Дүниелік нәрседен айырылып қалғанына қайғыру мәселесі.
«Қырық төртінші — дүниелік нәрседен айырылып қалғанына қайғыру: Бұл — адам баласының дүниелік нығметтерден айырылып қалғанына өкінуі мен күйінуі. Осындай қайғыға берілген адамға тән тағы бір сипат — ол дүниенің келуіне, молаюына және артуына қуанады.
Ал бұл қайғырудың қайнары — дүниеге деген махаббат және адамның барлық қалаулары дүниеде жүзеге асады, әрі олар мәңгі сақталады деп үміт етуі. Бұл — надандық. Мұндай адам өзінің назарын бақи болатын сауапты амалдарға бұруы керек. Аллаһ Тағала былай деді: ﴾Бұл уыстарыңнан шығып кеткенге аһ ұрып өкінбеулерің және Аллаһтың нәсіп еткен нығметтеріне масайрап, асып-таспауларың үшін﴿ («Хадид» сүресі, 23-аят).
Біліп қой: егер (дүние үшін) қайғы адамды сабырдан жұбату таба алмайтын күйзеліске жеткізсе, сондай-ақ (дүние үшін) қуаныш оны шүкіршіліктен шектен шығуға және менмендікке итермелесе – бұл екеуі де харам болады. Ал егер олай болмаса, онда харам емес.
Алайда кемелдік – дүниенің келуі мен кетуінде адамның ішкі күйінің бірдей болуы. Бұл – толықтай мойынсұну мен істі Аллаһқа тапсыру дәрежесі, ал ондай дәреже өте сирек кездеседі».
Фақих, шейх (ән-Нәхләуй атымен танымал) Халил ибн Абдул-Қадир әш-Шәйбани әл-Ханафи, «әд-Дурар әл-Мубаха фи әл-Хазр уә әл-Ибаха», 431 бет.