December 15, 2024

 «Шындығында, біздің арамыздан бір адам қатарластарына иығын иығына, тізесін тізесіне, тобығын тобығына тигізгендігін көрдім»

Сахаба Нұғман Пайғамбарымыз ﷺ жамағатқа қарап: «Саптарыңды түзеңдер» деп үш рет айтты. Сосын: «Ақиқатында сендер саптарыңызды түзейсіздер немесе Аллаһ сендердің жүректіңізге бөлінушілік салады»,– деген. Бұл хадисті риуаят еткен соң сахаба Нұғман айтты: «Шындығында, біздің арамыздан бір адам қатарластарына иығын иығына, тізесін тізесіне, тобығын тобығына тигізгендігін көрдім» (Әбу Дәут, 660 хадис).

Мухаддистердің үлкен имамы Шейх Халил Ахмад әс-Саһаранфурий әл-Ханафи өзінің «Сунан Әбу Дәуд» хадис жинағына жазған әйгілі «Бәзлу әл-Мәджһуд» (3\609) шархында жоғарыдағы хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(... бір адам қатарластарына иығын иығына, тізесін тізесіне, тобығын тобығына тигізетіндігін көрдім)¹: бұл жердегі тигізу теңестіру деген мағына болуы керек. Өйткені намазда тұрып тізені тізеге, тобықты тобыққа тигізу қиыншылық. Ал иықты иыққа тигізуді тура мағынасында алуға болады (өйткені иық тигізіп тұру қиыншылық емес)».

¹Мухаддис, имам, Шейх Мухаммад Зәкәрия әл-Кандаһләуий әл-Ханафи кітаптың ескертпесінде айтты:

«Кейбір адамдар хадисте келген «тізені тізеге, тобықты тобыққа» деген сөзді тура мағынасында деп ойлады, бірақ бұл тура мағынада емес. Бәлки, (Шейхул-хадис ибн Хаджар әл-Әсқаләни әш-Шәфиғи әл-Әшғаридің) «Фәтху әл-Бәрри» (2\176) және (Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафидің) «Ғумдату әл-Қари» (2\294) кітаптарында келгендей, бұл сөз хадис риуаят етушінің сахабалар сапта араларында ашық орын қалдырмай, бір-біріне қалай жақын тұрғандығына қатысты күшейтпе сөз (қазақ тілінде бір-бірін ұстап келе жатқан адамға: «Бір-біріне жабысып келе жатыр», - деген секілді күшейтпе сөз).
Бұл сүннетке амал етеміз деген ұранмен намазда тобықтарын қасында тұрған адамның тобығына тигізем деп өз-өздеріне қиыншылық және әдетке тыс нәрселер жасап, аяқтарының араларын тым қатты ашып жіберетін адамдарға қарсы жауап. Олар бұған сөздің төркінің түсінбей, тура мағынасын алған себепті түсті. «Мағарифу әс-Сунан», 1\292».