Рамазан айын бекітуде астроном-есепшілердің сөзі есепке алынбайды.
Ибн Әбидин әл-Ханафи өзінің әйгілі «Хашиясында» (6\235) айтты:
«((Рамазан айын бекітуде) астроном-есепшілердің сөзі ескерілмейді) — яғни, адамдарға оразаның міндет болуы мәселесінде.
«Әл-Миғраж» кітабында былай делінген:
«Олардың сөзі ижма бойынша есепке алынбайды. Жұлдызшы (астроном) өз есебіне сүйеніп амал етуіне де болмайды».
«Астроном-есепшілердің сөзімен (яғни, рамазан айының оразасы) міндет болмайды. Яғни: “Пәлен түні аспанда жаңа туған ай көрінеді” деген сөзімен — тіпті олар әділ адамдар болса да — (дұрыс пікір бойынша, Рамазан айының оразасы) міндет болмайды. Бұл «әл-Ийдахта» да айтылған».
Сондай-ақ шәфиғи мәзһабының имамы әс-Субкидің бұл мәселеде арнайы еңбегі бар. Ол еңбегінде астроном-есепшілердің сөзін негізге алуға бейім болды. Себебі ол: «Есеп — нақты (қатғи)» деп санаған.
Осыған ұқсас пікір «Шарх әл-Уәһбайя» кітабында да келген».
Астроном-есепшілер сөзіне сүйену мәселесі және әс-Субки пікіріне жауап
«Мен (ибн Әбидин) айтамын: Әс-Субкидің бұл сөзін оның мәзһабындағы кейінгі ғалымдар қайтарған. Солардың ішінде: Ибн Хаджар және ар-Рамли — екеуі де «әл-Минһәжге» жазған шархтарында.
Сондай-ақ шәфиғи үлкен ғалым Шиһаб ар-Рамлидің «Пәтәуәларында» былай деп сұралған: Егер айдың 30-ші түні айды көрдік деп сенімді куәлік берілсе, ал (астрономдардық) есеп бойынша сол түні айды көру мүмкін емес делінсе — есепшілердің сөзімен амал етіле ме? Себебі есеп — нақты, ал куәлік — жорамал.
Ол бұл мәселені ұзақ талқылаған. Сонда сұрақ: осы (астрономдардың) айтқанымен амал етіле ме, жоқ па?
Сондай-ақ тағы бір жағдай:
Егер ай 29-ші күні күн шықпай тұрып күндіз көрінсе, әрі бір топ адам Шағбанның 30-ші түні Рамазан айын көрдік деп куәлік берсе — бұл куәлік қабыл етіле ме, жоқ па?
Себебі:
Егер ай толық ай болса — екі түн бойы батады;
Егер ай кем болса — бір түн батады;
Немесе үшінші түні құптан уақыты кірмей тұрып батса (Пайғамбарымыз ﷺ үшінші түні ай батқан кезде құптан намазын оқитын болған) — мұндай жағдайда куәлікпен амал етіле ме, жоқ па?
«Үш мәселенің үшеуінде де амал етілетіні — сенімді куәліктің айтқаны. Өйткені шариғат куәлікті үкімде — яқин (нақты дәлел) дәрежесіне қойған.
Ал әс-Субкидің айтқаны — қабыл етілмейді. Оны кейінгі көптеген ғалымдар теріске шығарған. Сондай-ақ куәлікпен амал ету — Пайғамбарымыз ﷺ намаз оқу жолына қайшы емес.
Біздің бұл сөзіміздің негізі: шариғат есепке сүйенбеген. Керісінше, оны толық жоққа шығарған. Себебі Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Біз — оқып-жазбайтын үмбетпіз. Жазбаймыз да, есеп жүргізбейміз. Ай бірде осылай, бірде осылай болады (яғни 29 немесе 30 күн)».
Сондай-ақ Ибн Дақиқ әл-Ид: «Намаз уақыттарын анықтауда есепке сүйенуге болмайды» деген.
Ал әс-Субки айтқан: «Куә қателесуі мүмкін...» деген сияқты ықтимал жорамалдардың шариғатта әсері жоқ. Өйткені мұндай ықтималдар басқа куәліктерде де болуы мүмкін».