«Ақиқатында, мына дүние лағынеттелген және ондағы барлық нәрсе лағынеттелген...»
Хазіретті Әбу Һурайрадан Аллаһ Елшісінің ﷺ былай дегені риуаят етіледі: «Ақиқатында, дүние лағынеттелген, ондағы нәрселер де лағынеттелген. Бірақ Аллаһты еске алу (зікір), Онымен байланысты істер және ғалым мен білім ізденушіден басқа». Хадисті әт-Тирмизи және Ибн Маджа риуаят еткен.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5176) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Ақиқатында, мына дүние лағынеттелген) яғни, Аллаһтан алыстаған, (ондағы нәрселер де лағынеттелген) яғни, Аллаһтан алаңдатып, Оны еске алуға бөгет жасайтын дүниедегі нәрселердің барлығы лағынеттелген, (Бірақ Аллаһты еске алу (зікір), Онымен байланысты істер) яғни, Аллаһ жақсы көретін барлық ізгі амалдар мен жақсылықтар, немесе мағынасы: Аллаһты еске алумен байланысты, оған жақын амалдар — мысалы, жақсы сөз, Аллаһтың бұйрықтарына бағыну, тыйымдарынан аулақ болу. Себебі Аллаһты еске алу осы нәрселерге себеп болады. Әл-Мазһар айтты: «Аллаһ дүниедегі не нәрсені жақсы көрсе — соның бәрі бұған жатады... Мұнда сол мағына меңзелген: дүние мен ондағы нәрселер — Аллаһты еске алу және Аллаһ жақсы көретін істерден басқасы — бәрі лағынеттелген». Әл-Әшраф айтты: «(Онымен байланысты істер) — бұл ілесу. Мұнда «ілесу» дегенде — Аллаһқа бойсұну, бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан тыйылу десе болады»; (және ғалым мен білім ізденушіден басқа»).
Әт-Тыйби, Аллаһ оны рахым етсін, былай деді: «... : «Бұл хадис «Джәмиғу әт-Тирмизи» кітабында: «Бірақ Аллаһты еске алу (зікір), Онымен байланысты істер және ғалым мен білім ізденушіден басқа»», - деген секілді»...
«Мухтасар әл-Ихя» кітабында: «Дүние — екі дәреженің ең төмені, сондықтан да ол «дүние» (ең төмені, құны жоқ) деп аталған. Ол ақыретке апаратын өткел. Бесік (яғни дүниеге келудегі ең алғашқы кезең) — алғашқы еңістік, бейіт (қабір) — екінші еңістік (яғни соңғы тоқтау). Екеуінің арасында қашықтық бар — ол көпір іспетті. Осы дүниелік нысандардан үлесі бар адам оларды түзеуге, жақсартуға күш салуы керек. Мұндағы “нысандар” дегеніміз — жер және ондағы өсімдіктер, жануарлар мен пайдалы қазбалар.
«Үлесі бар» дегеніміз — адамның соларға деген махаббаты. Бұл махаббатқа рия, кек секілді ішкі рухани апаттар да кіреді.
«Оларды түзеуге, жақсартуға күш салуы керек» — ол дүниені өз пайдасы немесе біреудің пайдасы үшін, дүниелік немесе ақыреттік мақсатпен қолдану. Бұған кәсіп, өнер және өндіріс те кіреді.
Егер дүниенің ақиқатын ұқсаң — «сен үшін дүние дегеніміз» дегеніміз — адам осы өмірде тез рахат пен ләззат алуға ұмтылатын нәрселер (яғни, ғибадат үшін емес, ләззат алу үшін істелетін дүниелік істер). Міне, осы жағы — айыпталған.
Ал ғибадат үшін қолданылатын нәрселер — дүние болып есептелмейді. Мысалы, ғибадат ету үшін нан жеу (яғни, ғибадат үшін жасалған дүниелік істер айып емес). Осыған байланысты «дүние — ақыреттің егіс алқабы» деген сөз айтылған. Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ: «Дүние — лағынеттелген, одан тек Аллаһ үшін болғандар ғана тыс» — деген.
Ибн Аббас, оған Алла разы болсын, айтты: «Аллаһу Тағала дүниені үшке бөлді: бір бөлігін мүмінге, бір бөлігін екіжүздіге, бір бөлігін кәпірге.
— Мүмін – азықтанады,
— Екіжүзді – сәнденеді,
— Кәпір – рақаттанады».
Әт-Тыйби, Аллаһ оны рахым етсін, айтты: «Шариғи жағынан алғанда, хадисте: «Онымен байланысты істер» деген сөзбен шектелсе де жеткілікті болар еді. Себебі бұл сөздің құрамына барлық ізгілік, артықшылық және шариғатта құпталатын жақсы істер кіреді.
Бірақ хадисте одан кейін «ғалым мен білім ізденуші» деп жеке атап өтілуі — бұл жалпыдан кейін арнайы атау тәсілімен ілімнің артықшылығын айрықша білдіреді. Мұнда «жалпылаудан кейін нақтылап айту» тәсілі қолданылған.
Сондай-ақ «ғалым мен білім ізденуші» деп бөлек атау — бұл екеуінің дәрежесін ерекше көрсету үшін. Өйткені жай «Онымен байланысты істер» тіркесінде ғалым мен шәкірт меңзеліп тұрса да, ол тек жанама жолмен ғана ұғынылады. Ал «ғалым мен білім ізденуші» деп тікелей атап өту — бұл мағынаға айқындық береді.
Бұл арқылы хадис: ғалым мен шәкірттен өзге адамдар — бейғам тобыр екенін меңзейді. Сондай-ақ хадистегі «ғалым» мен «шәкірт» деген сөздер — Аллаһты танитын, ілім мен амал қатар жүрген адамдарға қатысты екенін көрсетеді. Бұған қарама-қарсы: надан, білгенімен амал етпейтін ғалым, дінге қатысы жоқ, бос ғылыммен айналысатын адам — бұлар бұл мадаққа кірмейді.
Хадисте сонымен қатар: Аллаһты еске алу — барлық құлшылықтың бастауы, барлық бақыттың қайнары екені айтылып отыр.
Тіпті Аллаһты еске алу — дене үшін өмір, адам үшін жан сияқты. Адам өмірсіз бола ала ма? Жансыз өмірдің мәні бола ма?
Қаласаңыз, былай деп те айтуға болады: дүниенің өмір сүруі де, аспан мен жердің тұруы да — Аллаһты еске алуға байланысты.
Имам Муслимнің хадис жинағында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Қиямет күні Аллаһ, Аллаһ деп айтатын ешкім қалмаған кезде орнайды» — деді.
Сонымен, бұл хадис — Пайғамбарымызға ﷺ тән ерекше даналық пен терең мағынаға толы қысқа сөздердің көрінісі. Өйткені бұл хадис: тікелей мағынасы арқылы — барлық көркем мінездерді қамтиды, жанама мағынасы арқылы — бүкіл жаман мінез-құлықтарды теріске шығарады. (Хадисті әт-Тирмизи) яғни: «Хадис хасан» деді (және Ибн Маджа риуаят еткен)...