October 18, 2024

Уаһабилер Осман халифатын күпірлікте айыптамайтын кез келген адам кәпір деп жариялауы

Шейх Абдулла ибн Абдул-Латифке¹ екі түрлі көзқарастағы адам жайлы сұрақ қойылды.

Біріншісі — Осман халифатын күпірлікпен айыптамайтын, оның халқын мұсылмандар деп санайтын, ел билігін Осман әулетінің қолында болуы дұрыс деп білетін және сол халифатпен бірге жауға қарсы соғысу — әрбір мұсылман үшін міндет деп есептейтін адам.

Ал екіншісі — осы көзқараспен келіспейтін, Осман халифатын кәпір емес, бүлікші (бұғат) деп санайтын және оларға қарсы кәпір ретінде емес, бүлікші ретінде әрекет ету керек дейтін, сондай-ақ (Осман халифатына қарсы соғыспаған араб даласындағы) бәдәуилерден алынған олжаларды заңсыз (харам) деп есептейтін адам.

Жауап:

[Осман халифатын] күпірлікте айыптамайтын, әрі олар мен мұсылман бұғат (бүлікшілер) арасындағы айырмашылықты аңғармайтын адам – «лә иләһа иллАллаһ» сөзінің мағынасын түсінбеген адам болып саналады.

Ал егер ол [Осман халифаты] мұсылмандар екеніне нақты сенсе, бұл – одан да ауыр әрі қауіпті жағдай. Өйткені бұл – Аллаһ Тағала кәпір және серік қосушы деп атаған адамдарға күмәнмен қарау, яғни олардың күпірлігін жоққа шығару.

Кімде-кім оларды [яғни, Осман халифатын] мұсылман деп санап, оларға қандай да бір түрде қолдау көрсетсе, ондай адам ашық түрде діннен шыққан болып есептеледі.

Дереккөз: «Әд-Дурару әс-сәния фи әл-әджуибат ән-Нәждия»², 10/429.

¹Абдуллаһ ибн Абдул-Латиф Әш-Шейх [1848 - 1921] - Ибн Абдул-Уаһабтың тұқымынан шыққан Нәдж дағуатының жұлдызы, Абдул-Латиф ибн Абду-р-Рахманның ұлы, Абду-р-Рахман ибн Хасанның немересі және уаһабия ағымының негізін қалаушы Мухаммад ибн Абдул-Уаһабтың шөбересі.

²16 томдық «әд-Дурару әс-сәния фи әл-әджуибат ән-Нәждия» - бұл қазіргі тәкфиризм мен хариджизмнің негізін қалаған Нәдж уағызшыларының шығармаларының толық жинағы. Бұрынғы және қазіргі кездегі әр түрлі бағыттағы және формадағы тәкфирлік жамағаттар осы кітаптарды оқып өсті. Тура жолдан ауытқып кеткен барлық такфиристік жамағаттар, бұл уаһабилік кітаптар мен сол кітаптарды түсіндірген Нәдждік түсіндірмелердің нәтижесі. Бұл кітаптарда өткен ізгі сәләфтардың жолына қайшылықтар мен ауытқулар бар, бұл ауытқулар мұсылман тәкфиристерінің надан уағызшыларының арасында кең таралып, үлкен апатқа алып келді. Нәтижесінде адамдар өз ата-аналарын, отбасыларын, шейхтарын, қоғамын, рулары мен халықтарын діннен шығарып, күпірлікте айыптады, олардың алдын өмір сүрген уаһабилер мұсылмандарды, жалпы исламдық қауымды, халифат пен ғалымдарды күпірлікте айыптағаны секілді.