﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа бойсұныңдар және Аллаһ елшісіне бойсұныңдар, сондай-ақ істеріңді бекерге кетіріп, өз еңбектеріңді өздерің зая етпеңдер﴿.
﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа бойсұныңдар және Аллаһ елшісіне бойсұныңдар, сондай-ақ істеріңді бекерге кетіріп, өз еңбектеріңді өздерің зая етпеңдер﴿. «Мухаммад» сүресі, 33 аят.
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Кейбір ғалымдар аяттың түсіндірмесінде айтты: «Аллаһ жолында жиһад етуге қатысты әмір келгенде, Аллаһқа бойұсыныңдар және амалдарыңды рия (яғни, адамдарға көрсету) мен атақ үшін істеу арқылы зая кетірмеңдер».
Ибн Масғудтың қырағатында аят былай келген: ﴾Уа, иман келтіргендер!﴿ Аллаһтан қорқыңдар және ﴾Аллаһқа бойсұныңдар және Алла елшісіне бойсұныңдар﴿.
Кейбірі былай деді: «Жасаған ізгі амалдарыңды иманнан кейін діннен қайту (муртад болу) немесе күпірлік арқылы жойып алмаңдар».
Тағы бір түсіндірмеде: «Аллаһқа немесе Пайғамбарға Ислам қабылдағандарың үшін міндетсіну арқылы амалдарыңды жоймаңдар. Яғни, Исламға кіріп алып, Аллаһқа немесе Оның Елшісіне міндетсінулерің — амалдың жойылуына себеп. Бұл — Аллаһу Тағаланың мына сөзіне сәйкес келеді: ﴾Олар өздерінің мұсылман болғанын саған міндет қылады. Ендеше, оларға: «Мұсылмандықтарыңды маған міндет қылмаңдар! Егер иман келтіргендерің рас болса, онда керісінше, сендерді имандылық жолына салғаны үшін Алла міндет қылады», – деп айт!﴿ («Хужурат» сүресі, 17-аят)».
Қатада аяттың тәпсірінде айтты: «Амалдарыңды риямен жойып алмаңдар». Сондай-ақ ол былай деп айтты: «Ізгі амал жасап алғаннан кейін, артынан жаман амалмен оны жойып алмауға тырысыңдар. Өйткені жамандық — жақсылықты өшіреді. Амалдың шынайы құны — оның қалай аяқталуында. Кімде-кім амалды жақсы күйде аяқтауға шамасы келсе, соны істесін. Күш-қуат тек Аллаһтан ғана».
Абдуллаһ ибн Омар, Аллаһ олардан разы болсын, айтты: «Біз, Пайғамбардың ﷺ сахабалары, қандай да бір нәрсе біздің амалдарымызды жояды деп есептемейтінбіз. Бұл аят түскенге дейін. Сол кезде амалдарымызды не нәрсе жоятындығын білдік — олар үлкен күнәлар мен арсыз істер екен. Осылай деп жүрген едік, сосын Аллаһ Тағала мына аятты түсірді: ﴾Аллаһ өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді﴿ («ән-Ниса» сүресі, 48-аят). Бұл аят түскен соң, біз бұрынғы сөзімізден бас тарттық».
Сондай-ақ, Аллаһ Тағаланың: ﴾... өз еңбектеріңді өздерің зая етпеңдер﴿ деген сөзі — олар үнемі сергек әрі сақ болсын деген мақсатта айтылған болуы мүмкін. Яғни, амалдары өздері байқамай тұрып жойылып кетпесін деген ескерту. Бұл мына аяттағыдай: ﴾Әйтпесе, істеген игі істеріңнің зая кеткенін сезбей қаласыздар﴿ («Хужурат» сүресі, 2-аят).
Сондай-ақ, Убай, Аллаһ одан разы болсын, қырағатында бұл аят: «Имандарыңды жоймаңдар» деп келген.
﴾Өздері күпірлік қылғанмен қоймай, өзгелердің де Алланың хақ жолына түсуіне бөгет жасағандарды және ақыр соңында кәпір болып өлгендерді Алла әсте кешірмейді﴿: бұл сөздің тәпсірі анық».