May 17

Абдуллаһ ибн Амр балиғат жасына толмағандарына бұл сөздерді қағазға жазып, мойнына іліп қоятын.

Амр ибн Шуғайб өз әкесінен, ол атасынан (Абдуллаһ ибн Амрден, оған Аллаһ разы болсын) риуаят еткен хадисте, Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Егер сендердің біреулерің түнде шошынып оянса, былай деп айтсын: «Аллаһтың кемел сөздерімен Аллаһтың қаһарынан, азабынан, құлдарының зұлымдығынан, шайтандардың азғыруларынан және олардың маған келуінен пана сұраймын». Ақиқатында олар зиян бермейді». Абдуллаһ ибн Амр балиғатқа толған балаларына осы дұғаны үйрететін, ал балиғат жасына толмағандарына бұл сөздерді қағазға жазып, мойнына іліп қоятын» (хадисті Әбу Дуәіт және әт-Термизи осы сөзбен риуаят етті).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2477) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Егер сендердің біреулерің түнде) яғни, ұйықтап жатқанда немесе кез-келген қалаған уақытта; (шошып оянса) яғни, қорқып оянса, (былай деп айтсын: «Аллаһтың кемел сөздерімен) яғни, Оның есімдерін, сипаттарын және Құран аяттарын қамтиды, (Аллаһтың қаһарынан) яғни, Аллаһтың есе қайтаруынан, (азабынан) яғни, азаптауы мен Аллаһты көруге кедергі болатын пердесінен, (құлдарының зұлымдығынан) олардың әділетсіздігі мен күнәсынан және тағы басқасынан, (шайтандардың азғыруларынан) яғни, олардың ой салуынан, азғыруынан және жүрекке фитна мен бұзылған сенім салуларынан... (және) яғни, намазда тұрғанда, Құран оқығанда, зікір еткенде, дұға еткенде және өлім сәтінде (олардың маған келуінен пана сұраймын). (Ақиқатында олар зиян бермейді) яғни, осы дұғамен дұға етсе, физикалық болсын, рухани болсын, оған зиян тигізбейді. Бұл хадис қорқыныш шайтаннан екеніне дәлел.

(Абдуллаһ ибн Амр балиғатқа толған балаларына осы дұғаны үйрететін, ал балиғат жасына толмағандарына бұл сөздерді қағазға жазып, мойнына іліп қоятын») яғни, бұл Аллаһу Тағаланың есімдері жазылған бойтұмарларды ілуге ​​негіз болады».