Аллаһ жолында аяғына шаң жұққан адам туралы.
﴾Мәдина халқының және айналасындағы бәдәуилердің Аллаһ елшісіне қайшы келіп, оған ермеуі және оған тиісінше көңіл аудармай қара бастарының ғана қамын күйттеуі орынсыз. Иә, солай, өйткені олардың Аллаһ жолында (пайғамбармен бірге) жүріп бастарына түскен шөл, шаршап-шалдығу, аштық сынды әрбір ауыртпалық үшін, сондай-ақ кәпірлердің шамына тиетіндей бір жерге (хақ дінді жаю үшін) аяқ басу және дұшпанды ойсырата жеңу сынды әрбір (нәтижелі) іс үшін, оларға міндетті түрде сауап жазылады. Өйткені Аллаһ игілікті істер атқаруға жаны құмар ізгі жандардың (маңдай терімен тапқан) сауабын зая етпейді﴿ [«Тәубе» сүресі, 119–120-аяттар.]
Абдур-Рахман ибн Джәбр, Аллаһ Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізді:
«Аллаһ жолында екі аяғына шаң жұққан құлға тозақ оты тимейді».
Имам Ануар Шаһ әл-Кәшмири әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Файду әл-Бәрри әлә Сахих әл-Бухари» кітабында (2811-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Имам Бухари «Аллаһ жолында» деген сөзді жиһад мағынасында түсінген. Сол сияқты Әбу Юсуф пен Мухаммад та «Зекет бабында» бұл сөзді жорықта қаражатсыз қалған жауынгерлерге қатысты түсіндірген.
Меніңше, бұл тіркес игіліктің барлық жолын қамтиды. Бұған әт-Тирмизидің «Аллаһ жолында аяғына шаң жұққан адам туралы» бабында Язид ибн Әбу Мәриямнан жеткізген риуаяты дәлел. Язид былай дейді: «Жұма намазына жаяу бара жатқанымда, Абая ибн Рифаа ибн Рафиғ маған жетіп келіп: “Сүйінші! Осы басқан қадамдарың Аллаһ жолында. Әбу Ғиш Аллаһ Елшісінің ﷺ ‘Кімнің екі аяғына Аллаһ жолында шаң жұқса, тозақ отына оның екі аяғын күйдіру харам болады’ дегенін жеткізгенін естідім”, — деді».
Осыдан аталған екі сахабаның бұл сөзді жалпы мағынада түсінгені анық көрінеді. Сондықтан олар оны жұма намазына жаяу баруға да қатысты қолданған. Әт-Тирмизи бұл хадисті «Жиһад» бөлімінде келтіргендіктен, ол да жинақ авторы сияқты тіркесті жиһад мағынасында түсінгендей көрінуі мүмкін.
Демек, “Аллаһ жолында” сөзі жалпы және арнайы (яғни, тек жиһадқа қатысты) мағынада қолданылады. Мұндай хадисте оның жалпы мағынасы орындырақ. Имам Бухари бұл тіркестің қалыптасқан қолданыста көбіне жиһадты білдіретінін ескерген болуы мүмкін.
Айтылуынша, Йылдырым Баязид хан жетпіс екі жорық жасапты. Бәрі де Еуропаға бағытталған екен. Ол барлық жорықта бір шапанын ауыстырмай киіп, әр жорықтан соң шапанына қонған шаңды бір қобдишаға жинап жүріпті. Ажалы таяғанда, сол қобдишаны өзімен бірге қабіріне қоюды өсиет етіпті.