August 20

Әйелдің жүзі: әурет пе, жоқ па? Құмарлықпен және құмарлықсыз қараудың үкімі.

﴾Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын﴿ («Нур» сүресі, 31-аят).

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«﴾Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс...﴿:

— Абдуллаһ ибн Масғуд, Аллаһ одан разы болсын, бұл: сыртқы киім – рида (бастан төмен денені толық жауып тұратын шапан) деп түсіндірген.

— Ибн Аббас, Аллаһ одан разы болсын: сүрме мен сақина; басқа бір риуаятта: алақан мен сақина деп айтқан (яғни, көзі бен алақаны).

— Айша анамыз, Аллаһ одан разы болсын, былай деген: (әйелдердің аяққа тағатын) әшекейі мен «фатха» - ер адам киетін саусақ сақинасы - яғни, сақина деген (аяғы мен алақаны).

— Абдуллаһ ибн Зубайр, Аллаһ одан разы болсын, былай деген: «Зейнет екі түрлі: ішкі зейнет – оны күйеуінен басқа ешкім көрмейді, мысалы: мойынға тағатын әшекей, білезік, сақина. Және сыртқы зейнет – бұл киім».

Егер аяттың түсіндірмесі Ибн Масғудтан риуаят етілгендей, яғни сыртқы шапанды атап өткен түсіндірмеге сай болса, бұл – бөтен әйелге қарауға болмайтынына дәлел болады.

Ал егер түсіндірме Ибн Аббас айтқандай болса, онда бұл – әйелдің жүзіне құмарлықсыз қараудың рұқсат етілетініне дәлел болады.

Ал егер Айша анамыздың (әйелдердің аяққа тағатын) әшекейі мен сақина деген түсіндірмесі негізге алынса, онда бұл – алақан мен аяқтың басына қарауға рұқсат екеніне дәлел болады, өйткені олар көрініп тұратын дене мүшелері.

Сен олардың (яғни жүз немесе алақан мен аяқтың) дәрет алу парыз етілген сыртқы дене мүшелеріне жататынын көрмейсің бе? Егер солай болса, онда бұл — әйелдің аяғы көрініп тұрған күйде намаз оқуына рұқсат екеніне дәлел болады.

Сондай-ақ, әйелдің жүзіне құмарлықсыз қарауға рұқсат. Алайда көзді төмен түсіріп, қараудан тыйылу — абзалырақ әрі ардақтырақ. Бұл Құрандағы азат әйелдер қатысты мына сөзге сай келеді: ﴾Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүміндердің жұбайлары мен қыздарына: «(Үйлерінен шыққанда және бөтен ер кісілердің алдында жеңіл киімдерінің сыртынан) ұзын әрі кең киім кисін», – деп, айт. Бұл (олардың иманды да, арлы әйел баласы ретінде) танылуы (білінуі) һәм нақақтан-нақақ ар-намыстары тапталып, қорлық көрмеуі үшін қолға алынатын ең лайықты іс﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 59-аят). Сол себепті олар күңдер секілді қорланбайды (яғни, мұсылман азат әйелдер шариғи жамылғыларын жамылып жүрсе, олар еркін, ардақты әйел екені танылады, сөйтіп оларды ешкім күңдер сияқты кемсітіп, мазаламайды).

Ал әйелдің жүзіне жабу парыз еместігіне¹, бірақ ер адамның оған қасақана тесіле қарамауы керектігіне және тек қажеттілік кезінде қарау рұқсат екеніне дәлел — Аллаһ Елшісінің ﷺ хазіретті Әлиге, Аллаһ одан разы болсын, айтқан мына сөзі: «Саған алғашқы (кездейсоқ) қарау ғана, бірақ екінші рет қарау емес» (әт-Термизи, 2777). Басқа бір риуаятта: «Біріншісі — саған, ал екіншісі — сенің зияныңа» делінген. Бұл — екінші қарау адамның жүрегінде пайда болатын құмарлық үшін жасалатын әдейі көз тастау болып саналатындықтан.

Сондай-ақ, Аллаһ Елшісінің ﷺ некеге тұрғысы келген еркекке әйелге қарауға рұқсат беруі де — ер адамның әйелдің жүзіне қарауы харам еместігінің дәлелі. Егер бұл харам болғанда, Пайғамбар ﷺ ешкімге рұқсат бермес еді.

Біз (яғни, әһлу-сунна ғалымдары), дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі, ер адамның әйелдің жүзіне қарауы егер ол арқылы жүрегінде құмарлық пайда болмаса — харам емес деп есептейміз. Ал егер ол қараудан құмарлық сезімі пайда болса және бұл қарау оны тыйым салынған істерге (яғни, шаһуатқа) жетелейтінінен қауіптенсе, онда оған ол әйелге қарауға тыйым салынады², тек егер қарауы онымен танысып, үйленгісі келу мақсатында болса, бұл жағдайда оған рұқсат етіледі³.

Риуаят етіледі: Муғира ибн Шуғба, Аллаһ одан разы болсын, бір әйелге үйленгісі келгенде, Аллаһ Елшісі ﷺ оған: «Барып, оған қара. Себебі бұл екеуіңнің арасындағы үйлесімділікті арттыруы мүмкін» – деді» (Имам Ахмад, 4/245).

Тағы бір хабарда былай делінеді: «Сендерден біреуің бір әйелге құда түсуді қаласа, оған қарауында еш айып жоқ — егер ол шын мәнінде қарауды үйлену мақсатында істеп жатса. Тіпті ол әйел бұл туралы білмесе де» (Имам Ахмад, 3/360).

Жас әйел үшін бетін және қолын ер адамдардан жабуы абзал және жақсырақ. Бұл оның харам болғандығынан емес, одан құмарлық тууы және фитнаға себеп болу қауіпі болғандықтан⁴ (ал егер фитна болса, онда үкім тіптен өзгереді).

Егер қараушы тарапынан құмарлық болмаса, мысалы, ол кісі қарт болса, немесе әйелдің жүзінде кемшілігі бар ұсқынсыз не кәрі болса, онда ондай әйелдердің жүзіне қарауға тыйым салынбайды⁵. Бірақ бұдан өзгесіне қарауға болмайды. Бұған Аллаһтың мына сөзі дәлел: ﴾Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүміндердің жұбайлары мен қыздарына: «(Үйлерінен шыққанда және бөтен ер кісілердің алдында жеңіл киімдерінің сыртынан) ұзын әрі кең киім кисін», – деп, айт. Бұл (олардың иманды да, арлы әйел баласы ретінде) танылуы (білінуі) һәм нақақтан-нақақ ар-намыстары тапталып, қорлық көрмеуі үшін қолға алынатын ең лайықты іс﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 59-аят).

Сондай-ақ әйелдің жүзі мен қолы әурет саналмайтынына дәлел: әйел әуреті ашық күйде намаз оқи алмайды, бірақ жүзі, қолы және аяқтың басы ашық болған күйде намаз оқуына болады. Осыдан кейін бұл жерлерге қараудың харам емес екендігі түсініледі, егер ол құмарлық болмаса. Бұл Пайғамбарымыздың: «Көздер де зина жасайды» деген сөзіне сәйкес келеді. Себебі көздің зинасы – құмарлықпен қарау. Ал егер қарау құмарлықпен болса, онда бұл Пайғамбарымыздың ﷺ осы сөзіне кіреді.

Пақыр аудармашыдан: Имам ары қарай әйелдің жүзі әурет емес екеніне қатысты көптеген хадистер мен аяттар келтіреді, бұл дәлелдердің бәрін аударуды жөн көрмедім.

Аллаһ Тағаланың: ﴾Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін﴿ («Нұр» сүресі, 31-аят) деген сөзі әйелдің жүзіне қарауға тек қажеттілік кезінде рұқсат етілетінін білдіреді. Ал қажеттіліксіз жағдайда оған рұқсат жоқ (яғни, мәкруһ). Бұған дәлел – Аллаһтың: ﴾«(Үйлерінен шыққанда және бөтен ер кісілердің алдында жеңіл киімдерінің сыртынан) ұзын әрі кең киім кисін»﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 59-аят) деген аяты және: ﴾Сондай-ақ егер пайғамбардың жұбайларынан сұрайтын нәрселерің болса, перденің ар жағында тұрып сұраңдар. Міне сол өздеріңнің де, олардың да жүректеріңнің тазалығы үшін ең лайықтысы осы болмақ﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 53-аят) деген аяты.

Осыған байланысты әйелдің жүзіне қарамау – әйелдер үшін де, жалпы адамдар үшін де дұрысырақ. Сондықтан оған тек қажет болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мысалы, әйелді тану үшін, соның негізінде оған куәлік беру керек болса⁶».

Түйін:

  1. Әйелдің жүзі әуретке жатпайды.
  2. Әйелдің жүзіне құмарлықпен қарауға немесе қараған кезде құмарлық туу қаупі бар болса – қарауға рұқсат жоқ.
  3. Неке қиятын әйелдің жүзіне қарауға рұқсат, тіпті құмарлық туу қаупі болса да.
  4. Фитна қаупі жоқ заманда жас әйелдердің жүзін жабуы – абзал әрі жақсырақ.
  5. Әйелдің жүзіне қарағанда құмарлық туындамаса – оған қарауға рұқсат.
  6. Сотта куәлік беру сияқты қажеттілік туындаған жағдайда әйелдің жүзіне қарауға рұқсат.