August 6

«Егерде Алла Елшісі ﷺ әйелдердің қазіргі халін көргенде еді, бану Исраильдің әйелдеріне тыйым салынғандығы секілді, барша әйелдерге мешітке баруға тыйым салар еді».

Айша анамыз, Аллаһ одан разы болсын, айтты: «Егерде Алла Елшісі ﷺ әйелдердің қазіргі халін көргенде еді, бану Исраильдің әйелдеріне тыйым салынғандығы секілді, барша әйелдерге мешітке баруға тыйым салар еді». Сонда мен Амрадан: «Сонда бану Исраил оларды мешітке барудан тыйған ба?» – деп сұрадым. Ол: «Иә», – деп жауап берді». Хадисті Бухари келтіреді.

Имам Бадруд-Дин әл-Айни әл-Ханафи өзінің әйгілі «Умдату әл-Қари шарх Сахих әл-Бухари» (6\158) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Егерде Алла Елшісі ﷺ әйелдердің қазіргі халін көргенде еді) яғни: зейнет, әтір себіну, сәнді киім кию және соған ұқсас нәрселерін көргенде еді. Мен айтамын: «Егер Айша анамыз (Аллаһ одан разы болсын) біздің заманымыздағы әйелдердің шығарған бидғаттары мен бұзық істерін көргенде, мұндай әрекеттерді бұрынғыдан да қатты айыптаған болар еді. Әсіресе Мысыр әйелдері туралы айтсақ – олардың ішінде сипаттауға келмейтін, шариғатқа қайшы бидғаттар көп және бұл істерін еркін жасайды. Олардың кейбірі алтынмен әдіптелген жібек маталар киеді, жауһар мен інжумен безендірілген, алтынмен тоқылған орамалдар тағады. Бір көйлектен үш немесе одан көп көйлек тігіп алуға болатындай ұзын, кең жеңді жібек көйлектерін жерге салбыратып жүреді. Кейбірі базарларда сәнденіп, әтірленіп, тәкаппарланып, майысып, ерлермен иық тірестіре, көбінесе бет-жүздерін ашып жүреді. Кейбіреулері әсемденген есектерге мініп, көйлектерінің жеңдерің екі жаққа салбыратып (яғни, қолдарын ашып), өте жұқа жамылғымен жүреді. Басқалары Ніл өзенінде ерлермен араласып қайықпен жүреді, арасында дауыстап ән салып, араларында ішімдік ыдыстары айналып жүреді. Тағы бірі еркектерге үстемдік жасап, оларды бағындырып, үстінен билік жүргізеді. Бір әйелдер – ерлермен бірге ашық түрде шариғат тыйым салған нәрселерді саудалайды. Басқалары – ерлер мен әйелдерді бұзатын бұзақылыққа делдалдық жасайды және бұл әйелдер адамдар арасында шариғатқа қайшы нәрсемен (яғни, әйелдерді бұзғындыққа үгіттеп, жаман идеялар таратып) жүреді. Қайсыбіреуі – белгілі бір орындарда күнә жасау үшін отыратын жезөкшелер. Тағы бірі – көшелерде жүріп, еркектерді арбайтын азғындар. Бірі – моншалар мен асыл бұйымдарды ұрлайтын ұрылар. Басқалары – сиқырмен айналысатын, түйіндерге үрлейтін сиқыршы әйелдер. Базарда сатушы болып айқайлап, ерлермен дауласатындар да бар. Кейбіреуі – алдап-арбап, әйелдерді бұзақылыққа тартатын делдал әйелдер. Тағы бір топ – ақыға жоқтау айтып, даңғыра соғып жиркенішті күнә кәсіп еткендер. Ән айтушы әйелдер – ерлер мен әйелдерге түрлі музыкалық аспаптармен ақшаға қызмет етеді. Ал кейбір әйелдер – басқа еркектерге күйеуі бар әйелдерді ұсынып, ерлі-зайыптылардың арасына бүлік тудырып, оларды бір-бірінен ажыратуға тырысады.

Осының бәрі шариғаттың негіздеріне қарсы келетін қылықтар.

Енді, Айша анамыздың, Аллаһ одан разы болсын: «Егер Аллаһ Елшісі ﷺ әйелдердің қазіргі халін көрсе…» деген сөзін қара. Бұл сөздің айтылғаны мен Пайғамбарымыздың ﷺ дүниеден озуының арасында аса ұзақ уақыт өткен жоқ. Сол заман әйелдері – қазіргі әйелдердің істеген істерінің мыңнан бір бөлігін де істеген жоқ; (бану Исраильдің әйелдеріне тыйым салынғандығы секілді): олардың шариғатында әйелдер мешітке барудан тыйылған болуы мүмкін. Немесе бастапқыда рұқсат етіліп, кейіннен тыйым салынған болуы ықтимал. Жоғарыда айтылған басқа да түсіндірме болуы мүмкін, сондықтан нақты дерек болмаса оны анықтау мүмкін емес. (Сонда мен Амрадан) хадисті риуаят еткен Яхия ибн Сәид. («Сонда бану Исраил оларды мешітке барудан тыйған ба?» – деп сұрадым) мұндағы «оларды» деген есімдік – бану Исраил әйелдеріне қатысты. Имам әл-Кирмани былай деген: «Егер сен: «Айша анамыз бұл тыйымды қайдан білді, себебі рұқсат пен тыйым тек Аллаһқа ғана тән емес пе?» – десең, мен айтамын: «Ол бұл қорытындыны діндегі негізгі қағидалар мен бұзақылықтың жолын жабу ережелерінен алып айтты». Бұл мәселеде ең дұрыс ұстаным бұзақылыққа себеп болуы мүмкін жағдайлар ескеріліп, ол (яғни, фитнаға себеп болатын) істен аулақ болу керек. Себебі Пайғамбарымыз ﷺ бұл мәселені әтір мен сәнденуге тыйым салу арқылы ишаратпен білдірген. Бұған дәлел – Муслимде келген ибн Масғудтың әйелі Зейнептің хадисі: «Егер сендердің біреулерің (яғни, әйелдер) мешітке баратын болса, әтір сеппесін».

Әбу Дәудтің риуаятында Әбу Һурайрадан, Аллаһ одан разы болсын: «Аллаһтың құлдары – әйелдерді Аллаһтың мешіттерінен тыймаңдар. Бірақ олар үйден шыққанда жұпыны күйде болсын» (яғни, сәнденбей, қарапайым болсын) – деген. Сондай-ақ кейбір хадистерде бұл рұқсат тек түнде екенін де айтқан, өйткені түн – фитна мен бұзықтықтан қауіпсіз. Кейбір ғалымдардың Айша анамыздың сөзінен жалпы шығуға тыйым жасауға дәлел келтіруі дұрыс емес (яғни, мүлдем шығуға болмайды деген). Себебі Айша анамыз тыйымды нақты бір шартқа байлап айтқан, ал бұл шарт орындалмады. Айша анамыз: (қазіргі халін көргенде еді) деді (яғни, жорамал жасады, нақты үкім айтпады), олай болса, Пайғамбар ﷺ бұл жағдайды көрмеді және тыйым салған жоқ. Айша анамыз ашық түрде тыйым салмады, бірақ дегенмен, оның сөзінің сыртқы мағынасы — ол тыйым салу жағын ұстанады дегенге меңзейді. Сондай-ақ барлық әйелдер жаман халге түскен жоқ жоқ, тек кейбіреуі ғана. Ендеше тыйым – жалпылама емес, тек сол бұзақылыққа жол бергендерге қатысты. Әт-Тәйми айтты: «Бұл хадис әйелдерден бұзақылық шықса, оларды мешітке барудан тыйған дұрыс екеніне дәлел». Мен айтамын: «Дұрыс пікір – жоғарыда айтқан пікір, яғни бұзықтық\фитна бүкіл әйелдерден бірдей шыққан жоқ».