Күн немесе ай тұтылғанда оқылатын намаздар.
• Күн тұтылған кезде екі ракағат «кусуф» намазын оқу сүннет.
• Кусуф намазы жамағатпен оқылады. Бұл намазды жұма намазының имамы не оның орынбасары, болмаса сол мешіттің имамы жамағатпен оқиды.
• Кусуф намазы азансыз, қаматсыз оқылады. Егер намазға жамағат жинағысы келсе, онда халықты: «Жамағат намазына», - деп шақырса рұқсат.
• Кусуф намазында Құраннан «Бақара» сүресі секілді ұзақ сүре оқу және іштей оқу сүннет. Сондай-ақ рукуғ пен сәжде де ұзақ жасалады.
• Имам намаздан кейін күн тұтылуы біткенше дұға етеді, халық «әмин» деп тұрады. Егер күн батып кетсе немесе намаз уақыты кірсе — имам дұғаны тоқтатып, уақыты кірген намазды оқиды.
• Ай тұтылғанда да екі ракағат «хусуф» намазын оқу сүннет, бірақ үйлерде жеке оқиды. Жамағатпен мешітте оқылмайды.
• Қатты дауыл, күндізгі қара түнек, қатты жел, жұлдыздардың шашырауы, нөсер жауын, жер сілкінісі, жау шапқыншылығы сияқты жағдайлар болғанда да намаз оқылады. Бұл кезде адамдар өз үйлерінде жеке-жеке намаз оқиды. Сондай-ақ Пайғамбар ﷺ қорқынышты жағдайлар туғанда намаз оқыған.
Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 168 бет.