June 21

Әйелдердің қабірлерге баруы мәкруһ, ал қазіргі заманда оларға қабірлерді зиярат етуге тыйым салынады.

Фақиһ, муфассир Абдуш-Шакур әт-Термизи әл-Ханафи әл-Матуриди «Тәкмилату әхкаму әл-Қуран әлә дау мә ифада» (13/305) кітабында айтты:

Ибн Абдул-Барр былай дейді:

«Ғалымдардың көпшілігі әйелдердің намазға шығуын мәкруһ санаған. Ендеше олардың қабірлерге баруы бұдан да артық мәкруһ болады».

Бұл сөзді әл-Ғайни келтіріп, кеңінен түсіндірген. Соңында ол:

«Қорытындылай келгенде, әйелдердің қабірлерді зиярат етуі мәкруһ. Тіпті қазіргі заманда, әсіресе Мысыр әйелдері үшін харам», – деген.
(«Хашияту әл-Бухари», Мәуләнә Ахмад Әли әс-Саһаранфури)

Әлсіз құл (яғни автор) былай дейді:

«Егер фитнадан толық қауіпсіздік болса, онда әйелдердің қабірлерді зиярат етуі мәкруһ болмайды. Өйткені Пайғамбарымыздың ﷺ: «Мен сендерге тыйым салған едім...» деген сөзіндегі үндеу ерлер мен әйелдердің барлығына қатысты болғаны сияқты, «Енді зиярат етіңдер» деген бұйрық та екеуіне бірдей қатысты.
Алайда қазіргі заманда фитналар көбейіп, бұзақылық кең таралғандықтан, әйелдерге қабірлерді зиярат етуге рұқсат беруге болмайды. Керісінше, егер шариғат белгілеген әдептер толық сақталмайтын болса, онда оларды бұдан тыю міндет болады.
Ал шариғат талаптарын толық сақтау қазіргі уақытта өте сирек кездеседі. Сирек кездесетін жағдай шариғатта жоқпен тең саналады және үкімдер соған құрылмайды. Керісінше, үкімдер көпшілік жағдайда орын алатын жағдайға негізделеді. Сондықтан бұл жерде тыйым салу дұрыс болады.
Сол себепті қабірлерді зиярат етуге берілген рұқсат әйелдердің мешіттерге және айт намаздарына шығуына рұқсат етілген заманға ғана қатысты деп түсінген жөн. Бұл «Шарху әл-Мунияда» айтылған.
Егер қазіргі кезде әйелдерге мешіттер мен айт намаздарына баруға тыйым салынса, онда оларды қабірлерді зиярат етуден де тыю қажет. Өйткені қабірлерге барудағы фитна мешітке барудан да күштірек. Себебі мешіттер қаланың ішінде орналасқан, ал қабірлер оның сыртында болады. Әйелдің қала сыртына шығуы фитна тұрғысынан әлдеқайда қауіпті екені белгілі» («Иғлә әс-Сунан»).