«Сендерден біреу намаз оқып тұрса, жүзін қаратып тұрған (яғни, құбыла) тарапқа түкірмесін. Өйткені Аллаһ құл (намазда) жүзін қаратып тұрған жақта» — деді.
Абдуллаһ ибн Омар риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз ﷺ құбыла тарап қабырғада түкірікті көріп, оны қырып тастады. Содан кейін адамдарға қарап: «Сендерден біреу намаз оқып тұрса, жүзін қаратып тұрған (яғни, құбыла) тарапқа түкірмесін. Өйткені Аллаһ құл (намазда) жүзін қаратып тұрған жақта» — деді».
Ғұлама муфти Мухаммад Рафиғ әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуридидің әйгілі «Фатху әл-Мулһим би-шархи Сахих Муслим» (4\79) кітабында:
«(«Пайғамбарымыз ﷺ құбыла тарап қабырғада түкірікті көріп) — ауыздан шығатын түкірікті көріп, (оны қырып тастады). Бұл — мешіттен түкірік және оған ұқсас кір-қоқыстарды тазартуға нұсқайды. Сондай-ақ бұл имамның мешіттердің жағдайын қадағалап, мешіттерге құрметпен қарап, таза ұстау керектігіне ишарат етеді. Кейбір риуаяттарда: “Менің ойымша, ол (Пайғамбарымыз ﷺ) зағфаран әкелуді бұйырып, оны сол жерге жаққызды” делінген. (Содан кейін адамдарға қарап: «Сендерден біреу намаз оқып тұрса, жүзін қаратып тұрған (яғни, құбыла) тарапқа түкірмесін. Өйткені Аллаһ құл (намазда) жүзін қаратып тұрған жақта» — деді»). Яғни: құл жүзін қаратып тұрған — Аллаһ ұлықтаған бағыт. Басқа бір түсіндіруде: “Аллаһтың құбыласы — оның жүзін қаратып тұрған бағыт”, тағы бірінде: “Аллаһтың сауап (марапаты) оның жүзін қаратып тұрған жақта” делінген. Осы мағыналардың бәрі түкіру — түкірілген жақты менсінбеу, қорлау, құрметсіздік көрсету дегенді білдіретіндіктен, құбыла тарапқа түкіруге болмайтынына ишарат етеді. Басқа бір риуаятта: “Расында, оның Раббы — құбыла мен оның арасының арасында” деп келген».
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, айтты: «Бұл сөзді (хадистегі “Раббы — құбыла мен оның арасының арасында” дегенді) оның сыртқы мағынасында түсіну дұрыс емес, өйткені Аллаһу Тағала мекенде болуы, бір орынға орналасуы секілді сипаттардан пәк. Мұндағы мағына — ұқсату түрінде, яғни құл құбылаға бет бұрғанда, Ол құл мен құбыла арасында тұрғандай».
Әл-Хаттаби айтты: «Мұның мағынасы — адамның құбылаға бет бұруы оның Раббысына қарай ниеттенуін, бағытталуын білдіреді. Сол себепті (мағыналық тұрғыдан) оның мақсат еткен Раббысы — оның құбыласы мен өзі арасындағы бағытта тұрғандай болады. Тағы бір түсіндірмеде: “حذف مضاف” бар, яғни “Аллаһтың ұлылығы” немесе “Аллаһтың сауабы — оның алдында” деген мағынада».
Ибн Абдул-Барр айтты: «Бұл сөз — құбыланың дәрежесін ұлықтап айту үшін келген. Оны Аллаһ барлық жерде деп есептейтін кейбір муғтазила өкілдері дәлел етіп қолданған, бірақ бұл — ашық надандық. Өйткені осы хадисте құлдың өз аяғының астына түкіруі айтылған. Бұл — олардың негіздеп алған қағидаларын бұзады. Сондай-ақ бұл хадис, Аллаһтың Заты Аршыда деп айтқандарға да қарсы жауап болып табылады. Себебі бұл хадисті қалай та тәуил жасаса, басқасы да солай жасай алады. Аллаһ жақсырақ біледі».
Осы түсіндірмеден (ғалымдардың) мына үкімі байқалады: құбыла жаққа түкіру — харам, мейлі ол мешітте болсын, мейлі мешіттен тыс жерде болсын. Әсіресе намаз оқып тұрған адамға бұл қатаң түрде тыйым салынады. Сондықтан бұл мәселе “мешітке түкіру мәкруһ — тәнзиһ пе, әлде тахрим бе?” деген келіспеушіліктерге кірмейді.
Ибн Хузайма мен Ибн Хиббанның «Сахихтарында» Хузәйфадан келген марфуғ хадисте: «Кім құбылаға қарай түкірсе, Қиямет күні сол түкірігі өз бетінде тұрған күйде келеді» — делінген.
Ал Ибн Хузайманың риуаятының басқа бір нұсқасында, Ибн Омардан келген марфуғ хадисте: «Құбылаға қақырық тастаған адам Қиямет күні сол қақырығы өз бетінде тұрған күйде тіріледі» — делінген.
Әбу Дәуіт пен Ибн Хиббанда Сәиб ибн Халадтан риуаят етілген хадисте: «Бір адам адамдарға имам болып намаз оқып жатып, құбыла жаққа түкіріп қойды. Намаз біткен соң Пайғамбарымыз ﷺ оған: “Сендерге енді ол (имам болып) намаз оқымайды…” — деді» (хадистің толық мәтінінде). Және хадисте Пайғамбарымыз ﷺ оған: «Сен Аллаһты және Оның Елшісін ренжіттің» — деп айтты»».