Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди رحمه الله تعالى
Ол — шейх, ғұлама, фақиһ Халил Ахмад ибн Мәжид Әли ибн Ахмад Әли ибн Қутб Әли ибн Ғулам Мухаммад әл-Ансари әл-Ханафи әл-Матуриди. Ол — ізгі ғалымдардың бірі әрі ірі фақиһтар мен хадисшілердің қатарынан.
Ол һижри 1269 жылдың сафар айының соңында (шамамен 1853 ж.) Сәһәранфур өңіріне қарасты «Нанутә» ауылында, нағашыларының қолында дүниеге келген. Балалық шағы Сәһәранфур аймағындағы «Әнбитетә» қаласында өтті. Ілімді нағашысы шейх Яқуб ибн Мамлук әл-Әли ән-Нанутәуиден, сондай-ақ шейх Мухаммад Мазһар ән-Нанутәуиден және басқа да ғалымдардан Деобандтағы араб медресесінде, сондай-ақ Сәһәранфурдағы «Мәзаһиру әл-Улумда» алды. Ал әдеби ілімдерді Лахор қаласында шейх Файзул-Хасан әс-Сәһәранфуриден оқыды.
Ол һижри 1288 жылы (шамамен 1871–1872 ж.) оқуын тәмамдап, «Мәзахһиру әл-Улум» медресесінде көмекші ұстаз болып тағайындалды. Біраз уақыт «Бхопал», «Сикандарабад», «Бахаулпур» және «Брели» қалаларында сабақ беріп, ілім таратты. Кейін һижри 1308 жылы (шамамен 1890–1891 ж.) Деобандтағы «Дарул-Улумда» ұстаз болып сайланып, онда алты жыл қызмет етті.
Содан соң һижри 1314 жылы (шамамен 1896–1897 ж.) қайтадан «Мәзахһиру әл-Улумға» оралып, онда бас ұстаз қызметін атқарды. Бұл қызметте отыз жылдан астам уақыт бойы толық беріліп еңбек етті. Һижри 1325 жылы (шамамен 1907–1908 ж.) осы медресенің басқарушысы болды. Бар күш-жігерін осы оқу орнына арнады. Соның арқасында медресе үлкен беделге ие болып, атағы бүкіл Үндістанға тарады. Діни ілім мен ғылыми мәртебеде Деобандтағы «Дарул-Улуммен» тең дәрежеге жетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен шәкірттер келіп оқыды. Һижри 1344 жылы (шамамен 1925–1926 ж.) ол бұл медреседен қасиетті Харамейнге (Мекке мен Мәдинаға) көшіп кетіп, қайта оралмады.
Ол білімін аяқтағаннан кейін имам, ғұлама Рашид Ахмад әл-Канкухиға қол беріп (байғат беріп), онымен ерекше жақын қарым-қатынаста болды. Һижри 1297 жылы (шамамен 1880 ж.) қажылық жасап, зиярат етті. Меккеде ұлы шейх Имдадуллаһ әл-Муһажир әл-Мәккимен кездесіп, ол оны құрметпен қарсы алып, ерекше ықылас көрсетті және тариқаттар бойынша ижаза берді. Үндістанға оралған соң, имам ғұлама Рашид Ахмад әл-Канкухи де оған ижаза берді.
Шейх Халил Ахмад ұстазы Рашид Ахмад әл-Канкухимен өте тығыз байланыста болып, одан үлкен пайда алды. Соның нәтижесінде оның ең жақын шәкірттерінің бірі, ең үлкен халифаларының бірі болды. Сондай-ақ оның ілімдері мен рухани берекесін жеткізушілердің және оның жолы мен дағуатын таратушылардың алдыңғы қатарынан орын алды.
Шейх Халил Ахмад ұстазымен ерекше жақындықта болып, одан мол пайда алды. Нәтижесінде ол оның ең таңдаулы шәкірттерінің бірі, ең үлкен халифаларының бірі және оның ілімі мен рухани берекесін жеткізушілердің, сондай-ақ жолы мен дағуатын таратушылардың алдыңғы қатарынан орын алды.
Ол хадис ілімін терең меңгеріп, зерделеп оқыды. Ірі шейхтар мен иснад иелерінен ижаза алды. Олардың қатарында шейх Мухаммад Мазһар ән-Нанутәи, шейх Абдул-Қайюм әл-Бадаһнауи, шафиғи мәзһабының муфтиі шейх Ахмад Дахлан, шейх Абдул-Ғани ибн Әбу Саид әл-Мужаддиди әл-Муһажир және сейид Ахмад әл-Бәрзанжи бар. Ол хадис іліміне ерекше көңіл бөліп, оны оқытуда, кітап жазуда, зерттеу мен тахқиқ жасауда үлкен еңбек сіңірді.
Оның ең үлкен армандарының бірі — «Сунан Әбу Даудқа» шарх жазу еді. Ол бұл еңбекті һижри 1335 жылы (шамамен 1916–1917 ж.) бастап, оған шәкірті шейх Мухаммад Зәкәрия әл-Кәндәһләуи жәрдемдесті. Ол бар күш-жігерін осы іске арнап, материалдарды жинақтап, сұрыптап, жазып отырды. Басқа еш нәрсеге көңіл бөлмей, осы еңбекпен толық айналысты.
Осылайша ол һижри 1344 жылы (шамамен 1925–1926 ж.) соңғы рет Хижазға сапар шеккенге дейін бұл жұмысты жалғастырды. Һижри 1345 жылдың мухаррам айының ортасында (шамамен 1926 ж.) Мәдинаға келіп, осы кітапты аяқтауға толық кірісті. Ақырында, һижри 1345 жылдың шағбан айында (шамамен 1927 ж.) еңбекті толық аяқтады. Кітап бес үлкен томнан тұрады.
Шейх бұл еңбекке бар жан-тәнін, ілімінің мәйегін және ұзақ жылдық зерттеуінің нәтижесін арнады. Ол оқу, жазу, ғибадат, Құран оқу, нәпсімен күрес және рухани бақылауда өзін қатты шаршатты. Соның салдарынан әлсіреп, тамағы азайып, адамдардан оңашалануға бейім болды. Ол көбіне Құран оқумен айналысып, Пайғамбарымыздың мешітінде намаздарға зор қиындықпен қатысатын.
Ол шәкірттерімен, әсіресе Үндістандағы жақын серіктерімен қоштасып, Мәдинада қалды. Пайғамбарымыздың ﷺ көршісі болып, сол жерде тұрақтап, денесі ғибадатпен, жүрегі Аллаһ пен Оның Елшісіне байланып, басқа барлық нәрседен үзіліп, ақырында Мәдина қаласында Раббысының шақыруына жауап берді.
Шейх Халил Ахмад терең қабілетке ие болып, фиқһ пен хадис ілімдерінде кең үлеске ие еді. Пікірталас пен ихтилаф мәселелерінде өте мықты, дін ілімдерінде берік орныққан, таным мен яқин дәрежесіне жеткен ғалым болатын. Ол шәкірттерді тәрбиелеуде, тура жолды көрсету мен рухани сулүк сатыларын түсіндіруде үлкен тәжірибеге ие болды. Нәпсінің жасырын қулықтары мен жолдың қиын тұстарын терең түсінетін. Оның рухани байланысы күшті, иләһи тартылысқа ие, қасиетті нұрларға бөленген жан еді. Аллаһ оның арқылы көптеген адамдарға пайда берді.
Оның қолында көптеген ғалымдар мен шейхтар тәрбиеленіп шықты. Оның тәрбиесімен рухани тәрбие мен иршад иелері болған бір топ адамдар жетілді. Олар арқылы Үндістанда және басқа жерлерде дін ілімдері кең таралып, ақида түзетіліп, нәпсілер тәрбиеленіп, дағуат пен ислах жұмыстары жүргізілді. Солардың ең көрнектілерінен: ғұлама шейх Мухаммад Яхя әл-Кәндәһләуи, оның бауыры — ұлы мұсылмандарды тәрбиелеуші шейх Мухаммад Ильяс әл-Кәндәһләуи, сондай-ақ ұлы хадисші шейх Мухаммад Зәкәрия әл-Кәндәһләуи — «Әужәзу әл-Мәсәлик», «Ләмиғу әд-Дәрари» және көптеген танымал еңбектердің авторы, сондай-ақ шейх Ашиқ Иләхи әл-Миртаси және басқалар бар.
Шейх Халил Ахмад әс-Сәһәранфури келбетті, көркем жүзді, орта бойлы, бойы ұзындау, ақшыл түсті, бетінде қызғылт рең басым, денесі арық, терісі жұмсақ, маңдайы жарқын, әрдайым жылы жүзді еді. Сақал-мұрты сиректеу болатын. Тазалық пен ұқыптылықты жақсы көретін, киімі әдемі әрі таза, бірақ ысырап пен жасандылықтан аулақ еді. Сезімі нәзік, түйсігі өткір, ақиқатты ашық айтатын, бірақ дөрекілікке бармайтын. Сүннетке өте берік болып, бидғаттан алыс жүретін. Қонақтарды құрметтеуде ерекше, достарына өте жұмсақ әрі мейірімді болатын. Әр істе тәртіп пен жүйені жақсы көріп, уақытқа ұқыпты қарайтын. Көбіне өзімен-өзі болып, дінге пайдасы бар істермен айналысатын. Саясаттан алшақ болғанымен, мұсылмандардың жағдайына көңіл бөліп, дінге деген қызғаныш пен жанашырлығы күшті еді. Ол жеті рет қажылық жасаған, соңғысы һижри 1344 жылдың шәууәл айында (шамамен 1926 ж.) болған.
Оның еңбектерінен: (Деобанд ғалымдарының сенімін түсіндіру және оларға тағылған айыптарға жауап беру мақсатында жазылған кітап) «әл-Мунәһәд әлә әл-Муфәннәд», «Итмаму ән-ниғам әлә табуиби әл-Хикам», «Митрақату әл-Қарама әлә мираати әл-Имама» және «Һидаяту ар-Рашид илә ифһами әл-Ғанид» (екеуі де имамия шииттеріне жауап ретінде жазылған), сондай-ақ әлемге әйгілі «Бәзлу әл-Мәжһууд фи халл Сунән Әби Дәуд» еңбегі бар.
Ол һижри 1346 жылдың (шамамен 1927 ж.) рабиу әл-Ахир айының 16-күні, сәрсенбі күні, екінті намазынан кейін Мәдинада дүниеден өтті. Оның жаназасы үлкен жамағатпен шығарылып, оған қатысты жақсы түстер де көрінді. Ол «Бақи» қорымына, Әһлу-Бәйт жатқан жердің жанына жерленді.
«Бәзлу әл-Мәжһууд фи халл Сунән Әби Дәуд» кітабы туралы:
«Сунан Әбу Дауд» кітабы — алты негізгі хадис кітаптарының үшіншісі болып саналады. Ол – шариғи үкімдерге қатысты хадистерді қамтыған ең ауқымды еңбектердің бірі. Сондықтан бұл кітапқа һижри үшінші ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін көптеген хадисші ғалымдар тарапынан түсіндірмелер (шархтар) жазылып, оған түсіндірме беруге ерекше көңіл бөлінген. Әрбірі өз ижтиһадына сай түсіндірген.
Алайда, кітаптың барлық қырларын толық қамтитын бірде-бір шарх болмаған. Яғни:
— рауилердің өмірбаянын баяндау;
— төрт мәзһаб имамдарының көзқарастары мен дәлелдерін келтіру;
— хадис шархшыларының пікірлерін салыстырып талқылау;
— кітаптағы күрделі мәселелерді түсіндіру;
— хадистердің дәрежесін анықтап, дұрыс пен қате, артықшылықты пікірді айқындау сияқты барлық бағыттарды түгел қамтыған еңбек болмаған.
Сол себепті һижри он төртінші ғасырда ұлы хадисші, фақиһ, ғалымдардың шейхы болған шейх Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди бұл кітапқа қызмет етіп, оған толыққанды, жан-жақты шарх жазды. Онда кітаптағы күрделі әрі қиын мәселелерді шешіп берген.
Құрметті оқырман бұл шархтың артықшылықтары мен ерекшеліктерін ғұлама Әбу әл-Хасан ән-Нәдәуи және шейхымыз, хадисші ғұлама Мухаммад Юсуф әл-Бәнури (Аллаһ екеуін рақымына алсын) жазған алғы сөздерден көре алады.
Үндістанда бұл кітап бірнеше рет таспа-баспа түрінде жарық көрген еді. Ұстазымыз, имам, ғұлама, ұлық хадисші шейх Мухаммад Зәкәрия әл-Кәндәһләуидің — «Әужәзу әл-Мәсәлик» және басқа да пайдалы еңбектердің авторының — тілегі осы шархты жаңа үлгіде, көркем қалыпта қайта бастырып шығару болды. Бұл оны оқуды және ілім талапкерлерінің одан пайдалануын жеңілдету үшін еді.
Шейхымыз, имам Мухаммад Зәкәрия әл-Кәндәһләуи имам, хадисші Халил Ахмад әс-Сәһаранфуридің ең жақын шәкірттерінің бірі болатын. Сондай-ақ ол осы шархты жазуда оған жәрдемдескен еді. Сондықтан бұл кітапты жаңа басылыммен шығаруға ерекше көңіл бөлді. Кітапты басып шығару ісі Үндістандағы «Нәдуәту әл-Уләма» баспаханасында басталды. Алайда оны тезірек бастырып шығару қажеттілігіне байланысты кітаптың көп бөлігі Каир мен Бейрутта басылды. Кейін кітап фотокөшірме түрінде көбейтіліп, араб әлеміне кеңінен тарады.
Шейхымыз, имам, хадисші шейх Мухаммад Зәкәрия маған осы кітапқа қызмет етуді және оның басылуын қадағалауды тапсырды. Мен оның қасында бір жыл тұрдым. Кейін кітапты бастыру үшін мені тағы бір жылға Каирге жіберді. Осы игі істе кейбір достарымыз да маған жәрдем берді. Алайда кітапты таспа-баспадан жаңа теріммен басуға көшіру барысында қателер мен түсіп қалған жерлер орын алды.
Бұл кітап алғаш рет 1392 һижри, 1972 милади жылы Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінің президенті мәртебелі шейх Халифа бин Заид Әәли Нәһиянның жомарт қолдауымен басылып шықты. Сондай-ақ Әбу Дабидегі шариғи сот төрағасы шейх Ахмад бин Абдул-Азиз Әәли Мубарактың (1409 һижри жылы қайтыс болған) ерекше қамқорлығымен жарық көрді. Аллаһ оны рақымына алсын.
Кітап басылып шыққаннан кейін, мәртебелі шейх Ахмад Әәли Мубарак ондағы баспа қателерін көріп, соған қатты өкінді. Сосын маған бұл кітапқа қайтадан қызмет етуді бұйырып, осы істі тапсырды. Алайда сол уақытта Біріккен Араб Әмірліктері университетінде сабақ берумен айналысып жүргендіктен, бұл міндетті орындай алмадым. Кейін бос уақытым болған кезде осы іске кірістім.
Бұл кітапқа жасаған кейбір жұмыстарымды ұлы ұстазымыз, мәртебелі ғұлама Әбу әл-Хасан Әли әл-Хасани ән-Нәдәуи (1420 һижри жылы қайтыс болған) — Аллаһ оны рақымына алсын — қарауына ұсындым. Ол мені осы іске жігерлендіріп, қолдау білдірді. Соның нәтижесінде мен бұл кітапқа қызмет етуге бар ынтаммен кірісіп, бұл жұмыс бірнеше жылға созылды.
Кейін осы кітапты басып шығару мәселесін Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары мәртебелі шейх Сұлтан бин Заид Әәли Нәһиян — Аллаһ оны сақтасын — алдына ұсындым. Ол кітапты бастыруды бұйырып, осы іске қатысты барлық мүмкіндіктерді жеңілдетіп берді. Аллаһ оны Ислам мен мұсылмандар атынан ең қайырлы сыймен марапаттасын.
Жазған: Шейх Тақиуд-Дин ән-Нәдәуи
Һиджри 1425 жылдың Рамазан айының 25-і, бейсенбі түні
Пайғамбарымыздың ﷺ қаласы — Мәдинада, оған салауат пен сәлем болсын