Yesterday

«Үй тұрғызуда харамнан сақтаныңдар. Өйткені бұл – құлдыраудың, күйреудің негізі».

Ибн Омардан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жетізген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Үй тұрғызуда харамнан сақтаныңдар. Өйткені бұл – құлдыраудың, күйреудің негізі».

Бұл риуаятты әл-Байһақи «Шуғабу әл-Иман» кітабында келтірген.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5210) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Үй тұрғызуда) яғни, дүниелік, өткінші ғимараттарды тұрғызуда (харамнан сақтаныңдар) яғни, құрылысқа харам жолмен келген малды жұмсаудан абай болу керек. «Әл-Жәмиғ» кітабында: «(Құрылыста) харам тастан сақтаныңдар», – деп келген. (Өйткені бұл – құлдыраудың, күйреудің негізі») яғни, болашақта қирайтын нәрсе. Басқа бір сөзде: «Өлу үшін туыңдар, қирау үшін салыңдар» деп айтылған.

Бұл жерде «харам» деген тар мағына емес. Бұнда ишара бар: халал малдың өзін орынсыз, ақыреті үшін пайдасыз жерге жұмсау да дұрыс емес. Имам Ғазали: «Егер адамдар қырық күн тек таза халалмен өмір сүрсе, дүние жүйесіз қалып, быт-шыт болар еді» деген. Сол себепті: «Жынды адамдар болмаса, дүние қирар еді» деп айтылған. Басқалары: «Ғапылдық – рахмет» деген. Киелі аятта: ﴾Адамдардың есеп беретін күні таяды. Алайда олар сонда да ақиқаттан сырт айналған күйі ғапылдықта жүр﴿ деп келген.

«Бұл (яғни, құрылыс\үй салу) – діннің құрдымға кетуінің себебі» немесе «бұл (яғни, үй салу) – ғимараттың қирауының негізі» деген мағынаны да береді. Егер бірінші мағына алынса – халал малды құрылыста жұмсауға рұқсат деген ишарат бар. Ал екінші мағына алынса – бұл тыйымға жақындау, әрі осы тарауға көбірек сәйкес келеді (өйткені адал малды мәңгі қалмайтын, болашақта қирап қалатын құрылысқа жұмсау малды бекерге шашу секілді болады). Дұрысын Аллаһ жақсы біледі».