October 20

Мысықты сату және стаып алу мәселесі.

Әли ибн Хужр мен Әли ибн Хашрам, екеуі Иса ибн Юнус бізге әл-Ағмаштан, ол Әбу Суфияннан, ол Джәбирден:

«Аллаһ Елшісі ﷺ ит пен мысықты сатудан түскен ақшаны алуға тыйым салды».

Имам әт-Термизи айтты: «Бұл хадистің иснадында қайшылық (идтираб) бар. Сондай-ақ бұл хадис әл-Ағмаштан, оның кейбір серіктері арқылы Джәбирден риуаят етілген. Осы хадисті әл-Ағмаштан жеткізушілер оны әртүрлі жолмен, өзара қайшылықпен риуаят еткен.

Бірқатар ғалымдар мысықты сатудан түскен ақшаны алуды құптамаған, ал кейбірі оған рұқсат берген. Ахмад пен Исхақ та рұқсат бергендердің қатарында.

Ибн Фудайл бұл хадисті басқа жолмен: әл-Ағмаштан, ол Әбу Хазимнен, ол Әбу Һурайрадан, ол Пайғамбардан ﷺ риуаят еткен».

Яхия ибн Муса, ол Абдур-Раззақтан, ол Омар ибн Зәйд әс-Санғаниден, ол Әбу әз-Зубәйрден, ол Джәбирден:

«Аллаһ елшісі ﷺ мысықтың етін жеуге және оны сатудан түскен ақшаны алуға тыйым салды».

Имам әт-Термизи айтты: «Бұл — ғариб хадис. Омар ибн Зәйдтен Абдур-Раззақтан басқа риуаят еткен ешкімді дерлік білмейміз.

1. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи өзінің әйгілі «әл-Биная шарх әл-Һидая» (12\85) кітабында айтты:

Егер сен: «Мысықты сатуға қатысты үкім қандай?» — деп сұрасаң, мен былай жауап беремін:

Ат-Тахауи мен әт-Тирмизи Әбу Суфиянның Джәбирден жеткізген мына хадисін риуаят еткен: «Пайғамбар ﷺ ит пен мысықты сатудан түскен ақшаны алуға тыйым салды». Содан кейін әт-Тирмизи: «Бұл хадистің иснадында қайшылық (идтираб) бар», — деген.

Сондай-ақ әт-Тирмизи Әбу әз-Зубәйрдің Джәбирден жеткізген: «Аллаһ елшісі ﷺ мысықтың етін жеуге және оны сатудан түскен ақшаны алуға тыйым салды», — деген хадисін риуаят етіп: «Бұл — ғариб хадис», — деген.

Муслим Әбу әз-Зубәйрден мына риуаятты жеткізген: «Мен Джәбирден ит пен мысықты сатудан түскен ақша жайында сұрадым. Ол: “Пайғамбар ﷺ бұған тыйым салған”, — деп жауап берді».

Ән-Нәсәи де осы хадисті мына сөздермен риуаят еткен: «Аңшы иттен басқа ит пен мысықты сатуға тыйым салды». Ән-Нәсәи оны келтіргеннен кейін: «Бұл — мүнкәр хадис», — деген.

Ғалымдар мысықты сатуға бола ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Бір топ оны сатуға да, одан түскен ақшаны алуға да рұқсат берген. Ғалымдардың көпшілігі осы пікірде. Хасан әл-Басри, Мухаммад ибн Сирин, әл-Хакам, Хаммад, Мәлик, Суфиян әс-Сәури, Әбу Ханифа және оның шәкірттері, әш-Шафиғи, Ахмад пен Исхақ та осыны ұстанған.

Ибн әл-Мунзир: «Ибн Аббастың мысық сатуға рұқсат бергені бізге жеткен», — деген. Сондай-ақ ол: «Бір топ оны сатуды құптамаған. Бұл пікір Әбу Һурайрадан, Тауыс пен Мужаһидтен жеткен. Джәбир ибн Зәйд те осы пікірді ұстанған», — дейді.

Мысықты сатуға рұқсат бергендер оған тыйым салынған хадиске бірнеше жауап айтқан:

  1. Хадис әлсіз деген жауап. Алайда бұл тұжырым теріске шығарылған.
  2. Хадистегі тыйым жабайыланып кеткен, сатып алушыға ұстап тапсыру мүмкін емес мысыққа қатысты деген түсіндіру. Әл-Бәйһақи «әс-Сунан» еңбегінде кейбір ғалымдардан осы пікірді жеткізген.
  3. Бұл тыйым Исламның бастапқы кезеңінде, мысық нәжіс деп есептелген кезде болған деген пікір. Кейін оның ішкенінен қалған су таза деп үкім берілгенде, оны сатудан түскен ақша да адал болған. Әл-Бәйһақи бұл пікірді де кейбір ғалымдардан жеткізген.
  4. Тыйым харамдықты емес, мәкруһтықты білдіреді деген түсіндіру. Муслим жеткізген риуаяттағы «сөкті» сөзі тыйымның жеңілірек екенін аңғартады, сондықтан ол харамдықты емес, істемеген абзал екенін білдіреді делінген. Ал Ибн Хазм, керісінше: «Сөгу — тыйымның ең қатаң түрі», — деген. Бұл екі тұжырымның да талқылауды қажет ететін тұстары бар екені анық.
  5. Бұл хадиске Әбу Һурайра мен Ибн Аббастан жеткен, Пайғамбардың ﷺ мысықтың ақысын алуға рұқсат бергені туралы риуаят қайшы келеді деген жауап. Ибн Хазм кейбіреулерден осы пікірді келтіріп, кейін оны ұзақ талдау арқылы теріске шығарған.
  6. Мысық пен ұстауға рұқсат етілген иттің мұраға, өсиетке және меншікке қатысты үкімдерге кіретініне ижмағ бар болғандықтан, оларды сатуға да болады деген дәлел. Ибн Хазм кейбіреулерден бұл пікірді де жеткізіп, оны да теріске шығарған.

Ән-Нәуауи былай деген:

«Негізге алынатын жауап — тыйым пайдасы жоқ мысыққа қатысты немесе адамдар оны сыйға беруге және уақытша пайдалануға беруге дағдылансын деген мақсаттағы (тәнзиһ) мәкруһтық тыйым».

2. Муфти Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Тәкмиләту Фатхил-Мулһим» кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

Мысықты сатуды харам деп санағандар осы хадисті дәлел еткен. Мұндай пікір Әбу Һурайрадан, Тауыс, Муджаһид және джәбир ибн Зәйдтен жеткен. Ибн Хазм да «әл-Мухалла» еңбегінде (9:13) осы пікірді ұстанған.

Төрт имам және өзге ғалымдардың көпшілігі мысықты сатуға рұқсат берген. Олар осы тараудағы хадистің тыйымын харамдықты емес, (тәнзиһ) мәкруһтықты білдіреді деп түсіндірген. Бұл — осы мәселеде айтылған пікірлердің ең дұрысы.

Кейбір ғалымдар осы хадиске басқа да түсіндірмелер ұсынған. Бір пікір бойынша, хадистегі мысық туралы бөлік әлсіз. Алайда ән-Нәуауи, әл-Ғайни және басқа ғалымдар иснадының мықтылығына байланысты бұл пікірді теріске шығарған.

Тағы бір пікір бойынша, хадис ұстап, сатып алушыға тапсыру мүмкін емес жабайы мысыққа қатысты. Ал басқа бір пікірде бұл тыйым Исламның бастапқы кезеңінде, мысық нәжіс деп есептелген кезде болған; кейін оның таза екені туралы үкім берілген соң, оны сатудан түскен ақша да адал болған делінеді.

Әл-Бәйһақи «әс-Сунан» еңбегінде (6:11) осы соңғы екі пікірді келтіріп: «Бұл екі пікірдің ешқайсысына айқын дәлел жоқ», — деген.

Дұрысы — жоғарыда айтқанымыздай, тыйым (тәнзиһ) мәкруһтықты білдіреді. Мұның мақсаты — адамдарды мысықты сыйға беруге және уақытша пайдалануға беруге дағдыландыру.

3. Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» кітабында (1279-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Бұл тыйым ешбір тұрғыдан пайдасы жоқ мысықты сатуға қатысты деп немесе (тәнзиһ) мәкруһтықты білдіретін тыйым деп түсіндіріледі.

Итті сатудан түскен ақша мәселесін бұған дейін қарастырғанбыз, сол жерден қараңыз. Біздің ханафи ғалымдарымыз да осы пікірді ұстанады.