«Күйеуінен себепсіз талақ сұраған әйелге жәннаттың иісі харам болады».
Хазіретті Сәубан айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Күйеуінен себепсіз талақ сұраған әйелге жәннаттың иісі харам болады». Хадисті Ахмад, әт-Термизи, Әбу Дәуіт, ибн Маджа және әд-Дәрими риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3279) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Күйеуінен себепсіз) яғни, өмірлік қиындық, зұлымдық немесе төзгісіз жағдай секілді шариғи қажеттіліксіз, тек нәпсілік себеппен күйеуінен ажырасуды талап етсе (талақ сұраған әйелге) басқа бір риуаятта: «... өзіне немесе басқа біреуге алу үшін сұраса» (жәннаттың иісі харам болады») яғни, жәннаттың иісінен мақрұм қалады. Бұл сөз – қатал ескерту мен қорқыту үшін айтылған немесе бұл (яғни, жәннат иісінен мақрұм қалу) – белгілі бір уақытпен ғана шектелуі мүмкін, яғни, ол жәннат иісін алғаш жақсылық жасаушылар сезетін сәтте сезбейді немесе жәннаттың иісін мүлдем сезбеуі де мүмкін. Бұл – үрейлендіруді күшейтудің бір тәсілі. Әл-Қади айтты: «Жәннатқа кіргеннің өзінде, ол жәннат иісінің ләззетінен мақрұм қалуы мүмкін». (Хадисті Ахмад, әт-Термизи, Әбу Дәуіт, ибн Маджа және әд-Дәрими риуаят етті) және ибн Хиббан мен әл-Хаким».