﴾Ендеше, бір істі бітірген соң, бірден басқа іске кіріс﴿.
﴾Ендеше, бір істі бітірген соң, бірден басқа іске кіріс. Сондай-ақ (қандай іспен айналыссаң да) әрдайым Раббыңа, Оның разылығына қарай ұмтыл!﴿ («аш-Шарх» сүресі, 7-аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Кейбіреулер: «Егер дүниелік ісіңнен босасаң, ақыретің үшін күш жұмса» – деді. Аяттағы «فَانْصَبْ» сөзінің мағынасы – «қиналу, шаршау» деген (яғни, ақыретің үшін күш жұмсап шаршау, қиналу).
Әл-Хасан айтты: «Оған ғазауаттан босағанда, құлшылықта күш салуға әмір етілді». Бірақ бұл пікір алыстау, өйткені бұл аят Меккеде түскен, ал Меккеде әлі ғазауат пен жиһадқа әмір етілмеген еді. Бірақ, егер ол аят болашақта соғыс әмір етілетін уақыттар үшін түскен болса, онда ол үкім сол мезеттерде ғана орындалу керек болады, түсу кезінде емес.
Кейбіреулер: «Намаздан босағанда дұғаға күш сал» – деді.
Қатада: «Оған намаздан босағанда дұғада ыждаһат етіп, Аллаһтан тілеуі әмір етілді» – деді.
Ибн Масғудтан: «Парыздардан босағанда түнгі намазға беріл» – деген риуаят бар.
Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл аяттың мәні мынадай: «Егер сен адамдарға пайғамбарлықты жеткізуді аяқтасаң, онда Раббыңа құлшылыққа және сенің мен Раббыңның араңдағы істерге беріле кіріс. Бұл – ﴾Ал күндіз атқаратын шаруаң шаш етектен﴿ («Муззәмміл» сүресі) деген аяттың тәуилдерінің бірі ретінде түсіндіргенбіз, ол – елшілік пен жеткізу ісіне қатысты.
Және осы сүреде басынан соңына дейін айтылғандарды терең кіріп тәпсірлеуге тырыспау қажет. Өйткені ол – Аллаһ Елшісі ﷺ мен Раббысының арасындағы мәселе.
Аллаһ Елшісі ﷺ (бұл аяттарда) барлық айтылғанда нені меңзейтінін білетін. Бұл іс Оның ﷺ өзіне ғана қатысты болатын. Біз үшін одан амал ету парыз болатын ештеңе жоқ. Сондықтан ондағы жасырын мағыналарды қазбалап шығаруға тырысудан гөрі, бізге тек Аллаһтың білдіргеніне куәлік етіп илану ғана жеткілікті. Бұған қатысты үндемеу, терең үңілмеу, түсіндіруге кіріспеу – абзалырақ, әрі қауіпсізірек. Аллаһ – тура жол көрсетуші».
Түйін: Бұл аяттарда Пайғамбар ﷺ мен Раббысының арасындағы ерекше амалдар меңзелген. Олардың мағынасын қазбалап тылсым мағыналар іздеу – бізге міндет емес. Біз үшін маңыздысы – иман келтіріп, анық әрі ашық түрде келген аяттарға бойсұну.