October 3

«Кімде-кім маған сәлем жолдаса, оның сәлеміне жауап беруім үшін Аллаһу Тағала менің рухымды қайта қайтарады».

Хазіретті Әбу Һурайра жеткізген хадисте айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Кімде-кім маған сәлем жолдаса, оның сәлеміне жауап беруім үшін Аллаһу Тағала менің рухымды қайта қайтарады». Хадисті Әбу Дәуіт және әл-Байһақи өзінің «әд-Дағуату әл-Кәбир» кітабында жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 925) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Кімде-кім маған сәлем жолдаса, оның сәлеміне) яғни: «Мен: уәғаләйкумус-сәләм деп» (жауап беруім үшін, Аллаһу Тағала менің рухымды) Ибн Хаджар айтты: «Яғни, «менің сөйлей алуымды» (қайта қайтарады») .

Қазы (әл-Ғияд) айтты: «Мүмкін бұл («рухымды қайта қайтарады» деген) сөздің мағынасы – Пайғамбарымыздың ﷺ қасиетті рухы Аллаһтың құзырындағы бір істермен айналысатын болар, ал үмметінен біреу сәлем айтқан кезде, Аллаһу Тағала оның ﷺ қасиетті рухын сол күйден шығарып, сәлемге жауап беруі үшін қайтарады. Бұл дүниеде де Пайғамбарымыз ﷺ үмбетіне Аллаһтан келген уахи мен нұрды жеткізіп отыратын. Сол сияқты, ол қабірде де, ақыретте де үмбетімен байланыста болады, үнемі олардың жағдайымен айналысады».

Ибн әл-Мәлик айтты: «Рухтың қайтарылуы – біреу оған сәлем айтқанын Аллаһу Тағаланың Пайғамбарға ﷺ хабар беруінің астарлы түрдегі бейнесі болуы мүмкін».

Ас-Суюти бұл хадистегі кейбір түсініксіз жерлерге қатысты арнайы жазған рисаласында бірнеше жауаптар келтірген.

(Хадисті Әбу Дәуіт және әл-Байһақи өзінің «әд-Дағуату әл-Кәбир» кітабында жеткізді). Ибн Хаджар айтты: «Хадисті Табарани мен Ибн Асәкир де келтіреді. Иснад жолы – жақсы, тіпті имам ән-Нәуәуи «әл-Азкар» кітабында және басқалар да сахих деген».

Бір риуаятта «Пайғамбарымыздың ﷺ қабірінің жанында сәлем беру» деп келген. Бірақ кейбір хадис зерттеушілер: «Мен бұл қосуды хадистің түрлі жолдарынан көрмедім», – деп айтқан».