«Сендерден біреу мешітке кірсе, отырмай тұрып екі ракағат намаз оқысын».
Абу Қатада (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ байтты: «Сендерден біреу мешітке кірсе, отырмай тұрып екі ракағат намаз оқысын». Хадисті Бухари мен Муслим риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 704) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Аллаһ Елшісі ﷺ байтты: «Сендерден біреу мешітке кірсе, отырмай тұрып) — бұл амал мешітті ұлықтау үшін, бірақ хұтба айтатын адам бұл үкімнен тыс [өйткені жұма күні имам мешітке кіріп, бірден мінберге шығып хұтба айтуы керек] (екі ракағат намаз) яғни, бұл «мешіт сәлем» (тәхиятул-мәсжид) намазы немесе, егер мәкруһ уақыт болмаса, оның орнына парыз немесе сүннет намаз оқыса болады немесе (Меккеде болса) тауаф етсе болады; (оқысын»). Бұл бұйрық – уәжіпті емес, мустахабты білдіреді. Бірақ заһирилер (мәтіннің сыртқы мағынасына ғана сүйенетін мәзһаб иелері) сәлем намазын уәжіп дейді. (Хадисті Бухари мен Муслим риуаят етті).
Кейбір қарапайым адамдардың (намаз оқымай) алдымен отырып алып, кейін барып екі ракағат намаз оқуы — шариғатта еш негізі жоқ амал.
Хадистен сыртқы мағынасынан байқалатыны — бұл екі ракағат намаздың (тәхиятул-мәсжидтің) сүннеттігі (яғни, мустахаб) мешітке кіріп, отыруды ниет еткен адамға қатысты. Хадисте "отырмай тұрып оқу" деп нақытлауы — көп жағдайда болатын жайды айтып тұрған болуы да мүмкін.
Ал кім мешітке намаз оқуға мәкруһ уақытта кірсе немесе дәретсіз болса, онда ол төрт рет: «Субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһ», «Лә иләһа илләллаһ», «Аллаһу Әкбар», ал кейбір риуаяттарда бұған қосымша: «Уә лә хаулә уә лә қууата иллә билләһи әл-‘Алиййи әл-‘Азыйм» — деп айтады (мандуб).
Себебі, бұл тәсіл жайлы кейбір өткен ізгілер «мұндай зікірлердің сауабы екі ракағат намаздың сауабына тең» деген.
Оны табиғиндердің үлкен имамы Джәбир ибн Зәйд те қолдаған. Ол: «Мешітке кірсең — намаз оқы. Ал егер намаз оқи алмасаң, Аллаһты зікір ет. Бұл саған намаз оқығанмен бірдей болады» — деген.
Ал кім Харам мешітіне (Қағбаға) кірсе және тауаф жасағысы келсе, онда алдымен тауафты бастасын. Ал егер тауаф жасамайтын болса, онда екі ракағат намаз оқысын. Бұл — «Харам мешітінің сәлемі — тауаф» деген сөзді дұрыс түсінбей, қателескендерге қарсы айтылған.
Хадис мәтінінен егер адам отырып қойса, сәлем намазының үкімі кетіп қалады деген мағына аңғарылады. Бірақ Ибн Хиббан Әбу Заррдан риуаят еткен хадисте: «Мен мешітке кірсем, Аллаһ Елшісі ﷺ жалғыз өзі отыр екен. Мен де жанына отырып едім, Ол ﷺ маған:
 «Уа, Әбу Зарр! Мешіттің сәлемі бар. Оның сәлемі — екі ракағат намаз. Тұр да, оларды оқы!» — деді. Мен тұрып, оларды оқыдым» [яғни, егер адам мешітке кірген соң отырып қойса да, артынан тұрып сәлем намазын оқуы мустахаб болып қала береді].
Осы хадиске сүйене отырып, ғалымдар мына үкімді алған: «Кім Мәдинедегі Пайғамбар ﷺ мешітіне кірсе, онда алдымен екі ракағат намаз оқып, сосын Пайғамбарымызға ﷺ сәлем береді. Бұл — Аллаһтың хақысын Пайғамбардың ﷺ хақысынан жоғары қою, әрі Аллаһты ұлықтау».