«Әй, әйелдер қауымы! Садақа беріңіздер, өйткені мен сендердің тозақтықтардың көпшілігі болатындарыңызды көрдім».
Хазіретті Әбу Сәид әл-Худри былай дейді: «Пайғамбар ﷺ Құрбан немесе Ораза айтында намаз оқитын жерге шығып, әйелдердің жанынан өтіп бара жатып [тоқтап] айтты: «Әй, әйелдер қауымы! Садақа беріңіздер, өйткені мен сендердің тозақтықтардың көпшілігі болатындарыңызды көрдім». Олар: «Неге, уа, Аллаһ Елшісі?», - деді. Сонда ол ﷺ: «Сендер көп қарғыс айтасыңдар және күйеулеріңе шүкіршілік етпейсіңдер, мен сендердің қай-қайсыларыңнан да ақыл-парасаты мен діні жағынан төмен бола зерделі\саналы ер адамды ақылынан айыратын ешкімді көрмедім», - деп жауап берді. Олар: «Дініміз бен ақылымыздың төмендігі неде, уа, Аллаһ Елшісі?», - деп сұрады. Ол ﷺ: «Әйелдің куәлігі ер адамның куәлігінің жартысына тең емес пе?» – деп жауап берді. Олар: «Дәл солай», - деді. Ол: «Бұл оның ақылының төмендігінен. Және етеккір кезінде намаз мен оразаны тастамайды ма?», - деді. Олар: «Дәл солай», - деді. Ол: «Бұл оның дінінің төмендігінен», - деді». Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 19) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Хазіретті Әбу Сәид әл-Худри былай дейді) Худраға тиісілі, ансар тайпасынан. Оның есімі Саад бин Мәлик әл-Ансари, бірақ лақап атымен танымал. Ол өте көп хадис жаттаушылардың бірі болды. Сахабалар мен ізбасарлардың одан хадис риуаят еткен. Ол һижраның 64 жылы қайтыс болып, 84 жасында әл-Бақиғда жерленді, Аллаһ оған разы болсын: («Пайғамбар ﷺ Құрбан) айтында (немесе Ораза айтында) хадис риуаят етушінің күмәні (намаз оқитын жерге шығып) яғни, айт намазын оқитын жерге шықты. Бұл жер Мәдина қаласының сыртында бүгінгі күнге дейін бар, (әйелдердің жанынан өтіп бара жатып) арнайы насихат айту үшін баруы да мүмкін немесе олардың жанынан өтіп бара жатып насихат айтуы да мүмкін: («Әй, әйелдер қауымы!) яғни, әй, әйелдер жамағаты! Үндеу тек сол жерде отырғандарға емес, жалпылама барлық әйелдерге қатысты. (Садақа беріңіздер) әйелдерге садақа беруді әмір етті, (өйткені мен сендердің) аян арқылы немесе уахи жолымен (тозақтықтардың көпшілігі болатындарыңызды көрдім») яғни, «сендердің тозаққа еркектерге қарағанда көбірек кіретіндерің маған білдірілді» деген мағынада. Ал садақа болса – тозақтан қорған. Қиямет күні үкім шыққанға дейін әрбір адам садақасының көлеңкесінде болады. Жарты құрма болса да (садақа беріп) тозақтан сақтаныңдар. Тозақта әйелдердің көбірек болуының себебі – дүниені жақсы көруі. Ал садақа беру арқылы бұл дүниеқұмарлық жойылады немесе ол арқылы дүниені жақсы көруден туындайтын сараңдықты азайтады. Сол үшін хадисте: «Берген қол алған қолдан қайырлы» делінген. (Олар: «Неге, уа, Аллаһ Елшісі?», - деді) олар: «Бұл қалай болады, қандай себеппен біз тозақтың көбі боламыз?» – деді (Сонда ол ﷺ: «Сендер көп қарғыс айтасыңдар) «лағынет» сөзінің түп мағынасы – Аллаһ Тағаланың құлына ашуланып, оны Өзінің рақымынан алыстатуы. Ал адамдар арасында бұл сөз – өзіне немесе басқа біреуге ашумен қарғыс айтып, жамандық тілеу мағынасында қолданылады. Бірақ мұндай әрекет Аллаһтың кең рақымына қарсы келеді, өйткені Оның рақымы қаһарынан басым келеді. Сол себепті ғалымдар: нақты бір адамға лағнет айту – тіпті ол кәпір болса да, егер оның кәпір күйінде өлетіні анық болмаса – рұқсат емес деп келіскен. Өйткені кім біледі, ол адам өмірінің соңында тәубе етіп, мұсылман күйінде жан тапсыруы мүмкін. Бірақ дінде ашық айтылғандай, кәпір күйінде өлгендерге – мысалы, Әбу Жәһлге немесе міндетті түрде кәпір болып өлетіні хабарланған Ібіліске қарғау айтуға рұқсат. Сондай-ақ жалпы сипатта айтылған қарғаулар – мысалы: «Аллаһтың лағнаты пайыз жегенге болсын», «өтірікшіге болсын» деген секілді – рұқсат, өйткені ол белгілі бір адамға емес, сол сипат иелеріне қатысты.
Әйелдерге қатысты «көп лағнет айтасыңдар» деп ескертілуінің себебі – олардың бұл сөздерді ойланбастан, үйреншікті түрде, әдеттегі сөз ретінде жиі қолдануы. Сондықтан шариғат бұл әрекетке кешіріммен қарап, тек көп айтқан жағдайда ғана қатаң ескерту жасаған. Ал аз мөлшерде немесе байқамай айтылған кезде қатты сөкпеген. Кейбір ғалымдар бұл жағдайды өсек айтуға теңеген. Егер өсек айту толығымен үлкен күнәға жатқызылатын болса, онда бүкіл халықтың, не болмаса көпшілік пасық болуы мүмкін еді. Бұл адамдарға ауыр тиер еді (өйткені шариғатта пасық адамдардың куәлігі қабыл емес, имамдыққа шығуы мәкруһ деген секілді көптеген үкімдер байланған). Сондай-ақ, лағнет сөзі кейде ұрыс-керіс кезінде, балағат сөздер ретінде де қолданылады. Яғни, айтылған сөздің мәні: «сендердің әдеттерің – жиі қарғау, балағат сөз айту және тілмен біреуді ренжіту, (және күйеулеріңе шүкіршілік етпейсіңдер) яғни, оның жасаған жақсылығын жоққа шығару немесе ол үшін шүкір етпей, жақсылығын жасыру. Хадисте: «Кім адамдарға шүкіршілік етпесе, Аллаһқа шүкіршілік етпеді», яғни, толыққанды түрде Аллаһқа шүкіршілік етпеді деген сөз. Өйткені ол себепкер болған Аллаһқа шүкір еткенмен, оның жақсылығына себеп болған адамға шүкір етпеді, (мен сендердің қай-қайсыларыңнан да ақыл-парасаты мен діні жағынан төмен бола зерделі\саналы ер адамды) Бұл — ер адамның сипаты, яғни ісіне мығым, іскер адам. Оның есімі «зерделі\саналы» (ақыл) сөзімен бірге аталуы — әйелдердің фитнасы өте ауыр екенінің белгісі. Ол — ең парасатты, зерделі\саналы еркектердің де ақылын алып қоя алады. Онда қалған еркектердің жайы не болмақ?! (ақылынан айыратын ешкімді көрмедім») мағынасы— ақылды ең көп кетіретін (яғни, ең қатты әсер ететін). «Ақыл» дегеніміз — мағынаны түсінуге көмектесетін, жамандықтан тыйып тұратын табиғи қабілет, мүміннің жүрегіндегі Аллаһтың нұры, зерделі\саналы ақыл деген – нәпсі қалауының былғануынан таза ақыл. (Олар: «Дініміз бен ақылымыздың төмендігі неде, уа, Аллаһ Елшісі?», - деп сұрады). Әйелдер мен еркектердің діні бір, әрі барлығымыз ақыл иесіміз ғой. Әйелдер бұл сұрақты рет тәртібін өзгертіп қойғаны байқалады – яғни Пайғамбар ﷺ «ақыл» содан кейін «дін» деген еді, ал олар керісінше сұрады. Бұл, бәлкім, олардың дінді алдыңғы орынға қойып, егер оның орнын толтыруға мүмкіндік болса, соны тезірек түзеуге асыққандарынан болар (яғни, олар діндегі кемшілікті аса маңызды көріп, егер ол кемшілік жөнделетін, яғни орны толтырылатын нәрсе болса, тезірек соны дұрыстауға тырысқылары келген). Немесе бұл – олардың ақылдарының аздығын меңзеуі мүмкін: өйткені олар пайғамбарлық сөздің тәртібін сақтамады әрі айтылған сөздің мағынасына жетпеді. Себебі «ақылдың кемшілігі» – адамның жаратылысына қатысты, ал «діннің кемшілігі» кейіннен болатын нәрсе. Не болмаса, көбінесе діндегі кемшілік – ақылдың кемшілігінен туындайтынына ишара.
Бұл сұрақ – сол жерде отырған әйелдердің зеректігін көрсетеді. Сондықтан Пайғамбар ﷺ ансарлық әйелдерді мақтаған: «Әйелдердің ең жақсысы ансар әйелдері, ұяттылық олардың дінді түсінулеріне кедергі болмады».
Бұл және бұған дейінгі хадис бөліктері – білім алушыға мағынасы түсініксіз болған нәрсені ғалымнан сұрау қажет екенін білдіреді. (Ол ﷺ: «Әйелдің куәлігі ер адамның куәлігінің жартысына тең емес пе?» – деп жауап берді) Аллаһу Тағала мына сөзі себепті: ﴾Егер екі ер адам табылмаса, онда бір ер адам мен екі әйелді куәға тартыңдар﴿ деген аятқа ишара. (Олар: «Дәл солай», - деді. Ол: «Бұл оның ақылының төмендігінен. Және етеккір кезінде намаз мен оразаны тастамайды ма?», - деді). Яғни, бұл сөйлемде айтылып тұрғаны: әйелге бұл кезеңде намаз оқуға тыйым салынғандықтан, оның сауабынан да мақрұм қалады. Себебі ол намаздың қазасын кейін өтемейді. Ал оразаға келсек, әйел Рамазан оразасының артықшылыққа толы уақытында оны басқа мүміндермен қатар орындай алмайды. Міне, осы ерекшелік бұл хадисті осы тарауға кіргізудің себебі болуы мүмкін. Ал шынайы дұрыс жауабын Аллаһ біледі. ( Олар: «Дәл солай», - деді. Ол: «Бұл оның дінінің төмендігінен», - деді»). (Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді) және ән-Нәсәи мен ибн Маджа жеткізді.