December 22

Ибн Таймияның зиярат мәселесіндегі көзқарасының қателігі.

Ғұлама Абдул-Хай әл-Ләкнәуи әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Ибарзу әл-ғайи әл-уәқиғи фи шифа ләғайи» кітапшасында «Пайғамбардың ﷺ қабірін зират ету» мәселесінде айтты:

«Мен айтамын: Хайырлы жаратылғанды (яғни, Пайғамбарымызды) ﷺ зиярат ету мәселесінде Ибн Таймияның айтқандары — ғылыми тұрғыдан шектен шыққан теріс пікірлердің бірі. Өйткені ол Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат ету үшін сапарға шығуды харам деп есептейді, оны күнә сапарға жатқызады. Тіпті Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат етудің өзін де харам деп санап, оны жасауға болмайтын, шариғатта негізі жоқ әрі тыйым салынған амал деп есептейді. Сондай-ақ, осы зияратқа ынталандыратын хадистердің барлығына дерлік, тіпті кейбірінің мағынасы жақсы болғанына қарамастан, «жалған» деп үкім шығарды.

Ант етейін, Ибн Таймияның білімі ақылынан көп, ал қарастыруы (назары) түсінігінен кең болды. Дегенмен, осы мәселе жөніндегі сөздері себепті өз дәуірінің ғалымдары оған қатаң түрде наразылық білдіріп, оған тағзир жазасын қолдануды міндеттеді. Бұл һиджри жеті жүз жиырма алтыншы жылдың Шағбан айында болды. Сол себепті ол қамалға қамауға алынды да, һиджри жеті жүз жиырма сегізінші жылдың зул-Қағда айына дейін сонда қалды. Кейін бұл дүниеден бақи дүниеге — жәннат қақпаларына қарай көшті. Мұның бәрін хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани «әд-Дурар әл-камина фи айан әл-миа әс-самина» атты еңбегінде кеңінен баяндаған. Аллаһ оған кең рақым етсін. Өзі жақсы адам еді, тек одан жеткен кейбір өрескел мәселелер мен тұжырымдар болмағанда.

Қысқасы, оның (Пайғамбырымыздың ﷺ қабірін) зияратқа тыйым салуға қатысты айтқандары — тек Ибн Таймияға шектен тыс берілгендерден басқа, зерттеуші ғалымдар қабылдайтын сөздерден емес. Бұл пікірлер сау ақыл иелерінің қалыпты ғылыми пайымынан тыс. Осы тақырыпқа қатысты көптеген мәселелерді мен өзімнің: «әл-Кәләм әл-мубрам фи нақди әл-қаули әл-мухкам», «әл-Кәләм әл-мәбрур фи радди әл-қаули әл-мансур» және «Әс-Сағй әл-мәшкур фи радди әл-мазһаб әл-мәғсур» атты рисалаларымда кеңінен баяндадым. Бұл еңбектерімді қажылық жасап, бірақ Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат етпеген және ислам дәуірлерінде қалыптасқан оның қабірін зиярат ету дәстүрін бүкіл үмметке харам еткен кейбіреулердің рисалаларына жауап ретінде жаздым.

Шағым — Аллаһқа, жалбарыну да, пана тілеу де — Оған. Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат етуге тыйым салатын мұндай ұстанымдардан Ұлық Иеден қорқатындардың терісі тітіркеніп кетеді. Зиярат мәселесі сөз болған соң, «Итхаф ан-нубәлә» еңбегінің авторының «Рихлат ас-садиқ ила әл-бәйт әл-ғатиқ» атты рисаласында Ибн Таймия мен оның шәкірттеріне еріп, кейбір қысқа әрі үстірт сөздерге жол бергенін де атап өткен орынды. Ал бұл жайдың егжей-тегжейлі талдауы жоғарыда аталған рисалаларда толық аяқталған».