August 25

Ешбір әйел жанында махрамы болмаса, сапарға шықпасын!

Ол риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Ешбір еркек әйелмен оңаша қалмасын және ешбір әйел жанында махрамы болмаса, сапарға шықпасын». Сонда бір адам: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Мен пәленше жорыққа қатысуға жазылып қойдым, ал әйелім қажылыққа кетіп бара жатыр», – деді. Сонда Пайғамбар ﷺ айтты: «Үйіңе қайт та, әйеліңмен бірге қажылық жаса». Хадисті Бухари мен Муслим риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2513) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Ол) яғни, хазіретті ибн Аббас (риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Ешбір еркек) бөтен (әйелмен оңаша қалмасын) күшейтілген тыйым, өте қатаң ескерту (және ешбір әйел) яғни, жас болсын, кәрі болсын – кез келген әйел (жанында махрамы болмаса, сапарға шықпасын»). Яғни, біздің мәзһаб бойынша үш күн және түн қашықтыққа (яғни, 80-90 км.). Ибн әл-Һумам айтты: «Сахих Бухари мен Сахих Муслимдегі риуаяттарда: «Ешбір әйел үш күндік жолға махрамсыз шықпасын» – делінген. Тағы бір нұсқада: «Үш күннен ұзақ жолға...». Бухаридегі бір риуаятта: «Үш күндік жолға». Ал әл-Баазардың риуаятында: «Ешбір әйел қажылыққа махрамсыз бармасын». Даруқутнидің риуаятында: «Ешбір әйел махрамсыз қажылық жасамасын» делінген.

Имам Ибн әл-Мәлик айтты: «Бұл хадис – егер әйелдің қасында махрамы болмаса, оған қажылық парыз болмайтынына дәлел». Осы пікірді Имам Әбу Ханифа мен Имам Ахмад, Аллаһ олардан разы болсын, ұстанған. Ал Имам Мәлик, Аллаһ оны рақым етсін: «Егер қасында әйел жамағаты болса, онда оған қажылық жасау міндет болады», – деген. Имам Шәфиғи, Аллаһ оны рақым етсін, болса: «Егер қасында сенімді (әділ) бір әйел болса, қажылық оған уәжіп болады», – деген» (пақыр аудармашыдан: автор бұл жерде ғалымдар арасындағы пікір айырмашылықтарын тек ақпарат ретінде келтіріп отыр — кімге қайсысы ұнаса, соны алсын деген мақсатта емес. Сондықтан әркім өз мәзһабына сай амал етуі қажет).

Имам аш-Шумни былай деген: «Имам Мәликтің мәзһабы бойынша, егер әйел сенімді жолаушы әйелдер тобын тапса, қажылық оған міндет болады. Өйткені бұл – һижрет секілді парыз болған сапар. Ал Имам Шәфиғидің мәзһабы бойынша: «Егер әйел бірнеше сенімді (әділ) әйелдерді тапса, солармен бірге қажылыққа баруы тиіс».

Содан кейін ол (аш-Шумни) былай деді: «Біле жүр: әйелге қатысты тағы бір шарт – ол жесірдің немесе талақ алған әйелдің идда мерзімінде болмауы керек».

Махрам дегеніміз – әйелге неке қиюы мәңгілікке харам болған ер адам: туыстық жағынан, сүт арқылы туыстықтан, некелік туыстықтан (яғни, қайын аға, қайын ата секілді) адам. Және ол (әйелді қажылыққа апаратын махрам ер адам) мукәллиф (балиғат жасына толған, ақылы бар), әрі мәжуси немесе сенімсіз (яғни, пасық) кісі болмауы шарт».

(Сонда бір адам: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Мен пәленше жорыққа қатысуға жазылып қойдым) әт-Тыйби, Аллаһ оны рақым етсін, айтты: «Яғни, менің атым жорыққа шығатындардың тізіміне жазылып, бекітілді. Мұндай жағдайда (яғни, әйелдің қажылыққа махрамсыз шығуы), ер адамға жихадқа қатыспауға рұқсат ( Сонда Пайғамбар ﷺ айтты: «Үйіңе қайт та, әйеліңмен бірге қажылық жаса») әл-Баззар риуаятында: «Үйіңе қайт та, онымен бірге қажылық жаса» – деп айтылған.

Әт-Тыйби, Аллаһ оны рақым етсін, айтты: «Мұнда қай істің басым екендігіне назар аудару бар: өйткені жихадта оның орнына басқа адам бара алады, ал әйелінің қажылығында оны тек өзі ғана ертіп бара алады»».