Құран мұсхафын мұсылман емес адамға сату мәселесі.
Шариғаттағы Исламның қасиетті нәрселерін қорлауға жол бермеу мақсатында мұсылман емес адамға сатуға тыйым салынған заттардың қатарына Құран мұсхафын, тәпсір, хадис және фиқһ кітаптарын мұсылман емес адамға сату да кіреді.
Имам Шафиғи: «Құран мұсхафын дінсізге сату саудасы батыл», — деген. Бұл — ханбалилердің де пікірі.
Ал ханафилер мен мәликилер: «Сауда дұрыс болады, бірақ оған Құран мұсхафты өз меншігінен шығару бұйырылады», — деген.
Имам ас-Сарахси, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, былай дейді:
«Осы пікір хиләфқа сәйкес, егер дінсіз адам мұсхаф сатып алса, Имам Шафиғидың пікірінше, бұл сауда дұрыс болмайды. Өйткені ол мұсхафты құрметсіздеуі мүмкін, ал бұл мұсылмандарды қорлауға алып келеді.
Ал біздің мәзһабымызда оның сатып алуы саудасы дұрыс болады. Себебі сатып алу әрекетінің өзінде мұсылмандарды қорлау деген нәрсе жоқ. Бұл мәселеде біздің пікіріміз айқынырақ. Өйткені дінсіз адам мұсхафты қорламайды. Себебі ол оның сөздері шешен әрі ондағы даналықтар терең деп сенеді. Оны Аллаһ Тағаланың сөзі деп сенбесе де, оған құрметсіздік танытпайды.
Алайда кейін ол (дінсіз адам) мұсхафты сатуға мәжбүрленеді. Себебі ол мұсхафты лайықты түрде құрметтемейді. Егер мұсхаф оның меншігінде қалдырылса, ол нәжіс күйінде оған қол тигізеді.
Аллаһ Тағала:
﴾Расында, мүшріктер — лас адамдар﴿, — деген («әт-Тәуба» сүресі, 28-аят).
Сондай-ақ Құран жайында:
﴾Оны таза жандардан өзгелер ұстай алмайды﴿, — деген («әл-Уақиға» сүресі, 79-аят).
Сондықтан ол мұсхафты мұсылмандарға сатуға мәжбүрленеді».
Бұл мәселедегі негізгі дәлел — Абдуллаһ ибн Омардан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен мына хадис:
«Аллаһ Елшісі ﷺ Құранды дұшпан еліне алып сапарға шығудан тыйды».
Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен. Муслимнің риуаятында:
«Өйткені мен оны дұшпанның қолына түсіп қалады деп қауіптенемін», — деген қосымша бар.
Демек, Аллаһ Елшісі ﷺ мұсхафтың дінсіздердің қолына түсіп қалуынан сақтандырған.
Фақиһтардың көпшілігі мұның себебін: «Олар мұсхафты қорлауы мүмкін деп қауіптену», — деп түсіндірген.
Алайда Имам ат-Тахауи, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, бұған басқа себеп айтқан. Имам ас-Сарахси, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, одан жеткізіп, осы хадисті түсіндіру барысында былай дейді:
«Мұның түсіндірмесі: бұл — жеткілікті күші жоқ шағын атты әскер тобымен сапарға шығуға қатысты. Имам Мухаммад, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, осылай айтқан.
Ал Имам ат-Тахауи, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын: “Бұл тыйым сол кездегі жағдайға байланысты еді. Өйткені ол кезде мұсылмандардың қолында мұсхафтар көп емес болатын. Сондықтан мұсхафтар дұшпанның қолына түссе, Құранның бір бөлігі мұсылмандардың қолынан жоғалып кету қаупі бар еді. Ал біздің заманымызда мұсхафтар мен қарилардың көптігіне байланысты мұндай қауіп жоқ”, — деген.
Имам ат-Тахауи: “Егер мұсхаф олардың қолына түссе де, олар оны қорламайды. Өйткені олар оның Аллаһтың сөзі екенін мойындамаса да, оның ең ықшам сөздермен ең терең мағыналарды жеткізетін, ең шешен сөз екенін мойындайды. Сондықтан басқа кітаптарды қорламағандары секілді, оны да қорламайды”, — деген.
Алайда Имам Мухаммадтың айтқаны дұрысырақ. Өйткені олар мұсылмандарды ашуландыру үшін мұсхафты қорлауы мүмкін. Мұндай жағдай Қарматтар (сектасы) Меккені басып алған кезде де болған. Олар мұсхафтарды дәрет сындырғаннан кейін тазалану үшін қолданған. Ақырында Аллаһ олардың түбіне жетті.
Сондықтан зиммиге (яғни, мұсылман мемлекетінің қорғауында, оның аумағында тұрақты тұратын кітап иесіне) мұсхаф сатып алуға тыйым салынады әрі оны сатуға мәжбүрлейді. Мұсылман құлды сатып алған жағдайда оны сатуға мәжбүрленетіні секілді».
Фақиһтар келтірген себептерден бұл тыйымның мұсхафты олардың қорлау қаупіне байланысты екені көрінеді. Осыған сүйене отырып, фақиһтар олардың мұсхафты меншіктеп алуына жол бермеу үкімін шығарған.
Шафиғилер мен ханбалилер олардың мұсхафты меншіктеп алуының өзін қорлау үкімінде деп санаған.
Ал ханафилер мен мәликилер олардың жай ғана меншіктеп алуын қорлау деп санамаған. Алайда мұсхафтың олардың қолында қала беруі оны қорлауға алып келуі мүмкін болғандықтан, оны меншігінен шығаруды бұйырған. Өйткені олар мұсхафты лайықты түрде құрметтемейді әрі оған дәретсіз қол тигізеді.
Алайда әсіресе ханафилер айтқан бұл себептен мынадай қорытынды шығады: егер осы тыйым салынған нәрселерден қауіп болмаса әрі олардың Исламды қабылдауынан үміт етілсе, мұсхафтың олардың қолында қалуында кедергі жоқ.
Сондықтан ханафилер мен шафиғилер дінсіз адамға Құран үйретуге рұқсат берген.
Имам Мухаммад «әс-Сияр әл-Кәбир» кітабында былай дейді:
«Егер харби (яғни, мұсылман мемлекетімен келісімі жоқ, мұсылман емес мемлекеттің азаматы болған дінсіз адам) немесе зимми (яғни, мұсылман мемлекетінің қорғауында, оның аумағында тұрақты тұратын кітап иесі) мұсылманға: “Маған Құран үйрет”, — десе, оған Құран үйретудің немесе дінді түсіндірудің оқасы жоқ. Бәлкім, Аллаһ оның жүрегін өзгертер».
Имам ас-Сарахси осы сөзге берген түсіндірмесінде былай дейді:
«Аллаһ Елшісі ﷺ мүшріктерге Құран оқып бергенін көрмейсің бе? Әрі оған осылай істеу бұйырылған. Аллаһ Тағала:
﴾Уа, (ардақты) Елші! Раббыңнан өзіңе түскенді жеткіз﴿, — деген («әл-Мәида» сүресі, 67-аят).
Османнан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ:
«Адамдардың ең жақсысы — Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткені», — деген.
Бұл жерде мұсылмандарға үйрету мен дінсіздерге үйретудің арасы ажыратылмаған.
Егер әлі шариғат үкімдері жүктелмеген адамдарға кейін шариғат үкімдері жүктелген кезде онымен амал етеді деген үмітпен үйрету құпталса, онда шариғат үкімдері жүктелген адамдарға тура жол тауып, онымен амал етеді деген үмітпен үйретудің құпталуы одан да лайығырақ».
Имам ат-Тахауи, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, былай дейді:
«Имам Мухаммад Имам Әбу Ханифадан: “Харби мен зиммиге Құран және фиқһ үйретудің оқасы жоқ”, — деген сөзді жеткізген әрі бұл мәселеде қайшы пікір келтірмеген.
Хаммад ибн Сәләмә Хабиб әл-Муғаллимнен риуаят етеді. Ол былай дейді: “Мен Хасаннан: «Зиммилердің балаларына Құран үйретейін бе?» — деп сұрадым. Ол: «Иә. Олар Тәурат пен Інжілді оқып жүрген жоқ па? Ал ол да Аллаһтың кітабынан», — деді”.
Әбу Джағфар былай дейді: “Аллаһ Тағала:
﴾Бұдан басқа, егер мүшріктердің бірі сенен пана тілесе, оны қанатыңның астына ал. Сонда ол үшін Аллаһтың сөзін есту мүмкіндігі туады (бәлкім, иман келтірер)﴿, — деген («әт-Тәуба» сүресі, 6-аят).
Шуғайб ибн Әбу Хамза әз-Зуһриден, ол Уруадан риуаят етеді. Уруаға Усама ибн Зәйд Аллаһ Елшісінің ﷺ бір мәжілістің жанынан өткенін хабарлаған. Ол мәжілісте Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул отырған еді. Бұл Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул Исламды қабылдамай тұрған кез болатын. Аллаһ Елшісі ﷺ оларды Аллаһ Тағалаға шақырып, оларға Құран үйретті».
Ал дінсіз адамның мұсхафқа қол тигізуіне келсек, Имам Мухаммад ғұсыл алғаннан кейін оған қол тигізуге рұқсат берген.
Имам әл-Кәсәни, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, былай дейді:
«Имам Әбу Юсуфтан: “Дінсіз адамға мұсхафқа қол тигізуге рұқсат етілмейді. Өйткені дінсіз адам нәжіс саналады. Сондықтан мұсхафты оның қол тигізуінен сақтау қажет”, — деген пікір риуаят етілген.
Ал Имам Мухаммад: “Егер ол ғұсыл алса, мұсхафқа қол тигізуінің оқасы жоқ. Өйткені оған қол тигізуге кедергі болған нәрсе — дәретсіздік еді, ал ол ғұсыл арқылы жойылды. Енді оның сенімінің нәжістігі ғана қалды. Ал ол оның жүрегінде, қолында емес”, — деген».
Имам Мухаммадтың, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, пікірін Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) Исламды қабылдауы туралы Әнас ибн Мәликтен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаят та қуаттайды. Онда былай делінген:
«Омар үмітін үзген кезде:
— Қолдарыңдағы мына жазбаны маған беріңдер, оқып көрейін, — деді.
Сонда қарындасы:
— Сен лассың. Оған тек тазаланғандар ғана қол тигізеді. Сондықтан барып ғұсыл ал немесе дәрет ал, — деді.
Омар орнынан тұрып, дәрет алды. Содан кейін жазбаны алып, «Таһа» сүресін оқи бастады. Сөйтіп:
﴾«Мен Алламын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ! Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!»﴿, — деген аятқа дейін оқыды» («Таһа» сүресі, 14-аят)».
Бұл риуаятты Ибн Сағд Исхақ ибн Юсуф әл-Азрақтан жеткізген. Ол — сенімді әрі негізгі хадис жинақтарының риуаятшыларының бірі.
Алайда ол бұл риуаятты Қасым ибн Осман әл-Басриден жеткізеді. Оны Ибн Хиббан сенімді деп бағалаған, ал басқа ғалымдар әлсіз деп бағалаған.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындыласақ, егер дінсіз адамның Исламды қабылдауынан үміт етілсе әрі оның мұсхафты қорламайтынына сенімді болса, Имам Мухаммадтың, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, пікірі бойынша мұсхафты оның қолында қалдыруға кедергі жоқ.
Ал ханафилердің: «Мұсхафты дінсіз адамға сатуға болады, бірақ кейін ол оны өз меншігінен шығаруға мәжбүрленеді», — деген пікірі, негізінен, оның мұсхафты қорлауынан қауіп бар жалпы жағдайларға қатысты. Сондықтан мұндай қауіп жоқ жағдай бұл үкімнен тыс болуы керек.
Бұл — араб тіліндегі мұсхафтың үкімі.
Ал Құран Кәрімнің аудармалары мен тәпсірлеріне келсек, кейбір фақиһтар оларды мұсхафтың үкіміне қосқан. Сондай-ақ хадис пен фиқһ кітаптарын да осы үкімге қосқан. Алайда оларды сатудың дұрыстығына қатысты фақиһтар арасында хиләф бар.
Бұл кітаптардың мәселесі мұсхафқа қарағанда жеңілірек. Өйткені оларға дәретсіз қол тигізуге рұқсат етіледі. Сондықтан дінсіз адамның оларды қорлау қаупінен басқа, бұл кітаптарды оның қолында қалдыруға тыйым салатын себеп жоқ.
Егер олардың қорланбайтынына сенімді болса, дінсіз адамның оларды меншіктеп алуына тыйым салынбауы керек. Әсіресе, осы кітаптардағы Исламның көркем жақтарымен танысуы арқылы оның Исламға бет бұруынан үміт етілсе.