Рабиғул-Әууәл айы және сүннетті жандандыру.
Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы, муфти Тақи әл-Усманидің (хафизаһуллаһ) 2015 жылдың 20 желтоқсанында Карачи қаласында урду тілінде оқыған жұма дәрісінен үзінді.
Бұл дәрісте көтерілген мәселелер барлығымызға болмаса да, көпшілігімізге қатысты әрі өзекті. Біз осы сұрақтарға шынайы әрі адал жауап бере отырып, өзімізді түзетуге бар күшімізді салып, күнделікті өмірімізде Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетін қайта жандандыруға тырысамыз деп үміттенеміз.
﴾Шүбәсіз, Аллаһ елшісінде сендер үшін әрі Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Аллаһты көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿ («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
…Рабиғул-Әууәл айында біз Аллаһ Елшісінің ﷺ берекелі сира-сын еске алу үшін түрлі жиындар, іс-шаралар мен конференциялар өткіземіз. Алайда баршаңыздан мына сұраққа өз-өздеріңізге жауап берулеріңізді сұраймын: осы іс-шараларға қатысқаннан кейін біз бұрынғыдан да жақсырақ сүннетке ере бастадық па? Өмірімізде қандай да бір өзгеріс байқаймыз ба? Осы ай аяқталғаннан кейін қанша күнәміз бен қателігімізге тәубе етіп, оларды тастадық? Бұрын орындамай жүрген қанша парыз бен уәжіпті орындай бастадық?
Егер осы сұрақтарды өзімізге шынайы түрде қойсақ, жауабымыздың оң болуы екіталай. Өмірімізде ешқандай өзгеріс болмайды. Осы ай келгенге дейін істеп жүрген күнәларымызды одан кейін де жалғастыра береміз. Мысалы, пара алып немесе пара беріп жүрген болсақ, оны бұрынғыдай жалғастырамыз. Намазға немқұрайлы қараған болсақ, әлі де солай қараймыз. Өміріміздің қандай да бір саласында — құлшылықта, жұмыста немесе қоғамдық қарым-қатынаста — сүннетке ермеген болсақ, одан кейін де оған ермей жүре береміз.
Рабиғул-әууәл айында қаншама үлкен іс-шаралар, конференциялар мен мерекелік жиындар өткізгенімізге қарамастан, сүннетке деген осындай қарым-қатынас мұсылмандардың бүкіл әлемде әлсіреуіне себеп болды. Ал сахабалар сүннеттің тағы бір амалын орындауға мүмкіндік туса, қуаныштан төбелері көкке жеткендей болатын. Олар өзге адамдардың не айтатынына мүлде мән бермейтін.
Худайбия келісімі кезінде болған мына оқиға белгілі. Аллаһ Елшісі ﷺ Осман ибн Аффанды (Аллаһ оған разы болсын) Меккедегі мүшріктердің басшыларымен келіссөз жүргізу үшін жіберді. Ол Меккеге келгенде өзінің немере бауырының үйіне түсті. Келіссөзге бара жатқан кезде немере бауыры Османның (Аллаһ оған разы болсын) киімі тобығынан жоғары көтеріліп, балтырының ортасына дейін жетіп тұрғанын көрді.
Ол заманда арабтар арасында киімді осылай жоғары көтеріп кию төмендік әрі ұят саналатын. Керісінше, олар киімдерінің тобықтан төмен түсіп, жерге сүйретіліп жүруін мақтан тұтатын. Сол дәуірдегі бір араб ақыны: «Таңертең сыртқа шыққанымда, төменгі киімім жерге із салып жүреді», — деген.
Сондықтан немере бауыры Османға (Аллаһ оған разы болсын) тым болмаса бір күнге киімін төмен түсіруді ұсынды. Өйткені басқа арабтар оған менсінбей қарап, оның сөзіне мән бермеуі мүмкін еді. Мұны естіген Осман (Аллаһ оған разы болсын) қысқа ғана жауап берді:
«Біздің Пайғамбарымыз ﷺ төменгі киімін осылай киіп жүргенде, мен мұны ешқашан істемеймін».
Яғни: «Адамдар мені құрметтей ме, құрметтемей ме, маған жақсы қарай ма, жаман қарай ма — оған қарамастан, мен бұл сүннетті тастамаймын», — дегені еді.
Аллаһ Елшісінің ﷺ сүннетін осылай құрметтеп, жақсы көргендіктерінің арқасында сахабалар бүкіл әлемнің құрметіне ие болды. Өкінішке қарай, бүгінде біз мұсылман емес адамдардың немесе билік иелерінің келемеждеуінен қорқып, Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетіне еруге ұяламыз. Соның салдарынан бүгінде бүкіл әлемде бізді келемеждеп, қорлайды. Әлемнің қай түкпіріне қарасаңыз да, біз езгі мен қорлық көрудеміз. Мұның себебі — Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетін тастап қоюымыз.
«Келемежден қорыққан сайын, сені келемеждей береді», — деген.
Сүннетпен өмір сүргенің үшін адамдардың келемеждеуінен қорқа берсең, олар сені келемеждей береді. Ал егер жүректеріңде сүннетке деген сүйіспеншілік пен құрметті қайта жандандырып, адамдардың келемежіне мән берместен өмірлеріңде сүннетке еретін болсаңдар, бір күні сендер оларға күлетін боласыңдар.
﴾«Қалай, кәпірлер дүниедегі істерінің қарымтасын толық алды ма?!»﴿ («Мутаффифин» сүресі, 34–36-аяттар).
Егер жүрегіңізде сүннетке деген сүйіспеншілік болса, адамдардың келемеждеуі мен мазағы сізді алаңдатпайды. Егер сүннетке деген құрметті өз бойымызда қайта жандандырсақ, өзгелердің алдында да құрметке ие боламыз.
Осы ай бойы күн сайын түрлі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бірақ амалдарымыздан ешқандай өзгеріс көрмейміз. Бұл — өте қайғылы жағдай әрі алаңдауға тұрарлық мәселе. Осы іс-шаралар бізге Аллаһ Елшісінің ﷺ сүннеті мен тәлімін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де ұстануға көмектессе ғой.
Біз оны ﷺ жақсы көретінімізді көп айтамыз. Бірақ оның сүннетіне ермесек, бұл сөзіміз шындыққа жанаспайды. Егер адам біреуді шынайы жақсы көрсе, оның өміріндегі әрбір қасиетін, әрбір іс-әрекетін жақсы көреді әрі оның дұрыстығы мен қажеттілігіне күмән келтірмейді.
Алайда бүгінде біздің алдымызда шариғаттың қандай да бір үкімі айтылса, бірден оған күмән келтіріп:
«Неге мына нәрсеге тыйым салынған?», «Неге мына нәрсе міндетті?» — деп сұрай бастаймыз.
Егер адам біреуді шынайы жақсы көрсе, сүйікті адамының жасаған ісіне күмән келтірмейді. Керісінше: «Мен жақсы көретін адам осылай істеген екен, демек мен де осылай істеймін», — дейді.
Сондықтан Аллаһ Елшісін ﷺ жақсы көреміз деген сөзіміз жалған болып қалмай ма деп қорқамын. Өйткені біз оның тәлімін қабылдамаймыз әрі сүннетіне ермейміз.
Дәрісімді бастаған Құран аятында Аллаһу Тағала:
﴾Шүбәсіз, Аллаһ елшісінде сендер үшін әрі Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Аллаһты көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿, — дейді.
Аллаһу Тағала бізге жаратылыстарының ең абзалы болған осы кісіні кемел үлгі ретінде жібергенін білдіреді. Ендеше оған қарап, оған ұқсауға тырысыңдар: сенімде (ақидада), құлшылықта (ғибадатта), қаржылық қарым-қатынастарда (муғамалатта), қоғамдық қатынастарда, сондай-ақ ішкі мінез-құлық пен рухани тәрбиеде (ахлақ пен тазкияда).
Ол ﷺ — өміріміздің барлық саласында біз үшін үлгі. Егер әке болсаңыз — ол ﷺ секілді әке болыңыз. Егер күйеу болсаңыз — ол ﷺ секілді күйеу болыңыз. Егер басшы болсаңыз — ол ﷺ секілді басшы болыңыз. Егер ұстаз болсаңыз — ол ﷺ секілді ұстаз болыңыз. Осылайша өмірдің барлық саласында оны ﷺ үлгі тұтыңыз.
Сондықтан Аллаһ Елшісі ﷺ дүниеге келген осы айда ең болмаса сүннетке бұрынғыдан да жақсырақ еруге және осы уақытқа дейін орындамай жүрген сүннет амалдарды орындауға шешім қабылдауымыз керек.
Сүннеттегі мұндай амалдар өте жеңіл әрі жағымды. Оларды өмірде орындау қиын емес. Керісінше, олар өмірімізді әлдеқайда көркем етеді. Мешітке немесе үйге оң аяқпен кірудің, ал мешіттен сол аяқпен шығып:
«Аллаһумма инни әсәлукә мин фадлик»
(Уа, Аллаһ! Расында, Сенен кеңшілігіңді сұраймын), — деп дұға етудің еш қиындығы жоқ.
Сол сияқты тамақты оң қолмен жеу, Аллаһтың атымен бастау және тамақтан кейін дұға оқу да қиын емес. Бірақ біз немқұрайлылығымыздың кесірінен осы амалдарға мән бермейміз.
Сол секілді достармен кездескенде жүзімізге күлкі үйіріп қарсы алу да — сүннет. Мұны жай ғана әдептілік үшін емес, сүннетке еру ниетімен жасау керек.
Сүннетке еру үшін алдымен оны үйрену қажет. Адамның сүннетке сай қалай тұрып, қалай жататынын, қалай ішіп-жейтінін, қалай кіріп-шығатынын, балаларымен және ата-анасымен қалай қарым-қатынас жасайтынын, кәсібін қалай жүргізетінін және басқа да күнделікті істерін баяндайтын еңбектерді тауып, оқыңыздар.
Егер осылай жасасақ, Рабиғул-әууәл айы біз үшін шын мәнінде пайдалы айға айналады.
Аллаһу Тағала Өзінің мейірімі мен рақымымен бізге сүннетті толықтай ұстануды нәсіп етіп, өмірімізді оның нұрымен нұрландырсын.
Соңғы дұғамыз: барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән. Әмин.
Сілтеме: https://azan.ru/maqalat/read/o-mesyatse-rabiul-avval-i-ozhivlenii-sunnyi-muftiy-taki-usmani-8943