﴾Кімде-кім Аллаһқа және расулына тиісінше мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады﴿.
﴾Кімде-кім Аллаһқа және расулына тиісінше мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші! Бұл – Аллаһтың шексіз шарапаты﴿. («Ән-Ниса» сүресі, 69-аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Оқиғалардың бірінде былай делінген: «Бір адам Аллаһ Елшісіне ﷺ келіп, жылап жіберіп: «Жаным қолында болған Аллаһпен ант етемін, Сіз маған өз жанымнан, балаларымнан, тіпті бүкіл отбасымнан да артық сүйіктісіз! Сізді үнемі еске аламын, егер Сізге келіп жүз танып отырмасам, өліп кетердей болам. Бірақ мен өлімімді де, Сіздің өліміңізді де ойлаймын. Сіз жәннатта пайғамбарлармен бірге ең жоғарғы дәрежеде боласыз, ал мен егер жәннатқа кіре қалсам да, Сізден төменгі дәрежеде боламын, Сізден жырақ боламын. Осыдан қатты уайымдап, жыладым», – деді.
Сонда Пайғамбар ﷺ еш жауап бермеді. Сол сәтте Аллаһ Тағала жоғарыдағы аятты түсірді: ﴾Кімде-кім Аллаһқа және расулына тиісінше мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады﴿.
Сонда Пайғамбар ﷺ оған былай деді: «Қуан, уа, пәленше! Сен жәннатта менімен бірге боласың, Аллаһ қаласа».
«Бір күні Аллаһ Елшісі ﷺ сахабаларының жанына келді. Олардың жүзінде жабырқау мен мұңды көріп: «Сендерге не болды? Неге жүздерің мен реңдерің өзгеріп кеткен?» – деп сұрады.
Олар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Біз ауырмай да, сырқамай да тұрмыз. Бірақ Сізді көрмей қалсақ, сағынамыз, жалғызсыраймыз. Сізбен қауышқанша дейін жанымыз тыным таппайды. Ал ақыретті еске алсақ, (Сіз бізден әлдеқайда жоғары дәрежеде болып) біз Сізді көре алмай қаламыз ба деп қорқамыз. Біз осыған байланысты мұңайып отырмыз», – деді.
Сол кезде Аллаһ Тағала жоғарыдағы аятты түсірді: ﴾Кімде-кім Аллаһқа және расулына тиісінше мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады﴿.
Тағы бір ықтимал – бұл аят жоғарыда айтылған жағдайлардың ешқайсысына қатысты емес, басқа бірнеше мағынаға келуі мүмкін:
Яһудилер мен басқа кәпірлер, сондай-ақ Аллаһ Елшісіне ﷺ зиян келтіргендер және оның шақыруына жауап беруден бас тартып, асылық пен тәкәппарлықпен бойсұнбағандар, кейіннен мұсылман болып, Пайғамбарға ﷺ бойсұнса да, олардың тәубесі қабыл болмайды деп ойлаған. Олар Аллаһ Елшісіне ﷺ ешқашан зиян келтірмеген, оған әрдайым бойсұнған мүміндермен бірдей дәрежеге жете алмаймыз деп қауіптенген.
Міне, сондықтан Аллаһ Тағала хабар беріп тұр: егер олар Аллаһ пен Пайғамбарға ﷺ бойсұнса, онда: ﴾Кімде-кім Аллаһқа және расулына тиісінше мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады﴿, яғни олар ешқашан бойсұнудан бас тартпағандай дәрежеде болады. Аллаһ жақсы біледі.
Бұл Аллаһтың мына сөзіндей: ﴾(Уа, Мұхаммед!) Күпірлік қылғандарға айт, егер райынан қайтып, хақ дінге кірсе, өткен-кеткен күнәлары түгелдей кешіріледі﴿ («әл-Әнфәл» сүресі, 38-аят).
«Жәннатта әр адамға дүние секілді бір әлем беріледі» дегенді естіп, сондықтан жәннатта бір-бірімізден алшақ боламыз, бір-бірімізбен жолыға алмаймыз деп ойлаған. Аллаһу Тағала бұл аят арқылы олардың жәннатта бірге болатынын білдіріп, бұл – дүниедегі ең үлкен нығметтердің бірі екенін ескерткен.
Бұл аят бастапқыдан айтылған болуы мүмкін. Яғни кім Аллаһқа және Оның Елшісіне бойсұнса, ол жәннатта ﴾Аллаһтың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады﴿. Олар әртүрлі жерде емес, бір жерде болады. Аллаһ жақсырақ білуші. Бұл түсіндірмелер – шын мәнінде – ең қисындысы, өйткені олар Аллаһқа бойсұнумен жауап қайтарды. Аллаһ жақсырақ білуші.
Сосын «сыддықтар» деген сөзге қатысты ғалымдар арасында бірнеше пікір бар.
Бірі: шыншылдар – пайғамбарлардың ізбасарлары, яғни олардан кейін келіп, білім үйреткен, адамдарды барлық жақсылық пен бойсұнушылыққа шақырған кісілер.
Тағы бірі: шыншыл деген – пайғамбар Аллаһтың дініне шақырған кезде, бірден сеніп, алғашқы көрген сәттен-ақ оны растап, шын көңілімен иланған адам.
Ал «шәһидтер» туралы да әртүрлі пікірлер бар:
- Шәһид – Аллаһ жолында соғыста өлтірілген адам.
- Шәһид – Аллаһтың дінін толық ұстанған, шариғатты бұлжытпай орындаған адам.
- Кейбір ғалымдар: «сыддықтар, шейіттер және ізгі жандар – бұлар бәрі бір мағынада», – деген (яғни барлығы Аллаһтың ерекше рақымына бөленген шынайы мүміндер).
Аллаһ Тағаланың: ﴾Бұл – Аллаһтың шексіз шарапаты﴿ – деген сөзі сыйдың Аллаһ Тағаланың кеңшілігі мен шексіз рақымынан екендігін білдіреді. Өйткені Аллаһ оларға бұдан бұрын-ақ нығмет беріп, жақсылық еткен болатын. Сол себепті олардың бойсұнушылығы – шүкірлік ретінде қабылданады. Жәннатқа тек Аллаһтың рақымы мен кеңшілігімен кіреді.
Ал ﴾Бұл – Аллаһтың шексіз шарапаты﴿ дегені – оларға берілген нығметтер – Аллаһ тарапынан берілген шексіз шарапаты деген сөз.
Тағы бір мағынада ﴾Бұл – Аллаһтың шексіз шарапаты﴿ – яғни олардың (мүміндердің) арасындағы жолдастық – Аллаһтың шарапаты дегенді білдіреді.
Бұл аят «муғтазила» ағымының пікіріне қайшы. Өйткені адамдардың құлшылықтары мен жақсылықтары – олардың өз күштерімен емес, Аллаһтың кеңшілігімен, Оның жәрдемі мен ықылас беруімен ғана мүмкін болады. Міне, сол арқылы ғана олар сауапқа лайық болады».