе өзіме зұлымдық жасалуынан Өзіңе сиынамын». Хадисті Әбу Дәуід пен ән-Нәсәи риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2467) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Уа, Аллаһым! Пақырлықтан) яғни, жүректің пақырлығынан немесе Аллаһтың бергеніне қанағат қылмай, дүние жинауға қатты құмар болған жүректен немесе ақыр соңында адамды Раббысының нығметін жоққа шығаруға, Оны еске алуды ұмытуға итермелейтін пақырлықтан немесе адам пақырлықтан құтылу үшін ар-намысы мен дінінен айыратын тыйым салынған істерге баруы мүмкін пақырлықтан.

Ат-Тыйби айтты: «Бұл жерде "пақырлық" деп – нәпсінің кедейлігін меңзеген. Яғни, қанағат деген рухани байлыққа қарсы келетін – рухани кедейлік. Немесе бұл – нақты дүниелік тұрғыдан алғанда мал-мүліктің аздығы. Бірақ бұл дұғада пақырлықтан пана сұраудың мәні – адамның тағдырына разы болмауына, мазасыздық пен бүлікке ұласатын пақырлық түрінен Аллаһқа сыйыну»; (тапшылықтан) — ізгі амалдар мен жақсылықтардың аздығын меңзеген. Себебі Пайғамбар ﷺ бұл дүниеде өзін шектеп ұстайтын, өткінші нәрселерге үйір болуды ұнатпайтын.

Тағы бір ғалым: «Бұл жерде «тапшылық» деп – адам санының немесе жәрдемшілердің аздығы айтылған» – дейді.

Тағы бір топ ғалымдардың айтуынша: «Мұнда айтылған «тапшылық» — сабырдың, көмекшілердің немесе ризығының аздығы, яғни күнделікті тіршілігін қамтамасыз ете алмай, ғибадатты толық атқара алмай қалатын күй».

Ал «әл-Хасин» атты еңбекте «тапшылық» сөзі орнына «фақа» (الفاقة) деген нұсқа келтірілген. Бұл – аса ауыр жоқшылық деген мағына береді (және қорлықтан) яғни, адамның өзгелердің көзінде қадір-қасиетін жоғалтып, менсінілмеуі, елеусіз, қадірсіз саналуы. Ал бұдан да анық мағынасы – күнә жасаудан туындайтын қорлық, немесе байлардың алдында жасқаншақтанып, мұқтаж күйде өзін қор қылуы.

Бұл дұғалар – үмбетке (рухани) сынақтардан сақтануға үйрету үшін жасалған.

Ат-Тыйби былай айтты: «Пақырлық» сөзінің (араб тіліндег) түбірі – адамның бел омыртқасының сынуы деген мағынадан шыққан. Бұл ұғым Құран мен хадистерде төрт түрлі мағынада қолданылады:

  1. Аса қажеттілікке мұқтаж болу – бұл барлық адамдарға, тіпті барлық жаратылысқа ортақ жағдай. Бұған ﴾Уа, адамдар! Аллаһтың алдында барлығың пақырсыңдар, бәрің де Оған мұқтажсыңдар!﴿ («Фатыр» сүресі, 15-аят) деген аят дәлел.
  2. Материалдық дүниенің болмауы – яғни байлықтың жоқтығы. Бұған: ﴾(Беретін зекет-садақаларыңды ең алдымен) өзін Аллаһ жолына басыбайлы бағыштаған кедейлерге беріңдер﴿ («Бақара» сүресі, 273-аят) және ﴾Зекет-садақалар тек қолы қысқа пақырларға﴿ («Тәубе» сүресі, 60-аят) деген аяттар дәлел.
  3. Нәпсінің пақырлығы – бұл Пайғамбарымыздың ﷺ: «Байлық – бұл дүниенің көптігімен емес, шын мәніндегі байлық – нәпсінің байлығы» деген сөзіне сәйкес келеді. Басқаша айтқанда: кімде қанағат болмаса, оған дүние байлық әкеле алмайды.
  4. Аллаһқа мұқтаждық – бұл рухани мағынадағы пақырлық. Бұған мына дұға дәлел: «Уа, Аллаһым! Саған мұқтаж екенімді сездіру арқылы мені байыт және Сенен мұқтаж еместей көрінуден мені сақта». Сол секілді Мұса пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі болсын, мына сөзі де осы мағынаны қамтиды: ﴾«Уа, Раббым! Шүбәсіз, маған берер қандай жақсылығыңа, нендей нығметіңе болса да зәрумін!»﴿ («Қасас» сүресі, 24-аят)».

Пайғамбарымыз ﷺ бұл хадисте пана тілеп отырған пақырлық – үшінші түрі, яғни нәпсінің пақырлығы. Ол дүниелік байлықтың жоқтығынан емес, қанағатсыздықтан пана тілеген.

Қади Ғйяд айтты: «Пайғамбарымыздың ﷺ пақырлықтан пана тілеуі – бай болуды қалау емес, қайта пақырлыққа сабыр ете алмаудан және оған разы болмаудан туындайтын фитнадан Аллаһтан пана сұрауы. Сондықтан басқа хадисте «пақырлықтың фитнасынан» деген. Керісінше, көптеген сахих хадистерде пақырлықтың артықшылықтары айтылған».

Ат-Тыйбидің, Аллаһ оны рақымына алсын, сөзінде айтылған бірінші және төртінші түрлерінің айырмашылығына келсек: Біріншісі – жалпы мәжбүрлі (жаратылысқа тән) пақырлық. Ал төртіншісі – арнайы әрі ерікті түрде (рухани түрде) өзін Аллаһқа мәңгі мұқтаж санау немесе – сол мәжбүрлі мұқтаждықты жүрекпен сезіну және әрдайым сол мұқтаждық күйін саналы түрде ұдайы есте ұстау.

Алайда Ибн Хаджар бұл екеуінің арасында еш айырмашылық жоқ деп айтып, ат-Тыйбидің жіктеуін дұрыс емес санаған. Бұл пікір осы тұстағы фиқһтағы терең түсінігі болмағанына ашық дәлел. (Сондай-ақ біреуге зұлымдық жасаудан немесе өзіме зұлымдық жасалуынан Өзіңе сиынамын») мұндағы сөздер әрі белгілі етісте («зұлымдық жасаудан»), әрі белгісіз етісте («маған зұлымдық жасалуынан») айтылған. «Зұлымдық» дегеніміз – бір нәрсені өз орнына қоймау немесе өзгенің хақын шектен шығу. (Хадисті Әбу Дәуід пен ән-Нәсәи риуаят етті), сондай-ақ Ибн Маджа мен әл-Хаким риуаят еткен».