Today

Мұсылман үмбетінің құлдырауындағы батыстық мектептердің рөлі.

Шейх Ахмад ас-Сыддық әл-Ғумари (1961 жылы қайтыс болған) — Марокконың көрнекті ғалымы. Ол кәпірлерге ұқсау тақырыбында «әл-Истинфар ли-ғазу әт-ташаббуһ бил-куффар» атты құнды еңбек жазған.

Марокколық тағы бір ғалым, шейх Абдуллаһ әт-Тәлидидің (2017 жылы қайтыс болған) осы кітапқа жазған алғысөзінде мұсылмандардың құлдырауы және оған ықпал еткен кәпірлердің әдіс-тәсілдері терең талданған:

Аллаһқа мақтау болсын — Ол жеткілікті. Оның таңдаулы құлдарына сәлем болсын.

Ал енді, дұшпандарымыз тарапынан ислам әлеміне түскен қасіреттің біздің ұзақ тарихымызда теңдесі жоқ. Еуропа мемлекеттері бізге қарсы астыртын сөз байласып, жерімізге шабуыл жасады, әскерлерімен басып кірді. Ұзақ соғыстар мен қиян-кескі қанды шайқастардан кейін елдерімізді отарлап, күшпен билігін орнатты. Сол соғыстарда миллиондаған мұсылман қаза тапты.

Олар бізді бағындырып, біз олардың олжасына айналған соң, алдын ала жоспарлаған мақсаттарына жетуге кірісті. Мақсаттары — бізді дінімізден шығарып, күпірлікке түсіру еді. Сондықтан қалағандарына қол жеткізу үшін түрлі әрекеттер жасады. Миссионерлік орталықтар, тегін ауруханалар, қайырымдылық паналары, мектептер, фабрикалар мен зауыттар, кинотеатрлар, театрлар, би орындары, жезөкшелік пен еркектер арасындағы азғындық үйлері және ішімдікханалар секілді іріткі салушы мекемелерін құрды.

Өз елдерінде рұқсат етпеген қылмыстарға біздің елдерімізде жол берді. Күнәға толы осы мәнсіз өмірді мұсылмандардың аңғал байларының, беделді адамдарының және басқалардың көзіне көрікті етіп көрсетті.

Мұсылмандардың өмір салтын бірден Еуропаның өмір салтына айналдыратын, ықпалы күшті негізгі орталық — олардың тәртібімен құрылған әрі бақылауындағы мектеп еді. Өйткені, өздері айтқандай, «ол ең қысқа мерзімде толық нәтиже береді».

Бұл мектепте оқып, тәрбиеленген жас барлық исламдық шектеулерден арылып, батыстықтардың ғылымына, өркениеті мен мәдениетіне ұмтылатын болады. Оны бітірген әрбір түлек олардың мүддесін насихаттайтын белсенді үгітшіге әрі оларды қорғайтын адал сарбазға айналады. Ал әрбір әйел өз отбасының ішінде олар үшін дербес мектепке айналады.

Аллаһқа ант етемін, олар өз әрекеттері мен бүлдіруші істерінде табысқа жетті. Мұсылмандардың рухы әлсіреп, жағдайы шайқалды, ойлары сан-саққа кетті. Сырттан енген, шектен шыққан әрі күйретуші теориялар мен идеялар пайда болды. Діннің қадірін білмейтін, ізгілікке мән бермейтін, діннен безген құдайсыз ұрпақ өсіп шықты. Олардың сыртқы келбеті еуропалық, ішкі дүниесі де еуропалық, мінез-құлқы хайуандық, сенімдері батыстық коммунистік еді. Исламнан оларда тек есімдері мен мұсылман деген атауы ғана қалды.

Ал Аллаһ Өз құлдары үшін разы болған әрі пайғамбарлардың соңғысы — біздің Пайғамбарымыз ﷺ жеткізген исламды берік ұстанғандар, бақытқа бөлену әуелден жазылған тым аз адамдар ғана болып қалды.

Содан кейін дұшпан мұсылман елдерінен әскерін әкеткен соң, басымызға соңғы қасірет түсті. Ол — әлгі азғын, арсыз ұрпақтың мұсылман халықтарына үстемдік орнатып, билік тізгінін қолға алуы, отаршыл дұшпанның мүдделеріне қызмет етіп, оларды қорғауға және жүзеге асыруға бар күшін салуы еді.

Бұл қасіретіміз алғашқыдан да ауыр әрі ащы болды. Өйткені дұшпан кеткеннен кейін мұсылмандар оның тек әскери күшінен ғана құтылды. Ал қалған отарлық жүйелер мен тәртіптер сол күйінде сақталды. Тіпті бұрын болмаған деңгейде зұлымдық жайылып, құқықтар тапталды, мекемелерде, соттарда, әкімшілік орындарда және басқа жерлерде парақорлық көбейіп, кең тарады. Бұзақылық пен азғындықтың сан түрі шектен асты.

Бүгінде біз көріп отырған адамгершіліктің құлдырауы мен қылмыстың таралуы басқыншылық кезеңінде аты да белгісіз дерлік аз ғана азғындардың арасында кездесетін. Ал қылмыс сипатына, арсыздық, азғындық пен жүгенсіздік айрықша белгісіне айналған дәуір туралы не айтуға болады?!

Сөйтіп, ислам әлеміміздегі тәуелсіздік деп аталған дәуірде бейберекеттік күшейіп, мәселелер ұлғайып, тұрақсыздық ушыға түсті. Билік органдары тұрақтылық таппай, басқару жүйелері халықтың наразылығы мен ашу-ызасына ұшырады. Ал халықтар адасу мен күнәға белшесінен батты.

Мұның бәрінің түп-тамыры — күнәһар отаршылдың іс-әрекеті. Бұл — отаршыл дұшпанның астыртын қастандықтарының нәтижесі әрі мұсылмандардың санасына отаршылға еруді, оған ұқсауды, оның жолымен жүруді және оның мәдениетін бойға сіңіруді қажет деп санайтын көзқарастарды орнықтырған білім беру жүйесінің жемісі ғана.

Сондықтан мұсылмандардың адасуы мен теріс жолға түсуінің осы түпкі себебін үмбеттің көптеген реформаторлары, адал перзенттері және азаттық үшін, исламның даңқы мен бұрынғы мемлекетін қалпына келтіру жолындағы күресте қанын төгіп, тыныштығын құрбан етіп, көп ой-күшін жұмсаған алғашқы отаншылдар түсінді.

Олар мұсылмандардың әлсіреу себептерін және жеңілістерінің түп-тамырын жақсы түсінді. Аты ғана тәуелсіз, іс жүзінде дәрменсіз күйден шығудың жолдарын да терең білді. Жалған тәуелсіздіктің астарында не жатқанын аңғарып, халықтарына шындықты ашық айтты. Отаршылдардың мұсылмандарды өз болмысынан айырып, өздеріне тәуелді етіп ұстау тәсілдерін әшкерелеп, олардан сақтандыратын еңбектер жазды. Бұл тәуелділік мұсылмандардың сыртқы келбетінен, өмір салтынан және ойлауынан көрініс тапты.

Олар шынайы тәуелсіздікке жетудің алғашқы қадамы — өз болмысын сақтау, білім мен дүниетанымда, өмір салтында дербес болу деп түсінді. Бірақ олардың үндеулері мен ескертулеріне ешкім құлақ аспады, қолдау да білдірмеді. Сөйтіп, отаршылдар мен оларға сыбайлас болғандар өз әрекеттерін кедергісіз жалғастырды.

Ислам үмбеті әлі де отаршылдық пен Батысқа тәуелділіктің қасіретін бастан кешіп келеді. Үмбеттің перзенттері мен қорғаушыларының үні қайта-қайта көтеріліп, дұшпаннан сақтандырады, адамның бойында өз үмбетіне тиесілі екенін және өзіндік даралығын сезіндіретін айрықша болмысты оятуға үндейді.