Құбылаға қарай аяқты созуды әдет ету куәліктің қабыл етілмеуіне себеп
Ибн Әбидин әл-Ханафи өзінің әйгілі «Хашиясында» (2\435) айтты:
«(Сондай-ақ аяқты құбылаға созуы да) — мәкруһ тәнзиһи. Алайда ар-Рахматий (яғни, Шейх Мустафа ибн Мухаммад ибн Рахматуллаһ әл-Ансари әд-Димашқи әл-Ханафи) былай дейді: «Куәліктер кітабында: егер адам құбылаға қарай аяғын созып отыратын болса, оның (діндегі) куәлігі қабыл етілмейді деп келеді. Бұл болса, харамдықты талап етеді. Сондықтан бұл мәселе нақтылап түсіндірілсін» — деген.
(Бұл болса, харамдықты талап етеді. Сондықтан бұл мәселе нақтылап түсіндірілсін) деген сөздің мәні — егер адам құбылаға қарай аяғын созып отыруды әдетке айналдырса, сол жағдайға қатысты. Ондай адамның куәлігі қабыл етілмейді¹. Бұл — харамдықты білдіреді. Өйткені кіші күнә үздіксіз қайталану арқылы үлкен күнәға айналады. Сондықтан бұл түсіндірме мұндағы «мәкруһ тәнзиһи» деген үкімге қайшы келмейді».
¹Мұсылманның куәлігінің қабыл етілмеуі оның әділдігіне нұқсан келгенін әрі дінге құрметсіздікпен қарайтын мінезінің бар екенін білдіретін ауыр баға болып саналады.